Биыл мектеп бітіруші түлектерге 77 мың мемлекеттік грант бөлінді .

Бірақ бұл – барлық талапкер тегін білім алады дегенді білдірмейді. Себебі бәсеке жоғары, ал кейбірі балл жеткілікті болса да, гранттан тыс қалып жатады. Мұның себебі неде?

Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі жоғары болған сайын, грантқа түсу мүмкіндігі арта түседі деген түсінік қалыптасқан. Алайда кейінгі жылдары керісінше жағдайлар жиілеп барады, аз баллмен грант ұтып алғандар бар да, көп баллмен далада қалғандар бар. «Мұның себебі таңдаудағы қателік», — дейді мамандар.

Толқын Измахан, профориентолог:

-Оқушылардың арасында көп кездесетін қателік бір мамандықты қайталап, жалпы конкурспен 4 рет жазып қою. Мысалы, информатика, математика таңдау пәндерінде ақпараттық технологиялар мамандығын оқушылар бірінші СДУ университетіне жалпы конкурспен бір рет жазатын болса, қалған университеттерге де үшеуіне қайталап тура осылай ақпараттық технологияларды үш рет жазып қоюы мүмкін. Бұл жерде бала бірінші мүмкіндікте грант жеңе алмайтын болса, қалған үшеуі автоматты түрде күйіп кететін болады.

Иә, дұрыс таңдау жасап, аз баллмен де грант ұтуға болады. Ауылдық квота, әкім гранты немесе «Серпін» сынды бағдарламалар – шекті баллдан асқан түлектер үшін керемет мүмкіндік. Ал мұндай жобаларды білмейтіндерге профориентолог мамандар кеңес береді.

Балқожа Әбибулла, студент:

- 11 сыныпты бітіргеннен кейін Ұлттық біріңғай тестілеу тапсырған болатынмын. ҰБТ-дан 83 балл алып, грантқа түсе алмай қалам ба деген қобалжу болды. Бірақ кейін профориентологтардың көмегіне жүгіне келе, жақсы кеңес алып, грантқа түстім. Қазіргі таңда жерге орналастыру мамандығымен грантқа түсіп, оқуымды жалғастырудамын.

Тесттен жоғары балл алып, грантқа түсе алмай қалған түлектер үшін сараланған гранттар қарастырылған. Жоба осымен 2 жыл қатарынан пилоттық негізде жүзеге асып келеді. Қолдаудың бұл түрінде оқу ақысының шамамен 500 мың теңгесі мемлекет тарапынан қаржыландырылады.

Жанна Есінбаева, ҚР ҒЖБМ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төраға орынбасары:

- Сараланған гранттың ерекшелігі онда да стипендия сақталған, яғни стандартты гранттағыдай стипендияны алады. Жалпы біз бұны мүмкіндік деп қарастыруымыз қажет. Биыл сараланған гранттың конкурсы бөлек өтеді. Яғни бірінші негізгі конкурстың нәтижесін 10 тамызға дейін жариялауды жоспарлап отырмыз. Бұл тізімде сараланған грант болмайды. 59 Биыл да 300 грант. 150 грант педогогикалық мамандықтарға және 150 грант әлеуметтік ғылымдарға беріліп отыр.

Демек, грантқа түсу тек баллға емес, дұрыс таңдау жасауға байланысты. Мамандар кеңесіне жүгініп, мамандық пен жоғары оқу орнын жүйелі жоспарлаған түлек ұтады. Аз баллмен де мақсатқа жетуге болады. Бастысы, мүмкіндікті дұрыс пайдалану керек.

Сержан Айтжан, Мадияр Қындыбаев, Марат Диқанбаев