Мәдениет және ақпарат министрлігі ұлттық киноны дамыту және халықаралық деңгейде ілгерілету жұмысын жалғастырып келеді. Былтырдан бері отандық туындылар 300-ден астам халықаралық кинофестивальға қатысып, 177 жүлде иеленді. Осы аралықта Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы түрлі жанрдағы 119 киножобаны жүзеге асырды.

Кейінгі екі жылда үш питчинг (киножобаны қаржыландыруға ниетті инвесторларды тарту мақсатында өткізілетін визуалды таныстырылым) өткізіліп, нәтижесінде 57 жобаның 40-ы жас кинематографистердің енші­сіне бұйырған.

Былтыр конкурсқа іріктеу ашық өткен. Құжаттар электронды қабылданып, сарапшылар кеңесінің дауыс беруі жетілдірілді. Қазақ тіліндегі сценарийлер үлесі 75%-ға жеткен.

«Qaitadan» фильмі отандық прокатта 1 миллиард теңгеден астам касса жинап, жоғары нә­ти­же көрсетті. Туынды мемле­кеттік инвестицияларды бес есе ақтап, мемлекеттік қолдау тетігінің тиімділігін дәлелдеді.

Қазақ кино өнері халық­аралық деңгейде тұрақты орын ала бастады. Кейінгі 30 жыл ішінде алғаш рет еліміз Канн кинофестивалі аясындағы ірі «Marché du Film» кинонарығына қатысып, «KazakhCinema» ұлттық стенді арқылы отандық жобаларды дамытуға маңызды мүмкіндік туғызды. Канн қаласында Фран­ция мен Грузияның ұлттық кино­орталықтарымен меморан­думдарға қол қо­йылды. Ал Ақ­­­тауда Әзер­бай­жан, Қыр­ғыз­стан, Түр­кия, Түрікменстан және Өзбек­стан­ның кино ұйым­дарымен ынтымақтастық туралы келісім­дер жасалды.

Халықаралық жобалар қа­та­рында Локарно мен Пусан фес­тивальдерінде ұсынылған «Сказка о морских псах» атты деректі фильм және «Побе­­дите­лей видно на старте» атты бірлескен фильм бар. Осы­лай­ша, отандық кино өнері жаңа белестерді бағындырып, елдегі және шетелдік көрермен назарын аударуға жол ашып келеді.