Отандық бизнес өкілдері биыл әлемдік экономика өсім көрсетеді деп күтеді. Әйткенмен күтудің артында күмән бар. Өйткені геосаяси ахуал түзеле қойған жоқ. Соған қарамастан бизнесмендер 2025 жылғы өсім былтырғыдан (67%) асып түседі деп болжайды. 83%-ы өсімнің айтарлықтай жоғары үлеске ие болмайтынын айтады. Бұл жайында «PwC Kazakhstan» консалтинг ұйымының кезекті шолуында жазылған.

Отандық компания же­тек­ші­лерінің айтуын­ша, инвести­циялық тартымдылық мемлекет­тің негізгі басымдығына айналуға тиіс. Рес­понденттердің 46%-ы осылай деп санайды. Сауалнамаға қа­тыс­қандардың 37%-ы 2024 жыл­дың қорытындысында Қазақ­станда инвестициялық климат нашарлады деген пікірде. Сонымен қатар кәсіпкерлер басты басымдықтар қатарына жемқорлықпен күрес, инфра­құрылымды дамыту және заң үстемдігі кіруге тиіс деп есеп­тейді. Бизнес-қауымдастық 2024 жылдан бері тиімді салық саясатын қалыптастырудың да маңызды міндетке айналғанын атап өткен.

«Қазақстанда да, әлемде де же­дел экономикалық өсімге негіз бо­латын іргелі себептерді көр­­мей тұрмын. ІЖӨ бұрынғы деңгей­де – 5% шамасында қалады деп бол­жаймын. Жаһандық экономи­ка да өзгере қоймас. Егер бұ­рын эко­номикалық дағдарыс арасын­дағы мерзім 10-15 жыл болса, қазір ол айтарлықтай қыс­қар­ды. Мысалы, 2008–2009 жыл­дар­дағы әлемдік қаржы дағда­ры­сын, одан кейінгі 2014–2015 жыл­дар­дағы дағдарысты алайық. Одан кейін 2020 жылы пандемия болды. Сөйтіп, аралық мерзім 5 жылға дейін азайды. Қазір әлем­де болып жатқан жағдайлар (Қы­тайдағы өсім қарқынының баяулауы, Ресейге салынған санкциялар, геосаяси ахуал) – мұның бәрі мұнай нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың құбылуына алғы­шарт, сондай-ақ әлемдік мұнай бағасының төмендеуіне себеп болуы мүмкін. Бұл өз кезегінде ел экономикасына зиянын тигізеді», дейді «Kazpetrol Group» өкілі Ержан Тазабеков.

«Bertling Kazakhstan Logistics» компаниясы басшыларының бірі Әлия Жақсылықованың айтуын­ша, биыл экономикалық өсім 4%-ды құрағанымен алдағы 5 жылда ол 20%-ға дейін көтерілуі бек мүмкін. Себебі ауқымды жобалар іске қосылып жатыр.

«Біріншіден, біз АЭС бойынша шешімді күтіп отырмыз. Батыс Қазақстандағы Қарашығанақта да жақында жаңа жобалар іске қосылады. Қарашығанақ пен Сол­түс­тік Каспий жобасында ме­нед­жмент құрамы ауысады. Іске ресейлік компаниялар белсенді араласуда. Қарабатан ауданында «Силлено» зауытының құрылысы жүріп жатыр. ҚМГ мен «Лукойлдың» «Қаламқас-теңіз – Хазар» бірлескен жобасы қолға алынды. КАТКО-да да кеңею бар. Жеткізу қызметімен айналысатындықтан біз мұның бәрін аңғарып отырамыз. Сатып алушы компаниялар тарапынан сатып алу үдерісі тұрақты жүріп жатыр және бұл үрдіс жалғасады деп ойлаймын. Елдегі инфрақұрылым да кеңеюде. Жаңа әуежайлар мен логис­тикалық хабтар салу басталды. Экономикамызға шикізаттық тауарлар бағасының құбылуы қатты әсер етеді», дейді ол.

ERG өкілі Серік Шахажанов­тың айтуынша, геосаяси дағда­рысқа экономикалық дағдарыс­тың қосақ­талуы үлкен сынақ тудырмақ.

«Өнімдеріміздің негізгі жа­һан­дық тұтынушылары болып саналатын елдердегі экономикаға құйылған қаржылар тұрақты нә­ти­же бермеді. Қазіргі қарқын мен даму алғышарттарын ескерсек Қазақстанның экономикалық өсімі 5-7% шамасында болжамды түрде өсті. Жаһандық дағда­рыс­тың әсері біздің компанияны да ай­налып өткен жоқ. Дегенмен ком­панияның өсетін әлеуеті бар», дейді.

«Былтыр Қазақстанда 90 млн тоннадан астам мұнай өндіріледі деген жоспар бол­ған, алайда өндіріс көлемі 87,7 млн тоннаға дейін төмендеп, 2023 жылғы көрсеткіштен де аз болды. Әлемдік мұнай баға­­сының төмендеуіне байланысты отандық мұнай-газ ком­панияларының табысы да азайды. 2025 жылға деген үміт зор. Құны 45 млрд доллардан асатын Теңіз жобасы нәтиже бере бастайды деп күтіліп отыр. Толық қуатқа шыққан кезде Теңізде тәулігіне 1 млн баррельге жуық мұнай өндірілуі мүмкін, бұл – әлемдік өндірістің шамамен 1%-ы. Осы жобаның арқасында Қазақстанда мұнай өндіру жылына 96 млн тоннадан асады деп болжанады, өз кезегінде бұл үлкен рекорд болмақ», дейді PwC сауалнамасына пікір білдірген Алмас Құдайберген (Centrasia Group).