Бүгін Вашингтон қаласында АҚШ армиясының 250 жылдығына арналған салтанатты әскери шеру өтеді.
Бұл ел тарихындағы ең ауқымды әскери шаралардың бірі болмақ. Оған елдің түкпір-түкпірінен 7000-ға жуық сарбаз қатысады. Сондай-ақ 150-ге жуық әскери техника мен 50-ден астам ұшақ пен тікұшақ тартылған. Шеру бағыты Пентагон аумағынан басталып, Ұлттық саябаққа дейін жалғасады. Қауіпсіздікке жауапты қызметтер ел астанасында қозғалысты уақытша шектеп, мыңдаған маманды жұмылдырған. Бағдарламада әскери оркестрлер, тарихи кейіпкерлер бейнесіндегі көріністер, спорттық шаралар, парашютпен секіру және заманауи техника көрсетілімі жоспарланған. Ұйымдастырушылар 200 мыңнан астам қонақ келеді деп болжап отыр.
Мэтт Маккул, АҚШ Құпия қызметінің бөлім жетекшісі:
«Шеруге байланысты біз жүздеген мың адамның жиналуын күтіп отырмыз. Әр қатысушының қауіпсіздігін қамтамасыз ету — басты міндетіміз. Осы мақсатта бүкіл ел бойынша мыңдаған агенттер, офицерлер мен мамандар жұмылдырылып, федералдық, штаттық және жергілікті құзырлы органдар қолдау көрсетуге сақадай сай тұр. Біздің миссия — жай ғана іс-шараны күзету емес, қоғамның сенімін нығайтып, әрбір адамның өзін қауіпсіз сезінуіне жағдай жасау. Құпия қызмет пен серіктес ұйымдар әрбір қонақтың алаңсыз серуендеп, қауіпсіздікте болуын қалайды. Сондықтан біз ештеңені назардан тыс қалдырмаймыз».