Қазақстанда екінші және үшінші АЭС-ті Қытай салады. Бұл туралы премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мәлімдеді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Шенеуніктің айтуынша, нысандардың құны туралы айтуға әлі ерте.

"Станцияның құны техникалық-экономикалық негіздеме, жобалық-сметалық құжаттама дайын болғанда анықталады. Қазір айтуға ерте. Үкіметаралық келісім, ынтымақтастық бойынша барлық мәселе келісу сатысында тұр, кейін Парламентте ратификациядан өтеді", – деді Скляр Үкіметтегі баспасөз конференциясында.

Журналистер Роман Склярдан үшінші АЭС-ті кім салатынын сұрады.

"Үшінші станцияны да (екіншісі сияқты – еск.) Қытай салады. Қазір бұл мәселе тиісті агенттік тарапынан қарастырылып жатыр", – деді ол.

Қазақстандағы АЭС құрылысы

2025 жылы ақпанда Қазақстанда АЭС салынатын орын ресми түрде бекітілді. Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойған қаулыға сәйкес Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылы алғашқы АЭС салынатын орын болып белгіленді.

Кейінірек ресейлік "Росатом" компаниясы Қазақстандағы алғашқы АЭС-тің құрылысын жүргізетін халықаралық консорциумның көшбасшысы болып таңдалды.

Қазақстан мен Ресей АЭС құрылысы жөнінде жол картасына қол қойды.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Logotype Massaget