Аталған жабайы жануарларды ату лимиті биыл толық орындалған.

Қазақстанда 2025 жылға 5504 қасқыр және 10573 түлкі атуға (алып қоюға) рұқсат етілсе, бұл лимиттер толығымен орындалған. Бұл туралы премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың Сенат депутаты Қайрат Тастекеевке берген жауабында айтылған.

"Қазақстан Республикасының аумағында қасқыр мен түлкінің санын реттеу бойынша биологиялық негіздемеге сәйкес, 2025 жылға оларды алу лимиті: қасқыр үшін – 5 504 дана, түлкі үшін – 10 573 дана. Қазіргі уақытта аталған лимиттер толығымен орындалды", – делінген жауап хатта.

Дегенмен, тиісті лауазымды тұлғалар, қорықшы қызметі жануарлар дүниесін қорғауды жүзеге асырған кезде, сондай-ақ жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсат қолданылатын аңшылық шаруашылығы субъектісінің аумағында жануарлардың басқа түрлеріне аң аулау кезінде жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсатсыз қасқырлар мен қорқау қасқырларды аулау (ату) мүмкіндігі көзделген.

Ал қоңыр аюға келсек, Аң аулау қағидаларының 11-қосымшасына сәйкес халықтың денсаулығы мен өміріне қауіп төнген, материалдық залал келтірілген жағдайда оны уәкілетті органның мамандандырылған ұйымдары мен жергілікті атқарушы органдардың аң аулау мерзімдеріне қарамастан атуға жол беріледі.

"Аңшылық квоталарын белгілеу "Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы" Заңмен реттеледі, бұл ретте жануарлар дүниесі объектілерін алып қою лимиттері мамандандырылған ғылыми ұйымдар әзірлейтін биологиялық негіздемелер негізінде бекітіледі және уәкілетті орган бекітеді. Лимиттердің сақталуын және биологиялық негіздемелердің сапасын бақылауды белгіленген тәртіппен Экология және табиғи ресурстар министрлігі, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады", – деп түсіндірді Роман Скляр.


Оқи отырыңыз:

  • "Қызыл кітапқа кірмейді". Келесі жылы киік атудан спорттық аңшылық өтуі мүмкін
  • Қазақстанда аңшыларға киік аулауға рұқсат берілуі мүмкін