"Қорғас" шекара маңы халықаралық ынтымақтастық орталығы 2005 жылы ашылды.

"Жетісу" туристік-ақпараттық орталығы туроператорлар мен БАҚ өкілдеріне арналған "Қорғас" ШЫХО аумағына ақпараттық тур өткізді. Тур қатысушылары шекара маңындағы Қорғас аймағының әлеуетімен танысып қайтты.

Жетісу облысы мен Қытай Халық Республикасы туризм саласындағы ынтымақтастықты күшейтуді мақсат етіп отыр. Болашақта бұл аймақ тек сауда орталығы ғана емес, мәдени және ойын-сауық бағытындағы жаңа туристік нысанға айналмақ. Екі ел арасындағы бірлескен жобалар аймақтың туристік әлеуетін арттырып, шекара маңы туризмін дамытуға серпін бермек.

"Қорғас" шекара маңы халықаралық ынтымақтастық орталығы 2005 жылы ашылды. Содан бері бұл жер мәдени және сауда-саттық орталығына айналып келеді. Коронавирус пандемиясынан кейін үш жыл тоқтап тұрған "Қорғас" орталығы 2023 жылдың сәуір айынан бастап қайта іске қосылды. Содан бері еркін экономикалық аймаққа 3 млн 200 мың турист саяхаттаған. Биыл 1-3 қазан аралығында "Қорғасқа" 93 мың адам кіріп-шығып, сауда көлемі күнделікті көрсеткішпен салыстырғанда 30%-ға артқан.

Бұл аймақтың Қытай жағы Қорғас қаласының орнында бой көтерген. Ал Қазақстан аумағы жаңадан тұрғызылып, жаңа нысандар салынып жатыр.

"Қазақстан жағынан 3,5-4 мың адам күнделікті келеді. Олардың арасында Қырғызстан, Өзбекстаннан да келетін туристер бар. Бұл жерде шопингпен қатар гастротуризм де жақсы дамып жатыр. Өзбекстан асханасы ашылды. Қытай жағында туристерге арналған орындар, қонақ үйлер, сауда орталықтары бар. Ал Қазақстан жағында бажсыз дүкендер жұмыс істейді", – деді "Қорғас" ШЫХО инвестиция департаменті басшысының орынбасары Дамир Аманбаев.

"Қорғаста" құны 258 млрд теңге болатын 45 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бүгінгі күнге дейін соның сегізі іске қосылған.

"Қорғас" сауда аймағы ғана емес, іскерлік және мәдени туризмнің орталығына айналып келеді. Мұнда күніне орта есеппен 3,5 мыңнан астам адам келеді. Олар – шопинг пен гастротуризмге қызығатын саяхатшылар. "Жетісу" туристік-ақпарат орталығы мен қытайлық тарап өткізген стратегиялық кездесуде жаңа жобалар талқыланып, Қазақстан мен Қытай арасындағы туризм мен сауда байланысы жаңа деңгейге көтерілмек.

"Жетісу облысына биыл екі миллионнан астам турист келіп, шетелдік туристердің үлесі үш есе артты. Тек "Алтынемел" ұлттық паркіне 30 мыңға жуық саяхатшы ат басын бұрса, соның бес мыңнан астамы – қытайлықтар. Аймақтың ең көп сұранысқа ие туристік бағыттары – Алакөл, Балқаш, Жоңғар алатауы мен Таңбалытас. "Қорғас" орталығына келетін туристер саны күн санап артып жатыр. Бұл жаққа шопинг туризм, гастротуризм және медициналық туризм және іскерлік туризм үшін келеді. Арнайы экономикалық аймақта халықаралық әуежай салынады. "Достық" маңы және "Нұр жолы" арқылы туристер келеді. Осылайша туристер көбейе түседі деп үміттенеміз", – деді "Жетісу" туристік-ақпараттық орталығы басшысының орынбасары Мейрамбек Қапасов.

Айта кетсек, Жетісу облысы мен ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы "Қорғас" трансшекаралық туристік аймағын бірлесіп құру жөнінде меморандум жасаған болатын.