10 айда ел экономикасы 6,4%-ға өсті. Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша, тауарлар өндірісі 8,2%-ға, қызмет көрсету саласы 5,3%-ға артқан. Жалпы ішкі өнімнің ұлағаюына өнеркәсіп, сауда, көлік салалары да айтарлықтай үлес қосты.

Қаңтар-қазан айларының аралығында өңдеу өнеркәсібі 5,8% өсім көрсетті. Бұл өз кезегінде өңделген өнім шығару көлемі ұлғайғанын білдіреді. Құрылыс жұмыстарының көлемі 15,1% артты. Бұл да былтырға қарағанда жоғары көрсеткіш. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласында жалпы өнім көлемі 5,4%, сауда-саттықта 9%, көлік саласында 20,7% өсім тіркелді.

Бауыржан Тұрлыбеков, Экономикалық зерттеулер институты сауда және инвестициялық саясатты дамыту орталығының директоры:

- Бидай бойынша науқанның аяқталғанын көріп жатырмыз. Ақмола, Қостанай, Павлодар облыстары — ауыл шаруашылығының өсуіне ең көп үлес қосқан өңірлер. 13-14 пайызға өскенін байқадық. Сонымен қатар әсіресе транспорт, тасымал, қоймамен байланысты қызметтердің тез дамып келе жатқанын байқаймыз. Бұл экономикада үлесі биік сала. Қазақстан арқылы қазір транспорттық дәліздер өтіп жатыр.