Мемлекет басшысы Әзербайжан президентімен келіссөз жүргізді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Сізді мемлекеттік сапарыңыз аясында Қазақстанда қарсы алу – мен үшін үлкен мәртебе. Бұл – елдеріміздің арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды одан әрі дамыту тұрғысынан өте маңызды оқиға. Қазақстан мен Әзербайжан — тек достас елдер емес, сондай-ақ, бауырлас халықтар. Сондықтан сіздің еліңізбен сан қырлы ынтымақтастықты өркендетуге баса мән береміз. Қазір Әзербайжан сіздің қуатты көшбасшылығыңызбен халықаралық аренадағы абырой-беделін елеулі түрде арттырды, өз өңірінде ықпалды мемлекет ретінде өте маңызды рөл атқарады. Біз үшін Әзербайжанмен сауда-экономикалық ынтымақтастықты және саяси серіктестікті нығайту – аса өзекті міндет", – деді Мемлекет басшысы.

"Бүгінде Қазақстан дамудың жоғары деңгейін көрсетіп отыр. Еліңіздегі қоғамдық-саяси жағдай тұрақты, экономикалық даму қалыпты. Сіз жүргізіп жатқан реформаларды зор қызығушылықпен бақылап отырмыз. Еліңізді жаңғырту мен әлеуетін арттыру жолындағы бағдарыңызды толық қолдаймыз. Екіжақты қарым-қатынастың стратегиялық, одақтастық сипат алғанын атап өттіңіз. Біз барлық бағыттағы ықпалдастықты нығайтуға ниеттіміз. Бүгінгі келіссөз, сондай-ақ, Жоғары мемлекетаралық кеңес отырысы барысында ауқымды күн тәртібін тағы да пысықтап, өзара серіктестіктің алдағы қадамдарын айқындаймыз", – деді Әзербайжан президенті.

Мемлекеттер басшылары сауда-экономика, инвестиция, ауыл шаруашылығы және көлік-транзит салаларындағы ынтымақтастықты нығайту мәселесін жан-жақты талқылады.

Сондай-ақ, мәдени-гуманитарлық ықпалдастыққа назар аударды. Тараптар аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Logotype Massaget