Археологтар Грузияда ежелгі адамның жақ сүйегін тапты.

Құнды жәдігер Тбилиси қаласынан 100 шақырымдай жерде орналасқан Орозмани ауылында қазба жұмыстарын жүргізу кезінде анықталды. Бұл жер Еуропа мен Азия аумағында өмір сүрген адамдардың ең көне мекендерінің бірі саналады. Қазба жұмыстарына қазақстандық мамандар да тартылған.

2022 жылы ежелгі еуразиялықтың тісі табылған Орозмани ауылында археологтар тағы бір сенсациялық олжаға кенелді. Мамандар шамамен 1 миллион 800 мың жыл бұрын өмір сүрген Homo erectus, яғни гоминид тұқымына жататын адамның жақ сүйегін тапты. Өткен ғасырдың соңында осы жерге жақын орналасқан Дманиси қалашығында ежелгі еуропалықтардың сүйектерінің қалдықтары шыққан еді. Жаңа жәдігер ежелгі адамдардың Африкадан Кавказға қоныс аударғандығы туралы теорияны растайды.

Гиоргий Бидзинашвили, археолог:

- Бұл олжа арқылы гоминидтердің алғашқы легінің Оңтүстік Кавказға қоныстанғанын біле аламыз. Ол Еуразиядағы гоминидтердің ең көне өкілдері туралы тың деректер береді. Олардың қалай әрі қандай жағдайда өмір сүргенін және бүкіл әлемге қалай таралғанын анықтауға мүмкіндік бар.

Археологтар Орозманидегі қазба жұмыстарын араға 3 жыл салып барып қайта бастаған еді. Осы маусымда жұмыс тез нәтиже берді. Ежелгі гоминидтің қалдықтарын Грузиядағы халықаралық экспедицияға қатысқан жиырма жасар америкалық студент тапты.

Джульетте Зунига, американдық студент:

- Мен алғашында қатты қуандым. Оны бірден гоминидтің жақ сүйегі деп ойладым. Бірақ қаншалықты маңызды олжа екенін түсінбедім. Әріптестерімді шақырып, бәріміз біраз сене алмай таңырқап қалдық. Қазір қуанышымызда шек жоқ.

Гүлнұр Мұратова, Назарбаев Университетінің студенті:

- Бастапқыда оның гоминидтің жағы деп ойламадым. Жануардікі шығар дедім. Кейін күмәніміз сейілгенде өткен тарих пен қазіргі уақыт арасындағы байланысты сезіндім. Өте қуаныштымын.

Ежелгі еуразиялықтың жақ сүйегі Тбилисидегі грузин ұлттық мұражайына табысталады. Орозманидегі қазба жұмыстары қыркүйекке дейін жалғасады. Археологтар алда тағы құнды олжалар табуға үмітті.

Ғалымжан Қараманұлы, Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили