Қазақстан ерлер құрамасы үстел теннисінен Лондонда (Ұлыбритания) өтіп жатқан командалық әлем чемпионатының ширек финалына жолдама алу үшін күреседі, деп жазады inbusiness.kz сайты.


1/16 финалда ұлттық құрама Испания командасымен кездесті. Алғашқы матчта Алан Құрманғалиев Альваро Роблесті 3:1 есебімен жеңді.

Одан кейін Кирилл Герасименко Хуан Пересті дәл осындай есеппен ұтып, Қазақстан құрамасының басымдығын арттырды.

Испаниялық Даниэль Берзоса Айдос Кенжіғұловты 3:1 есебімен жеңіп, есеп айырмасын қысқартты.

Алайда шешуші нүктені Кирилл Герасименко қойды. Қазақстандық спортшы Альваро Роблесті 3:0 есебімен тізе бүктірді.

Қорытынды есеп – 3:1. Осылайша, Қазақстан құрамасы 1/8 финалға жолдама алып, енді Жапония мен Бельгия арасындағы кездесудің жеңімпазымен ойнайды.