Осы күндері Батыс Қазақстан облысында күздік бидай мен арпа орағы басталды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Берік Сейітқазиевтің айтуынша, әзірге егін шығымы жақсы, диқандар гектарына 30 центнерден өнім алып жатыр.

Ақжайық диқандары биыл облыста барлығы 633 мың гектар алқапқа егін еккен. Соның ішінде дәнді дақылдар – 296,8 мың гектар. Оның 91,5 мың гектары – күздік дақыл болса, 121 мың гектары – майлы дақылдар. Ал картоп, көкөніс-бақша дақылдары – 4,2 мың, мал азығы 211 мың гектар жерді құрап жатыр. «2025 жылғы жоспарымыз бо­йынша облыста барлық ауыл шаруашылығы дақылының егіс алқабы 612,7 мың гектар болуы тиіс еді. Нәтижесінде, одан да көбірек болды», дейді Берік Маратұлы.

Басқарма ұсынған мәліметке қарағанда, өнім көлемі жаман емес. Бұдан бөлек, шаруалар ерте пісетін көкөністі де жинауға кірісті. Жалпы, өңірдегі егіннің жағдайы «жақсы» мен «қанағаттанарлық» бағаның арасында. Өнім мөлшері көп­жылдық орташа мәннен кем болмайды деген болжам бар.

Күзгі дала жұмысын жүргізу үшін шаруаларға 11,8 мың тонна арзан дизель жанармай бөлінген. Оның 3,08 мың тоннасы – шілде айында, 3,92 мың тоннасы – тамызда, 4,3 мың тоннасы – қыркүйекте, қалған 0,52 мың тонна дизель отыны қазан туа шаруаларға беріледі.

Берік Маратұлы күзгі дала жұмыстарына техника толық дайын деп отыр. Бұған 5 312 трак­тор, 911 комбайн, 3 711 тір­кеме және өзге де техника қатыспақ. Отандық зауыттардан және тыңайтқыш сатушылардан барлығы 4,5 мың тонна тыңайтқыш сатып алынған. Облыстағы арнайы лицензиясы бар 8 астық қабылдау кәсіпорны 586 мың тонна өнімді қабылдап, сақтай алады.

Диқан қауымын жауапты маусым қарсаңында облыс әкімдігі де барынша қолдап отыр. Биыл өсімдік шаруашы­лы­ғын субсидиялау мен қызмет көрсетуге жергілікті бюджеттен 2,6 млрд теңге бөлініп, соның 595 млн теңгесі игерілген екен.

«Бұдан бөлек, көктемгі дала жұмыстарына және егін орағын несиелеуге облысқа 21,4 млрд теңге бөлінді. Соның ішінде «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы – 18,4 млрд теңге, «Aqjaiyq» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» арқылы 3 млрд теңге түсті. Бүгінде шаруаларға 5 пайыздық өсіммен 9,2 млрд теңге несие берілді. Сонымен қатар 1,3 млрд теңгеге жуық несиенің өтінімі қаралып жатыр», дейді Берік Сейітқазиев.

Батыс Қазақстан облысы