Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екінші «Орталық Азия – Қытай» саммитінде сөз сөйлеп, өңірлік тұрақты дамудың негізі ретінде энергетика саласындағы ықпалдастықтың маңызын атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Президенттің айтуынша, Орталық Азия өңірі энергетикалық ресурстар мен стратегиялық шикізат қорына бай, бұл оны жаһандық энергетикалық нарықтағы маңызды ойыншыға айналдырады.

«Әлемдегі уран қорының 20 пайызы, мұнайдың 17 пайыздан астамы, табиғи газдың 7 пайызы, сондай-ақ сирек кездесетін металдардың мол кені Орталық Азияда шоғырланған. Яғни бұл саладағы әлеуетіміз орасан зор. Біз озық технологиялар алмасуға және энергетика инфрақұрылымдарын жаңғыртуға ниеттіміз. Сондай-ақ аймақтың энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға, технологиялық тұрғыдан ілгерілеуге және қуат көздерін әртараптандыруға мән берген жөн», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қытайдың ядролық энергетикадағы табысты тәжірибесіне ерекше тоқталып, бұл салада стратегиялық әріптестік орнатуға Қазақстан мүдделі екенін жеткізді.

«Қытай Халық Республикасының ядролық энергетиканы дамытудағы бай және табысты тәжірибесін ескере отырып, аталған стратегиялық салада орнықты ынтымақтастық орнатуға мүдделіміз. Жуық арада келісімге қол қоюға дайындаламыз», деді Президент.