Елордадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы театрда Amanat партиясы ұйымдастырған дәстүрлі «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы қорытындыланды. Биыл байқау Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналды.
Мәжіліс спикері, партия төрағасы Ерлан Қошанов бұл байқаудың осымен алтыншы мәрте өткізіліп отырғанын және жыл өткен сайын оның ауқымы кеңейіп келе жатқанын атап өтті. Биыл дода алғаш рет өңірлік деңгейде өткізілді. Осы уақыт аралығында 100-ге жуық жас ақын-жазушы конкурс лауреаты атанып, бүгінде кеңінен танымал қаламгерлерге айналып отыр.
Ерлан Қошанов, «Amanat» партиясының төрағасы:
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев руханиятқа ерекше көңіл бөлетінін жақсы білесіздер. Президентіміз халқымыздың озық ойлы, интеллектуалды ұлт болғанын қалайды. Бұл туралы Ұлттық құрылтайларда, басқа да жиындарда үнемі айтып та жүр. Ал біздің міндетіміз – осы жастарға қолдау көрсету, жолын ашу. Бүгінгі «Ұлы дала» байқауы – соның жарқын көрінісі, Amanat партиясының қазақ руханиятына қосып жатқан бір үлесі деп қабылдаңыздар.