Әзербайжанның бас шаһа-ры Бакуде ұйымдастырылған UFC турнирінің бастапқы кардтарының бірінде аса жеңіл салмақтағы Азат Мақсұм ресейлік Тагир Ұланбековпен күш сынасты. Бұл бәсекеде біздің спортшы басым болғанына қарамастан, төрешілер даңқты Хабиб Нұрмағомедовтің қол астында жаттығатын Дағыс танның тумасын жеңімпаз деп таныды. Жарыста Қордайда туып-өсіп, кейіннен Қырғызстанға, одан кейін өзінің тарихи отаны Әзербайжанға қоныс аударған Рафаэль Физиев чилилік Игнасио Бехамондестен ұпай санымен басым түсті.
- Вьетнамда аяқталған жастар арасындағы Азия чемпионатында еліміздің балуандары табысты өнер көрсетті. Грек-рим күресінен өткен жарыстың жалпыкомандалық есебінде жерлестеріміз көш бастаса, еркін күрес шеберлері Үндістаннан қалып қойып, екінші орынды иеленді. Әйелдер құрамасы доданы үшінші орынмен қорытындылады. Бұл бәсекеде үнді, моңғол қыздары алдымызды орап кетті.
- Софияда өткен жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінде Ақмарал Ерекешева үш рет жеңіс тұғырына көтерілді. Ол «доп» пен «таспа» жаттығуларында алтыннан алқа тақса, «ұршықта» күміс медальды мойнына ілді.
- Ташкентте өткен Геннадий Арзумановтың мемориалында 200 метрге жүгірген Виталий Земс бас жүлдені олжалады. Қарағандылық спринтер бұл қашықтықты 20.88 секундта жүгіріп өтті. Екінші, үшінші орындарды түрік Батухан Алтынтас пен өзбек Үмід Нәбиев иеленді.
- Таиландта жағажай волейболынан жастар арасындағы Азия біріншілігі (U-21) аяқталды. Бұл жарыста Клим Рюхов пен Владислав Мастихин бас жүлдені иеленді. Еліміздің жұбы финалда қытайлық қарсыластарын 2:0 (21:19, 21:16) есебімен ұтты. Осы жеңісінің арқасында біздің жігіттер қазан айында Мексикада жалауы желбірейтін әлем чемпионатының жолдамасына ие болды.
- Ташкентте спорттық гимнастикадан «Challenge Cup» жарысының алғашқы күні еліміздің құрамасы үш жүлде еншіледі. Ерлердің «қоссырығында» Ілияс Әзізов күміс, Дмитрий Патанин қола медаль иеленді. Жерлестеріміз өзбекстандық Ахрорхон Темирхоновтан қалып қойды. «Бөренеде» Көркем Ербосынқызы үшінші орынға ие болды.
- Германияның Галле қаласында өткен ATP 500 сериясындағы турнирде Александр Бублик топ жарды. Бастапқы бәсекелерінде барлық қарсыласынан басым түскен ол жартылай финалда ресейлік Карен Хачановты қапы қалдырды. Финалда Бубликті көрші елдің тағы бір атақты теннисшісі Даниил Медведев күтіп тұрды. Отандасымыз оны да ұтты – 6:3, 7:6. Сондай-ақ осы жарыстың алғашқы айналымында Александрдың әлемнің бірінші ракеткасы, италиялық Яннис Синнерге сан соқтырғанын да айта кеткен абзал. Зарина Диас Испаниядағы ITF W35 додасында дара шықты. Шешуші тұста ол италиялық Дилетта Черубиниді ұтты – 6:1, 6:7, 6:1.
- Футболдан еліміздің премьер-лигасының 13-турында мынадай нәтиже тіркелді: «Жеңіс» – «Атырау» 2:0, «Қайрат» – «Қызылжар» 1:0, «Тобыл» – «Жетісу» 2:1, «Елімай» – «Тұран» 2:1, «Оқжетпес» – «Ордабасы» 0:1, «Ақтөбе» – «Астана» 0:1, «Қайсар» – «Ұлытау» 1:1. Жарыс кестесінде «Астана» бірінші орында келеді. Елордалық клуб 33 ұпай олжалап отыр. Оны өкшелеп келе жатқан «Қайраттың» басты бәсекелесінен үш ұпайы кем. Көш соңындағы «Атыраудың» қоржынында небәрі 4 ұпай.