Ермұрат Бапи туралы бір үзік сыр
Басқа білмесе де, шеттен оралған ағайындар өте жақсы біледі, Ерағам – Ермұрат Бапи екеуміз Тимур Құлыбаев пен Кәрім Мәсімовті ойсырата жеңген болатынбыз!
2013 жылы желтоқсан айында Тимур Құлыбаев пен Кәрім Мәсімовтің тікелей ықпалымен шеттен оралған қандастарымызға төрт жылсыз азаматтық берілмейтін қатаң заң қабылданып кетті.
Сол жылы 15 желтоқсанда Президент ол заңға қол қойды.
Бүкіл қазақ шок болды!
Өз басым иенде қалған панасыз торғай құсап, көңілсіз күй кештім!
Ұлттық кітапханада жұмыс істеп жүргем.
Жұмыстан түсіп, Сауран көшесінің бойымен Алматы көшесіне – үйге қарай ашу мен ызаға булығып кетіп бара жатқам.
Кенет ойыма Қызай анам түсе кетті. Ар жағынан қасиетіңнен айналайын Бәйдібек бабамның сұлбасы көрінді...
Иә, мен Қызайдың ұрпағымын.
Нұрсұлтан Әбішұлы – Бәйдібек бидің ұрпағы.
Мен Бәйдібектің қызынан – Қызайдан тусам, Нұрекең ұлынан – Шапыраштыдан туған.
Қазақы жолмен жөн сұрассақ, Нұрсұлтан Назарбаев – менің туған нағашым.
Анау «Мұртқа» қарағанда, мен оған әлдеқайда жақынмын, мен Оның туған жиенімін!..
Болды!
Мәселе шешілді...
Осыған дейін Ақордаға қаратып айтылмаған сөз қалған жоқ. Жалынып-жалбарыну, асты-үстіне түсіп қолпаштау, Ай мен Күнге теңеп мақтау – бәрі-бәрі айтылды. Енді, осы жағынан – Бәйдібек бабам мен Қызай анамның аруағын алға тартып, жиендігімді бұлдап, бір сөз салып көру ғана қалған...
Пана тұтып, бірден Ерағама – Ермұрат Бапиға телефон шалдым.
– Ераға, ассалаумағалайкум!
– Уағалайкумассалам, Ауытжан, қалайсың?
– Құдай деп, Ераға. Ераға, мен Елбасына «Ашық Хат» жазайын деп бекідім. Қисынын да таптым...
– Ауытжан, өте жақсы болды. Айналайын, сол «Ашық Хатыңды» бірден «ДАТ-қа» берші. Алдымен біз басайық. Содан кейін сайттарға бере бер, жарай ма?!
Байқаймын, Ермұрат аға «Ашық Хатымды» «Abai.kz» порталына беріп қоя ма деп, алаңдап тұрған секілді. Осыған дейін біраз мақаламды «Abai.kz-тен» алып, «ДАТ-қа» басып келгені бар. Жоқ, бұл жолы мен де сайтқа емес, алдымен газетке бастырғанды жөн көріп:
– Жарайды, Ераға, бірден Сізге жіберем!
– Келістік онда! Аяма, Ауытжан!..
Үйге келдім де, компьютерге отырдым. «Нағашыма хат» деген тақырып қойдым да, сақылдатып жазуға кірістім.
Ол кезде Ұлттық академиялық кітапханада жұмыс істеп жүргем. 78 мың теңге айлық алам, 80 мың пәтерге төлеймін. Жолдасым жұмыссыз. Арқалық қаласынан оқуын бітіріп, Астанаға көшіп келген ауылдас інім, кезіндегі оқушым, айтыскер ақын Азамат Малжанбайды отбасымен жалдап отырған бір бөлмелі пәтерімізге кіргізіп алғамыз. Пәтерақының бір жағынан шығыссын деген түріміз ғой.
Азамат пен Нұршаш, екі кішкенесімен – бәріміз алты жан болып, аядай пәтерде бірге тұрып жаттық.
Ас бөлмедегі тоқал орындыққа ноутбугімді қойып алып, жерде отырып, түнімен жазу жазамын.
Жолдасым Гүлбаян қасымдағы ескі диванда ұйықтап жатады.
«Үлкен» бөлмеде аналар...
Қалай жан бағып жүрмін, онымен шаруам жоқ!
Есіл-дертім Елбасының мойнын бері бұрып, құрдымға кетіп бара жатқан Ұлы көшті арнасына қайта салу...
Арада екі-үш күн өтті.
Мақаланың қаңқасын бітіріп, өңдеп, жақсылап тұрып тұздықтап жатқан кезім болатын.
Ераға Өзі телефон соқты.
– Ауытжан, хал қалай?
– Ассалаумағалайкум, Ераға!
– Мақалаңды жазып болдың ба?
– Негізі болып қалды. Үстінен бір қарап шығуым керек. Ераға, бірақ көлемі сәл ұзарып кетті...
– Ауытжан, мақалаң жақсы болса, көлемнен қорықпа! Газеттің беті жетеді. Қандастардан аяйтын ештеңеміз жоқ! Тек, басқа біреуге беріп қойма! Бірден өзіме жібер, жарай ма?!
Қу ішім сезіп тұр, Ераға «Abai.kz-ке» беріп қоя ма деп, алаңдап тұрған секілді.
Жоқ, бұл жолы бұл мақаламды сөзсіз «ДАТ-қа» бастырам. «ДАТ» – жұрт іздеп жүріп оқитын, таралымы өте көп, даңқты газет. Оның үстіне, мен ұлттың тағдырын шешетін, Құлыбаев пен Мәсімовтің жолын кесетін тарихи маңызға ие мақала жазып жатырмын. Ол тасқа басылып, тарихқа қалуы керек!
– Жарайды, Ераға! Жазып бола салып, Өзіңізге жіберем...
Шамасы, төрт күннің ішінде мақала жазылып болды. Тәуелсіздік мерекесі өтіп, қайтадан жұмысқа шықтық.
Құстай ұшып Кітапханаға жеттім. Әлі есімде, сәрсебі күні болатын. «Я, Бисмилляхи Рахмани Рахим! Бір Алла, өзің қолдай көр!» деп, дәл сағат онның мөлшерінде лықсыған он алты беттен тұратын «Нағашыма хатты» «ДАТ-қа» жібердім де, Ерағама телефон шалып, ескертіп қойдым.
Қолым жұмысқа бармайды. Сенделіп, ары жүрдім, бері жүрдім. Түс болды. Түс ауды. Ерағам жақтан еш хабар жоқ....
Ақыры шадамым таусылып, түстен кейінгі сағат бестен өте бергенде өзім телефон соқтым.
– Ераға, ассалаумағалайкум!
– Әликісалам, Ауытжан! Мақалаң, бұйырса, ертеңгі номерге кетіп барады. Бір әрібін қысқартқам жоқ. Тұп-тура төрт бет болды. Сенесің бе, оқып отырып, үш жерінде көзіме жас алдым. Анау Нағашыңның бұрған жүрегі жібімесе, білмеймін енді...
– О, Ераға, Құдай тілеуіңізді берсін! Аға, маған бір оншақты газет беріп жібересіз бе?
– Оншақтың не, елу газет жіберем. Негізгі басшылардың бәріне тарат!
Қарасам, иегім кемсеңдеп, көзіме жас тығылып, дауысым дірілдеп барады екен.
– Жарайды, Ераға, рахмет Сізге...
Осы сөзді тістеніп тұрып зорға айттым да, телефонды өшірдім. Бөлмемнің есігін жауып алып, ал келіп жыла! Өкіріп тұрып, екі бүйірім солқылдап тұрып, бір жыладым дейсің! Әкем Мұқибек өлгенде де мұндай жыламаған шығармын. Қыстығып, пора-пора болып жыладым-ау бір...
Шамасы, бір сағат өткен болса керек. Өзімді зорға жұбатып, солығымды басып, үйге ілбіп, әрең жеттім.
Екі көзім білеудей болып кетсе керек, Гүлбаян шошып кетті.
Болған қуанышты жағдайды баяндап, жылағанымды айтып, күлдім.
Бұл енді қуаныштың күлкісі болатын...
Ертесінен бастап, түс-тұстан толассыз телефондар келе бастады. Бәрі «Нағашыма хатты» оқығанын айтып, алқап жатыр. «Байқашы!» деп, жаны ашығандар да болды. Көп кешікпей, Ерағамнан елу газет те келіп жетті.
Сол кездегі Президент Кеңсесінің басшысы, қазақтың ардақты ұлы Махмұд Қасымбеков ағамыздың атына аталған «Ашық хатты» Елбасына жеткізіп беруді өтініп, сыпайылап хат жазып, дайындап қойғам.
Газеттің бір нұсқасын қосып, сол хатты Ақордаға почта қызметі арқылы салдым да жібердім.
Бір апта өткен жоқ, Ақордадан телефон келді.
Өзін «Әбдімүтәл Әлібеков» деп таныстырған ағамыз Махмұд Базарқұлұлының тапсырмасымен хабарласып тұрғанын, Махаңның «Нағашыма хатты» Елбасына жеткізгенін, оны Нұрсұлтан Әбішұлының оқығанын жеткізді.
– Әбдімүтәл аға, жақсы хабарыңыз үшін Сізге үлкен рахмет! Сонда, Елбасы менің «Нағашыма хат» деген «Ашық хатымды» оқыды ма?
– Иә, Елбасы оқыды. Соны Сізге айтайын деп, телефон шалып тұрмын ғой. Махмұд Базарқұлұлы алып кіріп, оқытты...
– Еді ары қарай не болады?!
– Оны айта алмаймын, Ауыт Мұқибекұлы. Маған тек хатыңызды Елбасының оқыған жеткізуді ғана тапсырған. Одан артық ештеңе айта алмаймын...
– Әбдімүтәл аға, осыған да Құдайға тәубе! Сізге көп рахмет! Махмұд ағамызға менен сәлем айтыңыз, ол кісіге де алғысым шексіз!
– Рахмет Сізге де! Міндетті түрде айтам! Сау болыңыз!
А, Құдай!
«Нағашыма хат» Нағашыма жетті!
Дереу Ермұрат Бапиға телефон соқтым.
Сүйінші сұрап, болған жағдайды қуана-қуана жеткіздім.
– Ауытжан, өте жақсы болған екен. Сен қандастарыңның алдындағы азаматтық парызыңды өтедің. Енді бәрі жақсы болады. Құтты болсын!
– Ераға-оу, Сізге рахмет! Сіз де ұлтыңыздың алдындағы жігіттік міндетіңізді тағы бір мәрте артығымен орындадыңыз! Сізге ризамын!
– Ауытжан, рахмет! Аман болайық!
Енді Дәурен Қуат досыма телефон соғып, болған жағдайды тағы қайталап, одан да сүйінші сұрадым.
– Әуке, керемет болған екен! Құттықтаймын! Былай істейік, «Нағашыма хат» Нағашымның қолына тиіпті...» деген атпен дереу бір сұхбат жасап жіберейік...
Ол сұхбатты да жасап, «Abai.kz» порталына жарияладық...,
Ерағамның сол қамқорлығы мен Дәурен Қуаттың ұшқырлығы – есімнен бір кеткен емес!..
Күндер өтіп жатты. Жаңа жылды өте көңілді өткіздік.
Ақпан айының басында тағы да Ақордадан телефон келді. Жаңылмасам, Серік Сағынов деген жігіт хабарласып, Президент Кеңсесінің басшысы Махмұд Қасымбеков ағамыздың қабылдайтынын айтты.
12 ақпанда Ақордаға Махмұд Базарқұлұлының қабылдауына бардым.
Махаң маған «Нағашыма хатты» Нұрсұлтан Әбішұлының түгел оқығанын әдемілеп тұрып айтып берді. Ең кереметі, Елбасының төрт жылсыз азаматтық берілмейтін етіп қабылданған былтырғы қатаң заңды қайта қалпына келтіру туралы шешім қабылдағанын жеткізді. Сосын, өзіме алғысын айтып, керемет қолтаңбасы жазылған Елбасы туралы кітабын сыйлады!
Сүйінші сұраудың көксі енді басталды.
Қуанғаным соншалық, мына жаңалықты айтып, өзім танитын қазаққа түгел звондаған шығармын?!
Көп уақыт өткен жоқ, бес ай, жиырма төрт күн өткенде, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Көші-қон үрдісін реттеуге арналған заң жобасын қайта қарау, қандастарымызға азаматтықты төрт жыл емес, бұрынғы жеңілдетілген тәртіппен үш айдың ішінде беру туралы тарихи шешім қабылдап, жарлық шығарды.
Арада бір жыл өте шықты.
2015 жылдың басынан бастап, Мәжілісте Көші-қон үрдісін реттеуге арналған заң жобасы қайта қаралды.
Гүлнар Сүлейменқызы Сейтмағанбетова әпкем басқарған жұмыс тобына бастан-ақыр қатысып, көп ұсыныстар бердім. Талқылау тоғыз айға созылды.
Жұмыс тобы барын салды.
Азаматтық беру тәртібі баяғы қалпына келумен бірге, аталған заңға тағы да бірқыдыру елеулі толықтырулар мен өзгертулер енгізілді...
Сөйтіп, Ерағаң екеуміз Тимур Құлыбаев пен Кәрім Мәсімовті ойсырата жеңіп, Ұлы көшке екінші беттеместай қылған болатынбыз!
Сөйтсек, мәселе өте күрделі екен. Бәрін кейін – сол заң жобасы Мәжілісте талқыланып жатқан кезде білдік қой, жағдай былай болыпты:
Тимур Құлыбаевтың Жаңаөзен мұнайшыларының ереуілін ұйымдастырған – «Оралмандар» деп, ашық эфирден айтқаны белгілі.
Сол Құлыбаевтың жаласынан кейін Ұлы көшті тоқтудың шаруасы басталған.
Қатаңдатылған Заң жобасы Парламентке келгенде, оған біраз сенаторлардың қарсы шыққанын да телеарнадан көрдік.
Сөйтсек, Үкіметбасы Кәрім Мәсімов сегіз беттен тұратын «Оралмандар» туралы қаралау хатын жазып, заңды қатаңдату туралы Елбасына ұсыныс жасаған және ол ұсынысын Нұрсұлтан Әбішұлына мақұлдатып алған. Елбасы Мәсімовтің ұсынысына «Келісемін!» деп, бұрыштама жазып, қолын қойып берген.
Мәжілістің де біраз депутаттары қатаң заңға қарсы дауыс беруге дайындалып жатқанда, Кәрім Мәсімовтің зіңгіттей-зіңгіттей екі жігіті Парламент үйіне келіп, манағы Елбасы келісім берген Мәсімовтің ұсынысын оларға көрсетіп, кәдімгідей қысым жасаған. Қолдап дауыс бермесе, басқаша болатынын айтып қорқытқан...
Содан Мәжілістің ол депутаттары да амалсыздан төрт жылсыз азаматтық берілмейтін қатаң заңды қолдап, дауыс беруге мәжбүр болған.
Бұл туралы мені жеке-жеке шақырып алып, сол кездегі депутат Алдан Смайыл аға мен Гүлнар Сейтмағанбетова апайым айтып берді.
Дәл осындай ақпаратты маған қазақтың көрнекті ақыны, сол кездегі Мемлекеттік хатшының көмекшісі Өтеген Оралбаев ағамыз да айтты...
Құдай қолдап, «Нағашыма хатты» оқыған соң, Нұрсұлтан Әбішұлы бірден есін жиып, ана екеуге сеніп, дұрыс шешім шығармағанын білген.
Айта көрмеңіз, ол – Тимур Құлыбаев пен Кәрім Мәсімовтің айы оңынан туып тұрған бір кез еді ғой.
Заманбек Нұрқаділов пен Алтынбек Сәрсенбаев оққа ұшып, әй дейтін «әже» мен қой дейтін «қожадан» құтылған; Жаңаөзен ереуілшілерін қанға бөктірген; «Ұлттық кәсіпкерлер палатасы» туралы заңды қабылдатып алып, енді шеттен ағылып жатқан Ұлы көшті тоқтатуға көшкен-тұғын.
Қысқасы, екеудің Құдай емес, Құдайдан былай да емес болып, екі иіндерінен дем алып тұрған шағы!
Соған қарамастан, біз Ермұрат Бапи ағамыз екеуміз жалғыз қол, жалаң қылыш – «ДАТ-пен» арыстандай айбатты Кәрім Мәсімов пен әлемдік деңгейдегі алпауыт Тимур Құлыбаевтың ауыздарын аңқитып, бастарын туалетке тығып тұрып, Ұлы көшке қайтып беттеместей етіп осылай жеңгенбіз!
Дау жоқ, Нұрсұлтан Назарбаев қызметінің басын өте жақсы бастады. Бірақ, отыз жылдық президенттік мерзімінің соңғы жарымында барлық салада қателік жіберді. Менің ойымша, оны осындай күйге түсірген өзінің айналасындағы ат төбеліндей топ. Ол топтың басты атамандары – Тимур Құлыбаев пен Кәрім Мәсімов!
Шын мәнінде, біз бұл екеуді жеңіп қана қойған жоқпыз, Тұңғыш Президентті де тағы бір былыққа батып бара жатқан жерінен құтқарып қалдық.
Басқасын білмеймін, қазіргі таңда да, болашақта да Ұлы көшке мүдделі қауымның алдында Нұрсұлтан Назарбаев еңбегі зор, беті жарық тұлға ретінде қала береді!
Біз Нұрағаның шекара сыртында қалған қазақтар үшін жасаған тарихи шешімдері мен зор қамқорлығын өмірі ұмытпаймыз! Үнемі осылай сағынышпен еске алып, дәріптеп отырамыз!
Одан бері де, міне, оншақты жыл өтіпті.
Ал, ана екеуге келсек, өз басым олармен болған тіке күресім осымен аяталды деп жүргем.
Жоқ, әлі аяқталмапты!
Енді бұлардың узурпациясының тамырын қырқу керек болды.
Сол мәселені көтеру, ары қарай жалғастыру миссиясын тағдыр менің маңдайыма жазған секілді.
Міне, сол күресті бастадым.
Олардың көмескі жолман мемлекетті билеу және бар байлықты тонау үшін құрған схемасының сырын ашып, өткен жылы «Қазақстан – узурпацияланған мемлекет» деген көлемді мақала жазғам. Биыл «Ераға, бұл – «Жаңа Узрупация!» деген атпен Ермұрат Бапи ағамыздың атына жазылған «Ашық хатпен» сол күресті қайта жалғадым.
Бүкіл дүниежүзі біледі, бұл екеу оңай адамдар емес!
Шынымды айтсам, мен Тимур Құлыбаев пен Кәрім Мәсімовтің білімі мен айласына таң қалдым!
Нақтылап айтсам, бұл екі жігітке қол қойдым!
Конституцияның 5-бабының көзін бақырайтып қойып, қоғамдық бірлестікке немесе коммерциялық емес ұйымға арнаулы заңмен ерекше құқықтар мен құзыреттер бергізіп, сол арқылы атқарушы билік пен заң шығарушы және құқық қорғау органдарын қуыршаққа айналдырып қойып, жерінің асты мен үсті қымбат бағалы табиғи байлыққа лықсып тұрған бүтін бір алып мемлекетті «көмескі» жолмен ұршықша иіріп, уысында ұстау, сөйтіп аз ғана уақыттың ішінде мемлекет байлығының тең жарымын өздерінің қалталарына басу – бұл жай нәрсе емес!
Бәрі жан-жақты қарастырылып, мұқият зерделеніп, асқан шеберлікпен өте сауатты жасалған.
Былай қарағанда, кәсіпкерлердің мүддесін қорғап, жарылқап жатқандай көрінеді.
Ал, іс жүзінде нағыз узурпация! Және оның Ермұрат Бапи ағамыз айтқандай, классикалық түрі емес, жаңа формасы…
Таң қалатын жағдай!
Бүкіл ұлт болып, мемлекет болып ойланатын мәселе!
Біздің Ерекең – Ерлан Қарин мырза Өзі бас болып 2022 жылғы «Саяси реформаның» жобасын жасаған кезде: «Осы Тимур Құлыбаев пен Кәрім Мәсімов өрмекшінің торындай етіп, аса шеберлікпен жасаған мемлекетті тонау схемасына біздің мына жасап жатқан Конституциялық реформамыз төтеп бере ала ма, жоқ па?» дегенді бір ойланып көрді ме екен деші?!
Егер, бұл екеу – Тимур Құлыбаев пен Кәрім Мәсімов осы білімі мен айласын анадай арамдыққа емес, халқы мен мемлекетіне адалдықпен жұмсағанда, біздің Қазақстан, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, баяғыда Азияның барысы болып ақырып тұрады екен…
Сонымен, белді бекем буып, енді екеудің узурпациясына қарсы күресті бастадық!
Мақсат — «Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» заңының күшін жойып, қолданыстағы барлық заңдар мен нормативтік құжаттарды Ұлттық кәсіпкерлер палатасынан залалсыздандыру!
Сөйтіп, Тимур Құлыбаев пен Кәрім Мәсімовтің узурпациясын талқандау!
Құдайға шүкір, қазір Кәрім Мәсімов түрмеде отыр.
Тимур Құлыбаев «Атамекен» ҚР ҰКП-дағы басшылық қызметінен шеттеліліп, активтерін мемлекетке қайтару үстінде.
Екеуінің де басынан бағы тайған...
Керісінше, Ермұрат Бапи – бүгінде арыстандай ақырған депутат. «ДАТ-тың» дауысы бәсең тартқанымен, Ерағаңның екпіні үдемесе, кеміген жоқ!
Мен «Ашық хатты» Ерағаңның атына бостан-босқа жазған жоқпын. Азуын айға білеген Назарбаевпен отыз жылға жуық жұлқысқан жолбарыс басынан бағы тайған Құлыбаевтың алдында мысық болып қалады дегенге кім сенеді!?
Бұл жолғы сүйенерім де – бірінші Құдай, екінші тағы да Ермұрат Бапи!
Ерекең бүгін де жалғыз емес, айналасы толған өзі секілді тұлғалар!
Еділ Жаңбыршин, Самат Мұсабаев, Марат Башимов, Ерболат Сатыбалдин, Қазыбек Иса, Болатбек Наждметдинұлы, Мұрат Әбенов, Бақытжан Базарбек, Абзал Құспан, Ерлан Саиров, Әділ Жұбанов, Елнұр Бейсембаев, Үнзила Шапақ, Аманжол Әлтай бастаған жасамыстар мен Жұлдыз Сүлейменова, Асхат Аймағамбетов, Рринат Зайыт, Болат Керімбек, Анас Баққожаев, Жанарбек Әшімжанов, Мақсат Толықбай, Нартай Сәрсенғалиев, Батырхан Онбаев секілді жас перілер.
Шетінен сен тұр, мен атайындардың өзі!
Жоғары лауазымды қызметтер атқандары да, кәсіби заңгерлері де, Ерекең секілді ескі жүйенің әділетсіздігімен күрескендер де бар.
Ең бастысы, бұл кісілердің бәрі ескі жүйенің қыры мен сырын өте жақсы біледі!
Сондықтан, қай-қайсы да ана екеуді түтіп жеуге, бетін тырнауға дайын қасқырлар!
Бірақ, олар ана екеуді қалай тұқыртудың жолын білмей, кейбіреуі білсе де «Бәлесінен аулақ!» деп, жолаңқырамай, оқтарын саналы-санасыз түрде далаға атумен, босқа арамтер болумен келеді.
Міне, екеуді тұқыртудың бірден-бір жолы – «Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» заңының күшін жойып, қолданыстағы барлық заңдар мен нормативтік құжаттарды Ұлттық кәсіпкерлер палатасынан залалсыздандыру!
Аталған заңның көзі жойылса, біткен ескі биліктің тамыры қиылады!
Әрине, бұл үшін саяси шешім керек!
Үкіметке саяси шешім қабылдату үшін, Ерағаң бастаған осы депутаттардың бастамасы қажет!
Иә, мен көріп отырмын, Еділ Жаңбыршин, Ерболат Сатыбалдин секілді өте білікті, аса ықпалды депутаттар табандап отырып, бірді-екілі заңнан Ұлттық кәсіпкерлер палатасының функцияларын алдырып тастады.
Бейнелеп айтсақ, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы – бит пен сірке, ал біздің қолданыстағы заңдар мен нормативтік құжаттар биттеп кеткен бастың дәл өзі!
Ол битті әр шаштың түбінен теріп отыру – қиямет!
«Бит білгенше, сірке бұтқа сигенше жейді!» деген мақал бар.
Оның үстіне, Еділ Жаңбыршин мен Ерболат Сатыбалдин секілді депутаттар келергі шақырымдарда бола ма, жоқ па, — оны бір Құдайдың өзі біледі.
Сондықтан, тыр-тыр қасып отырғанша, анау қансорғыш бит пен сіркеден құлантаза құтылу үшін, шашты бір жолда ұстармен тап-тақыр қып, бірақ қырып тастаған дұрыс!
Нақтылап айтсақ, «Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» заңының күшін жойып, қолданыстағы заңдар мен нормативтік құжаттарды ҰКП-дан түгел залалсыздандыру – кезек күттірмейтін аса маңызды мәселе!
Оны ешқашан келесі буынның еншісіне қалдыруға болмайды!
Мен Елімізді ондаған жылдар бойы орасан зор дағдарысқа ұшыратқан осынау күрделі саяси мәселенің «Әділетті Қазақстанның» Ерағам төрінде отырған бірінші шақырылым депутаттарының қолымен шешілгенін қалаймын!
Отыз жылға жуық әділетсіздікпен ымырасыз күрескен Ермұрат Бапи және оның мен атын атаған саптастары Құлыбаев пен Мәсімов орнатып кеткен узурпацияның талқандалуына ықпал еткен депутат ретінде тарихта қалуы керек!
Бұрын да жеңгенбіз! Құдай бұйырса, Ераға, тағы да жеңеміз!
Ауыт Мұқибек