Қазақ күресінен келесі әлем чемпионаты 2026 жылдың тамыз айында Әзербайжан астанасы Бакуде өтеді. Бүгін Түркістанда құрлық біріншілігі қарсаңында ұлттық күрестің дамуына жауапты мамандар бас қосып, төл белдесуіміздің даму бағытын айқындап, алдағы жоспарларын ортаға салды.
Жиында Азия қазақ күресі ассоциациясы құрылғаны жария болды. Азия қазақ күресінің президенті болып Үндістандық Хариш Тияги сайланды. Ол қазақ күресі құрлықтың 15 елінде дамып келе жатқанын атап өтіп, бұл спортты Азия ойындарының бағдарламасына енгізуге тырысатынын айтты. Атқарушы комитеттің шешімімен шетелдік федерациялар ересектер арасындағы ішкі біріншілікті жыл сайын өткізіп тұруға міндеттелді. Әр қауымдастық өз елінің олимпиада комитетімен қоян-қолтық жұмыс істеп, салалық министрлік тарапынан бекітілуі тиіс. Отырысқа арнайы келген Біріккен күрес әлемі ұйымының техникалық делегаты Онур Шимшек те қатысты.
Дамир Бекбосынов, «Qazaq Kuresi» ассоциациясының бас директоры:
- Азия чемпионаты аясында Азия қазақ күресі ассоциациясының шымылдығын ашып таныстырдық. Шетелдік азаматтардан басшылық құрамды тағайындадық. Бұл біз үшін стартегиялық маңызы зор жұмыс. Өйткені Азия ойындарының бағдарламасына ену жолындағы бірден-бір талаптар осы.