Еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, еңбеккерлердің бас амандығын қорғау – мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі. Былтыр жазатайым оқиғадан 1 408 адам зардап шегіп, оның ішінде 202 адам қайтыс болды. 445 мыңнан астам жұмыс орны әлі де зиянды әрі қауіпті саналады . Елімізде 15 976 азамат кәсіптік еңбек ету қабілетінен айырылған. Жұмыс істеп жүріп ауруға шалдыққандар мен өндіріс кезінде жарақат алушылар қатары да азаймай тұр. Демек еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуде атқарар шаруа әлі де шашетектен.
Астанада еңбек қауіпсіздігі мәселесі талқыланған халықаралық конференция өтті. Үш күнге ұласқан жиында еңбекті қорғау мен өнеркәсіптегі қауіпсіздіктің сан салалы мәселесін еліміздің һәм шетелдің сарапшылары талқыға салды. Олардың қатарында халықаралық еңбек ұйымы мен қауымдастықтардың, орталық мемлекеттік органдардың, жұмыс берушілер бірлестіктері, жоғары, кәсіптік білім беру ұйымдарының өкілдері, Аустралия, Ұлыбритания, Ресей, Армения сынды елдердің халықаралық сарапшылары бар. «Еңбекті қорғау мен өнеркәсіптік қауіпсіздіктің болашағы: стратегиялар, трендтер және инновациялық шешімдер» тақырыбындағы пленарлық сессияда өндіріс кезінде жазатайым оқиғалардың алдын алу жан-жақты сөз болды.
KIOSH 2025 конференциясының ашылуында сөз алған Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев қауіпсіз еңбекті қамтамасыз етуде мемлекеттік органдардың, жұмыс берушілер мен қызметкерлердің өзара байланысы маңызды екенін айтты. Өндірісте қауіпсіз орта қалыптастыру мақсатында мемлекеттік деңгейде жеткілікті шешімдер қабылданып келе жатқанын мәлім етті.
«Еңбекті қорғау – әр адамның өмірі, денсаулығы мен әл-ауқаты. Әсіресе күнделікті нақты қиындықтарға кезіккенде шешудің оңтайлы жолдарын, жұмыс берушілер мен жұмысшылардың үнін есту өте маңызды. Іс-қағаз – бір бөлек, тәжірибе – мүлдем басқа. Тек тығыз қарым-қатынас орната отырып заманауи әрі қауіпсіз жұмыс ортасын құра аламыз. Еліміз осы салада нақты алға басушылық көрсетіп отыр. Бүгінде жаңа жоспар құру емес, бұрыннан бар шараларды сапалы орындау маңызды. Бізде механизмдер мен құралдар жеткілікті, ең бастысы – оларды іске асыру нәтижелі болуы керек», деді вице-премьер.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова дамыған елдерде цифрлық шешімдер, жасанды интеллект сынды жұмыс қауіпсіздігі мен еңбекті қорғаудың жаңа мәдениетін қалыптастырғанын жеткізді.
«Бұл тақырып еңбек жағдайларын жақсартып, жазатайым оқиғалардың алдын алуда жаңа технологияларды қолданудың маңыздылығын көрсетеді. Бұрын роботтандыру, автоматтандыру, цифрландыру, климаттық өзгерістер, «жасыл» экономикаға көшу жөнінде болашақты болжап айтатынбыз. Сол болашақ бүгінде шынайы өмірімізге айналып отыр. Жаһандық трендтерді ескере отырып, қауіпсіз әрі лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз ету еңбек саласындағы ұлттық саясаттың әрдайым басты қағидасы. Кейінгі жылдары өндірістік жарақаттану деңгейі мен кәсіби еңбек ету қабілетінен айырылған қызметкерлер санының төмендеу динамикасы байқалады», деді С.Жақыпова.
Сала басшысы мәселені тізбелеп қана қоймай, оңтайлы шешу жолында министрлік қызметкерлердің денсаулығы мен құқықтарын қорғаудың жаңа тәсілдерін дәйекті түрде енгізіп, кешенді шаралар қабылдағанын айтты.
«Министрлік өндірістік тәуекелдерді, әсіресе еңбек жағдайлары зиянды кәсіпорындар мен қауіпті өндіріс орындарын дер кезінде анықтап, назарға алады. Елімізде кәсіпорындардың Цифрлық картасы мен Еңбек тәуекелдерінің картасы сынды негізгі цифрлық құралдар іске қосылды. Олар мемлекеттік органдардың 20-дан астам ақпараттық жүйелерінің деректерін жинақтайды. Бұл шешімдер кәсіпорынның объективті бейінін қалыптастыруға, ықтимал қауіптерді анықтауға, сонымен қатар профилактикалық сипаттағы шараларды уақтылы қабылдауға мүмкіндік береді», деді министр.
Бұдан бөлек, әрбір жұмыс орнының кәсіптік тәуекелдерін саралауда цифрлық шешімдер мен құралдарды қолдана отырып, кәсіпорындарда жалпы интегралдық бағалаудың жаңа тәсілдері әзірленген. Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау – маңызды мәселе. Былтырдан бері қызметкерлердің осы санатына, 55 жасқа толған, кемінде 7 жыл ішінде міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының аударымдары жасалған азаматтарға арнайы әлеуметтік төлемдер беріліп келеді.
Сонымен қатар өндірісте зардап шеккендерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесін жетілдіру де өзекті. Министр осы бағытта қызмет саласы ғана емес, кәсіпорындағы нақты еңбек жағдайлары да ескерілетін екі компонентті сақтандыру тарифін енгізу жоспарланғанын атап өтті. Яғни қауіпсіздікке инвестиция салатындар аз мөлшерде, еңбекті қорғауда үнемдейтіндер көп төлейтін болады. Бұл – қисынды, әділ һәм аталған бағытты дамытуға қолайлы шешім.
Оқыту сапасын арттыру, ғылыми әлеуетті дамыту жөніндегі іс-шаралар да жүйелі іске асырылып келеді. С.Жақыпова 2024 жылы оқыту мен білімді тексеру рәсімдерін ажырату, бірыңғай оқу-әдістемелік орталық құру үдерісі басталғанын, біліктіліктің жаңа салалық шеңбері мен «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау» кәсіби стандарты қабылданғанын тілге тиек етті.
«Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары шеңберінде Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, еңбек қауіпсіздігі, еңбекті қорғау жөніндегі жаңа кәсіби стандарттың талаптарын ескере отырып, жұмысшы кадрларды даярлау жүйесін жетілдіреміз», деді ведомство басшысы.
Еңбек инспекциясы FSM social қосымшасын пайдаланып, өндірістегі жазатайым оқиғаларды мемлекеттік бақылауды күшейтеді. Бұзушылықтар туралы дабылдарды ерте анықтау мен жедел ден қою құзыретіне ие мінсіз әрі үлгілі мемлекеттік инспектордың жаңа моделі енгізілмек. Биылғы ақпаннан бастап еңбек қауіпсіздігі, еңбекті қорғау талаптарын бұзғаны үшін 200 АЕК-ке дейін айыппұл төлейді, егер қайталанса, айыппұл көлемі 400 АЕК-ке дейін артады. Мұның барлығы еңбекті қорғау мәдениетін нығайту, жарақаттанудан туындайтын ауруларды қысқарту, сондай-ақ зардап шеккендерді, жоғары тәуекел жағдайында жұмыс істейтін адамдарды қолдауды күшейтпек.
KIOSH 2025 конференциясы аясында ұйымдастырылған көрмеге еліміздің іргелі өндіріс орындарынан тыс Беларусь, Бельгия, Ұлыбритания, Германия, Үндістан, Қытай, Латвия, Пәкістан, Ресей, Румыния, Түркия сынды 12 елден 91 компания өз өнімдерін ұсынды. Қатысушылар жеке қорғаныс пен мониторингтің соңғы құралдарынан бастап, цифрлық технологиялар мен персоналды оқыту бағдарламаларына дейінгі өнімдерін көрсетті.
Көрмеге өз өнімдерін ұсынған италиялық Давид Костантино жұмыс орнында адамдардың қауіпсіздігі қатаң қадағаланатынын айтады.
«Мұнда өзіміздің «Gasparro» компаниясын насихаттап, әріптестік байланыс орнатуға келдік. Компанияның құрылғанына 40 жылдың жүзі болды. Біздің ұжымда азаматтардың қауіпсіздігі, еңбек талаптарының бұзылмауы, әлеуметтік ахуалын жақсарту мәселесі басты орында. Қызметкерлердің медициналық сақтандыруы бар, кезекті еңбек демалысына уақтылы барады», дейді Д.Костантино.
Аймақтармен байланыс менеджері болып еңбек ететін Жалғас Жансерік 1997 жылдан бері жұмыс істейтін компаниясы өндіріс орындарына қажетті қауіпсіздік құралдарын шығаратынын атап өтті.
«Біз өндіріс орындары, кәсіпорындармен үнемі тығыз байланыстамыз. Әрбір мекемеде қорғаныс құралдары қандай болу керектігін түсіндіреміз. Қауіпті жұмыс орындарында қорғаныш құралдарын қалай пайдаланып, арнайы тігілген киімдерді қалай киетінін үйретеміз. Арнайы киімдер, газ талдауыш құрылғысы сынды қажетті тауарлар шығаратын, 350-ге жуық қызметкер жұмыс істейтін компания іргесін кеңейтіп, қосымша фабрика салып жатыр. Оған келешекте қажетті мамандарды кәсіптік-техникалық колледжерде білім алған жастардан жасақтайды. Бұдан бөлек, әлемнің ірі компанияларының өндірген тауарларының елімізде саудалануына септігімізді тигіземіз. Екі жылда бір рет Германияда халықаралық көрме өтеді. Сонда өнімдерімізді көрсетіп, тауарымызды насихаттаймыз. Елімізде өнім шығаратын кен орындары, мұнай-газ секторы бар. Осы салада еңбек ететін жұмыскерлерге қажетті қауіпсіздік құралдары, инновациялық технологияны өзімізге әкелуді ұйымдастырамыз», дейді Ж.Жансерік.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі С.Жақыпова мәлім еткендей, Мемлекет басшысы қойған міндеттерді іске асыру мақсатында министрлік бірнеше бағытта жоспарлы жұмыстар жүргізеді. Алдағы уақытта да еңбек жағдайын жақсартып, өндірісте зардап шеккендерді әлеуметтік қолдауды жетілдіру, зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін қызметкерлерге қолдауды күшейту, кәсіподақ институтын нығайту, мемлекеттік бақылауды арттыруға жете мән беріледі.