Елімізде әлемдік деңгейдегі ерекше мұнай-химиялық кешендер салынып жатыр.

Қазақстанда мұнай-газ химиясы өнімдерін өндіру көлемі 12%-ға ұлғайды. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов айтты, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

Үкіметтің 2025 жылғы терең өңдеу және мұнай-газ химиясы секторындағы жұмысының қорытындысы шығарылды.

Мұнай-газ химиясы саласында экономиканың шикізатқа тәуелділігін әртараптандыруға және төмендетуге арналған дәйекті бағыт жүзеге асырылуда. Отандық мұнай-газ химиясы тұрақты екі таңбалы өсім қарқынын көрсетіп отыр және шикізат емес экспорттың негізгі драйверлерінің бірі ретінде қалыптасуда.

"Мұнай-газ химиясындағы өнім өндірісінің көлемі 12%-ға өсті. Қазақстан терең өңделген полипропилен, бензол және параксилол сынды өнімдерді сыртқы нарықтарға жүйелі түрде жеткізуді бастады", – деді Ерлан Ақкенженов.

Белгілі болғандай, елімізде әлемдік деңгейдегі ерекше мұнай-химиялық кешендер салынып жатыр. Атырау облысында полиэтилен зауытының болашақ пиролиз қондырғысының құрылысы 30%-дан астамына орындалды. Павлодарда алкилат шығаратын кәсіпорынның құрылысы басталды.