Шығыс Қазақстан облысында елдегі тұңғыш медициналық имплантат өндірісі іске қосылады. Сарапшылардың айтуынша, бұл отандық медицинаның дамуына тың серпіліс береді. Себебі буындарды алмастырып, сүйек құрылымдарын қалпына келтіру үшін адам ағзасына енгізілетін титан бұйымдар тек шетелден алынатын. Ғалымдардың еңбегіне ортопед-травматолог мамандар оң бағасын берді.

Жергілікті университеттегі мамандар инженерия мен медицинаны ұтымды ұштастырып жүр. Соның арқасында алты түрлі имплантат бұйым жасап шығарды. Олар ортопедия-хирургия саласында сәтті қолданылып, соңғы сынақтан өтіп жатыр.

Жадыра Қоңырбаева, университет проректоры:

- Медициналық кластерді, медициналық инженерияны дамытуға ерекше күш салып жатырмыз. Әрі осы бағытта зор жетістіктермен мақтана аламыз. Біздің жобалар мен әдістемелер халықаралық деңгейде мойындалды. Ғалымдарымыздың еңбегі болашақта үлкен өндіріске жол ашады.

Бірегей жобаны іске асырып жатқан жас ғалымдар тобына Бағдат Азаматов жетекшілік етеді. Өздері жасап шығарған ерекше пластиналар бұғанасы жамбасы сынған талай адамның ағзасына енгізілді. Қазір олардың имплантатымен 130 адам өмір сүреді. Демек өндірісті жолға қойып, оны коммерцияландыру кезеңі де жақындады.

Бағдат Азаматов, жоба жетекшісі:

- Имплантатар барлығы шет елден келеді. 90 пайыздан астамы шетелдік, өз Қазақстанымызда бұндай өндіріс жоқ. Бұндай өндіріс өте жоғары технологиялы өндіріс болып саналады, бұл жерде көптеген мықты компентетциялар керек. Яғни ол адам ағзасына орнатылғаннан кейін өте күрделі процес болып саналады.

Ағза құрылымына тікелей енгізілетін имплантаттан бөлек ғалымдар сол бұйымдарды орнатуға арналған медициналық құралдарды да жасап жатыр. Жергілікті өнім шетелдік нұсқадан екі есе арзан болмақ. Ғалымдар енді нейрохиругия және онкология саласына қолдау көрсетіп, әр науқастың ерекшелігіне сай титан буындар жасамақшы. Биомедицина, машина құрастыру бағытын жаңа деңгейге көтеруге ниетті.

Нұртөлеу Мағазов, Ғылыми орталық қызметкері:

- Бөлшектердің матреиалдардың және машиналардың жұмыс істеу мерзімін ұзартатын технологиялар әзірлейміз. Ол технологиялар негізі бетті модификацилауға бағытталған. Биомедицина агромашина жасау, машина жасау және де әуе ғарыш сияқты салаларда қолдануға болады.

Әзірге зертханада алты жоба өңделіп жатыр. Ол үшін 2 миллиард теңге бөлінді. Жалпы университет ғалымдары соңғы 30 жылда 185 авторлық жұмысты патенттеді.

Авторлары: Эльмира Ахметова. Жігер Бабаханов