Түркістан облысының Сауран ауданында 600 орындық «Келешек мектебі » пайдалануға берілді. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай ұлттық жобасы аясында салынған заманауи мектептің ашылу салтанатына облыс, аудан басшыларымен қатар мектеп ұжымы және ауыл тұрғындары қатысты.
Жаңа мектеп Аша ауылында ел игілігіне берілді. Білім ұясы барлық қажетті оқу құралдармен жабдықталған. Заман талабына сай оқу кабинеттері, жасанды интеллекті пайдаланып, виртуалды тәжірибе жасауға мүмкіндік беретін интерактивті тақталармен жарақталған. Бұған дейін ескі мектепте білім алған ауыл балалары үшін бұл үлкен мүмкіндік.
Кәусар Ержігіт, 9-сынып оқушысы:
- Бізде қарапайым мектепте оқып жүргенде көбінесе кабинеттер бос болмай қалатын. Оқушылар өте көп болды. Қазір көптеген үйірме бар, жеке кабинеттер де бар. Дамуға мүмкіндік бар. Сондықтан әртүрлі үйірмелерге қатысып, өз мүмкіндіктерімізді ашудамыз.
Мектепте шахмат, футбол, баскетбол, би, жас суретшілер клубы сияқты 10 үйірме жұмыс істейді. Екі спорт залы, 250 балаға арналған асхана, 115 орындық акт залы бар. Зертхана кабинеттері мен тігін шеберханасы оқушылардың сүйікті орнына айналып үлгерді.
Севич Жамалова, 8-сынып оқушысы:
- Ескі мектепте оқып жүрген кезде мұндай жағдай болмаған. Бір ғана тігін машинасы болды. Қазір барлығында тігін машинасы бар. Біз өзіміз қалған нәрсені тоқып, тігіп, үйрене аламыз. Осындай мүмкіндіктерді бергеніне қуаныштымыз.
Ерасыл Сейфулла, 10-сынып оқушысы:
- Осындай спорт зал салып бергеніне рақмет. Бұрынғы оқыған мектебімізде мұндай спорт зал болмады. Сыртта ойнадық, ал қазір енді іште футбол да, волейбол да неше түрлі спорт түрлері бар. Қазіргі уақытта жаттығып, жүлделі орын аламыз деп отырмыз.
Мамандар бұнда білім беру сапасы ғана емес, оқушының шығармашылық әлеуетін ашуға, цифрлық сауаттылығын арттыруға, қауіпсіз және ыңғайлы орта қалыптастыруға баса мән берілгенін айтады. «Енді қала мен ауыл мектебі арасында алшақтық болмайды», — дейді мектеп басшылығы.
Қайрат Дүйсенбеков, №5 жалпы білім беретін мектептің директоры:
- Президентіміз айтпақшы, қала баласы мен ауыл баласының арасында айырмашылық болмау керек. Бұл мектептен күтетін үмітіміз көп. Елімізді әлемге танытатын шәкірттер шығарамыз деген ниеттеміз. Қазір 450 бала ауысып келді, екінші тоқсаннан бастап жұмысымызды бастаймыз.
Сондай-ақ мектеп медициналық кабинет пен бейнебақылау камераларымен қамтылған. «Мұғалімдер мен оқушылардың заманауи, қолайлы ортада еңбек етіп, білім алуы – еліміздің интеллектуалды әлеуетін арттыратын басты құрал», -дейді жауаптылар.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш