Астанада Молдова мемлекетінің елшілігі ашылады. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мәлімдеді. Ол бүгін Кишинёвтен келген әріптесі Михай Попшоймен кездесіп, келіссөз жүргізді. Тараптар саяси байланыспен қатар саудадағы серіктестікті де талқылады.
Қазақстан Молдова үшін Орталық Азия мен Қытай нарығына жол ашатын қақпа болуға дайын. Өз кезегінде Шығыс Еуропадағы әріптестер де достыққа дем беруге дәмелі. Мұны елге ресми сапармен келген Молдова Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Михай Попшой растап, байланыс беки түсетініне сенім білдірді.
Айта кетейік, екі елдің тауар айналымы биыл 75% көтеріліп, 66 млн долларға жетті.
Мұрат Нұртілеу, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі:
- Бизнес топтардың кооперациясын ырықтандыруға, сондай-ақ үкіметаралық комиссияның кезекті отырысын және Қазақстан-Молдова іскерлік кеңесінің бірінші басқосуын өткізуге сөз байластық. Сонымен қатар инвестиция, көлік-логистика, энергетика, жаңа технология және ауыл шаруашылығы саласында нақты бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз. Әріптесімді Транскаспий халықаралық көлік бағытының мүмкіндіктерін пайдалануға шақырдым.
Михай Попшой, Молдова Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі:
- Біз сауданы дамытып, инвестицияларды қорғауға және өзара экономикалық өсімге қолайлы ахуал жасайтын екіжақты құжаттарға қол қою туралы келісімге келдік. Біз екі елдің іскер тобы жаңа жобаларды жоспарлап, сауда мен инвестиция бағытындағы байланысты кеңейтуге белсенді қатысып жатқанын қуанышпен атап өтеміз. Бұл бастамаларды қолдаймыз, ал елшіліктер осы бағытта тұрақты көмек көрсетуі тиіс.