Қарағандылық шаруа елдегі ең ірі тұқым тазалау және химиялық өңдеу кешенін ашты, деп хабарлайды 24KZ. Әмбебап орталықта әрбір түйір дән сұрыпталып, зиянкестерге және биологиялық зақымдануға қарсы өңдеу жүргізіледі. «Нәтижесінде егін бітік шығып, күзде мол өнім алуға болады», – дейді диқан. Жалпы биыл өңірде 1 миллион 200 мың гектарға егін егіп жатыр. Таяу күндері дала жұмыстары толық аяқталады.

Қожалықтағы тұқым тазалайтын және химиялық өңдейтін әмбебап кешеннің елімізде әзір баламасы жоқ. Сағатына 20 тонна тұқымды тазалайды. Алқапқа себілетін әр түйір дән іріктеліп, өңдеуден өткізілді.

Мұстафа Жанділдин, шаруа қожалығының бас инженері:

- Бұл, біріншіден, сапаны жақсартады. Дәннің сырты қорғаныш қабатымен жабылатындықтан, ұзақ уақыт сақтауға болады. Тіпті жаңбырлы күні ашық алаңда да жата береді. Алқапқа сепкен соң өсімталдығы да жақсы. Тұқым алдын ала химиялық өңдеуден өткендіктен, егістікті улау жұмыстарына уақыт кетірмейміз.

Шаруашылық 36 мың гектар алқапқа элиталық дәнді дақыл мен картоп егеді. Тұқымды елдің түкпір-түкпіріне өткізеді. Жаз бойы алқаптар алып агрегаттардың көмегімен суарылады. Мұндағы 2 мың гектарға жуық жерге тамшылатып суару технологиясы қолданылады. Шаруашылық көктемгі дала жұмыстарын жақында аяқтайды.

Олжас Құттымбек, агроном:

- Көктемде агрономдармен егін басына шыққанда 80 сантиметрден 120 сантиметрге дейін ылғал болды. Өткен жылғыға қарағанда жақсы. Осы уақытқа дейін егіннің 70%-ін септік. Енді 31 мамырға дейін сеуіп бітеміз деген ойдамыз.

Биыл Қарағанды облысында 1 миллион 200 мың гектарға дәнді дақыл егіледі. Бұл былтырғыдан 41 мың гектарға артық. Нарықтық сұранысқа байланысты майлы дақылдар алқабы кеңейтілді. Өңір бойынша қырдағы жұмысқа 15 мыңға жуық техника жұмылдырылды. Шаруашылықтарға 17 мың тоннадан астам арзандатылған дизель отыны жеткізілді.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит