Бокстан Шри-Ланкада аяқталған Азия біріншілігінде Қазақстан құрамасы жалпы есебі 41 алтын жеңіп алды. Оның ішінде, Бақыт Сәрсекбаев жаттықтыратын U22 командасы 10 алтынға қол жеткізді. Қазақстан құрамасының бұрынғы бас бапкері Дамир Буданбековтің айтуынша, бұл өте нашар деңгейде өткен чемпионат, деп жазады Sportbugin.kz.
"Жарыстан соң, 12 алтын алдық, 10 алтын алдық деп қолпаштап жатыр. Ал меніңше, бұл өте нашар деңгейде өткен жарыс. Турнирге құрлықтың үздіктері, Қытай, Корея, Жапония, Таиланд құрамалары келген жоқ. Өзбекстан да толық құрамын апармады. Негізінен, қазақ пен қырғыздардың айқасы болды. Қазір командалардың бәрі World Boxing-ке кетіп жатыр. Сондықтан, IBA өткізетін бәсекелердің деңгейі бұдан былай түсе береді.
Осынша алтын алдық деп шулап, өз-өзімізді алдап жатырмыз. Бұл кімге керек? Олимпиадаға дейін әлі үш жыл бар. Сондықтан, бұлай қатты көтермелеудің қажеті жоқ. Бұл көре алмаушылық емес, шындық. Жастарымыз осы жеңісі үшін федерация, облыс тарапынан марапатталатыны ғана қуантады. Бірақ соншама дабыра қылатындай жеңіс болған жоқ. Қатысушылар құрамы нашар болған соң, бұл нәтижеге көңіл толмайды.
World Boxing те осы жас шамасындағы боксшылар үшін Азия чемпионатын өткізеді. Сол жарыста 10 алтын әкелсін, сол кезде мықтыны мықты деп айтамыз. Ал біз қазір мақтай береміз де, Олимпиадада дымсыз қаламыз", — деді Буданбеков.