Елімізде негізі қаланған AEROO EdTech-стартапы халықаралық нарыққа шығып, Вьетнам, Индонезия және Сингапурда өз қызметін бастағанын жариялады. Жоба инженерия мен жасанды интеллектіні оқытудың жаңа тәсілін ұсынып отыр. «Competition Driven Learning» деп аталатын бұл модельде оқушылар теориялық білімді нақты инженерлік жарыстар мен практикалық тапсырмалар арқылы меңгереді.


Ұлы даладан Оңтүстік Азияға дейін...

Анықтап айтсақ, «AEROO» – мек­теп оқушыларына арналған инже­нерлік білім бағдарламалары мен арнайы жиынтықтар әзірлейтін жоба. Бағдарлама аясында жасөспірімдер жасанды интеллект, электроника, бағдарламалау және ғарыш технологияларын тәжірибе жүзінде үйренеді. Сонымен бірге оқушылар мини-зымырандар, спутник модельдері, дрондар мен ровелер секілді құрылғыларды өз қолымен құрастырып, нақты инже­нерлік тапсырмаларды орындайды. Бұл әдіс күрделі технологияларды қарапайым әрі қызықты етіп көрсетеді.

Жоба жетекшісі Мирас Нусупов­тың айтуынша, «AEROO» бағдарла­маларының ерекшелігі, мектеп оқу­шыларына магистранттар дең­гейін­дегі жобаларды орындауға мүмкін­дік береді. «AEROO» стартапын құрудың негізгі мақсаты – мектеп оқушыларына инженерия, жасанды интеллект және ғарыш технологияларын теория арқылы емес, нақты практикалық тәжірибе арқылы үйрету. Жоба жастардың технологияны тек тұтынушы ретінде пайдаланбай, өз қолымен жасап көруіне мүмкіндік беретін білім беру ортасын қалыптастыруды көздейді. Competition Driven Learning моделі арқылы оқу­шы­лар нақты инженерлік тапсырмалар мен халықаралық жарыстарға қатыса отырып, күрделі технология­ларды түсініп, инженерлік ойлау қабілетін дамытады. Ұзақмерзімді мақсат – ғылым мен технология саласында жаңа буын зерттеушілерін, инженерлерін және стартап негізін қалаушыларын тәрбиелеу», дейді ол.

Зерделеп көрсек, жобаның негіз­гі аудиториясы – инженерия немесе бағдарламалау негіздерін меңгер­ген 14-18 жас аралығындағы жасөспі­рімдер. Кейінгі жылдары бұл жастағы оқушылардың техникалық дайындық деңгейі айтарлықтай өскені байқалады. Көптеген елде 17-18 жастағылардың стартап ашуы қалыпты құбылысқа айналып отыр. Жобаға қатысқан маман­дардың айтуынша, жасанды интеллект құралдарының қолжетімді болуы мен практикалық білім модель­дерінің дамуы алдағы жылдары инженерлік жобалармен айналысатын балалардың жасын одан әрі төмендетуі мүмкін.

«AEROO» жобасының кеңеюіне еліміздегі «Ғылым әлемін ашамыз» ұлттық ғылыми жобасы үлкен серпін берген. Аталған компания дәстүрлі нарықтық зерттеулерге көп қаражат жұмсамай, тікелей жергілікті серіктестермен жұмыс істеу стратегиясын таңдаған. Яғни әр елде ұлттық инженерлік жарыс­тар ұйымдастыратын ұйымдармен әріптестік орнатып, өнімдерді мектеп бағдарламаларына енгізу арқылы ауқымдалу жолын таңдады. Қазір «AEROO»-ның серіктестері Дания, Вьетнам, Индонезия, Сингапур елде­рінде жұмыс істейді. Бірқатар мемлекетте жобаны білім жүйесіне енгізу бо­йын­ша келіссөздер жалғасып жатыр.

Мемлекеттік секторға бағытталған стартап

Көптеген технологиялық стартап венчурлық инвестиция іздейтіні анық. Ал «AEROO» сыртқы инвес­тиция тартудан саналы түрде бас тартқан. Бұған жобаның B2G, яғни мемлекеттік секторға бағытталғандығы себеп. Мұндай келісімдер әдетте ұзақ уақытты талап етеді, кейде алты айдан бір жылға дейін созылады. Сонымен қатар жобаның аппараттық құрамдас бөлігінің болуы венчурлық қорлардың тәуекел деңгейін арттырады. Команда үшін басты мақсат – қаржылық көрсет­кіштерден бұрын жастар арасында ғылым мен инженерияға деген қызығушылық қалыптастыру.

Жоба жетекшісінің бұған дейінгі тәжірибесі аз емес екенін білдік. «Мен Алматы қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің химия-биология бағытында білім алдым. Кейін Astana IT University университетінде ақпараттық технологиялар саласы бойынша оқуымды жалғастырдым. Еңбек жолымның бастапқы кезеңінде білім беру және STEM бағытындағы жобаларда жұмыс істедім. Жобалық менеджер ретінде мектептердегі оқу кабинеттерін зама­науи STEM жабдықтарымен қамта­масыз ету жобаларын жүзеге асырумен айналыстым. Сонымен қатар мек­теп­терде инженерлік, роботтехника және технологиялық зертханаларды енгізу, білім ұйымдарымен жұ­мыс жүргізу, оқушыларға арналған технологиялық инфрақұрылымды да­мыту жобаларын үйлестірдім. Бұл тәжірибе маған мектептерде практи­калық инженерлік білім беруді дамыту, оқушыларға заманауи технология­ларды үйренуге мүмкіндік жасау, бі­лім жүйесінде жаңа технология­лар­ды енгізу бағытында жұмыс істеу­ге мүм­кіндік берді», дейді Мирас Нусупов.

Жастардың мүмкіндігі қандай?

«AEROO» әзірлеген өнімнің бірі – «AI CubeSat Kit». Бұл жиынтық арқы­лы оқушылар жұмыс істейтін спутник прототипін құрастырып, сенсорлар орнатып, ұшу бағдарламалық жасақ­тамасын жазып, құрылғыны нақты сы­нақтарға дайындайды. Бағдар­ла­ма­ның финалдық кезеңі – ASLC халық­аралық жарысы. Онда 20 финалист командалар өз спутниктерін 20 мың метр биік­тікке дейін, яғни стратосфераға ұшы­рады. Мұндай техникалық деңгейдегі тапсырмалар әдетте жоғары оқу орын­да­рының магистранттарына ғана қол­жетім­ді болса, «AEROO» оны мектеп оқушылары үшін де жүзеге асырып отыр.

Компания қазір бастауыш деңгей­дегі цифрлық сауаттылығы бар ба­лаларға арналған жаңа өнімдер желісін әзірлейді. Осы арқылы инженерлік білімді барынша қолжетімді ету. Соны­мен қатар елімізде аэрокосмостық технологияларға арналған ірі халық­аралық жарыстар ұйымдастыру жос­пары бар. Елдің ғарыштық тарихы мен кең географиялық мүмкіндіктері мұндай жобаларды дамытуға үлкен серпін береді.

«AEROO» жобасының бас­ты құн­дылығы – инженерлік ойлау мәдениетін қалыптастыру. Жасөс­пірімдер теориялық біліммен шектелмей, нақты құрылғыларды жасап, тәжірибе жасап, қателіктер арқы­лы үйренеді. Мұндай тәжірибе болашақта жоғары технологиялық салаларда жұмыс істей алатын, өз стартаптарын құруға қабілетті, жаһандық деңгейде бәсекеге түсе алатын жаңа буын мамандарын тәрбиелеуге негіз болады. Еліміз жастары «AEROO» арқылы ғарыш пен жасанды интеллект саласында тек тұтынушы емес, өнім жасаушы ұлтқа айналу жолында нақты қадам жасап отыр.