Кентау қаласында жұмысшы мамандықтарды дайындайтын Кентау политехникалық колледжі бар. Оқу орны 2011 жылы Кентау трансформатор зауытының негізінде құрылған. Сондай-ақ, Alageum Electric компаниясының құрылымдық бөлігі. Бүгінде колледж қабырғасында 11 мамандық бойынша 800-ден астам студент білім алады. Бүгін жұмысшы мамандықтар жылы аясында аталған колледжде БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры өтті.
Тур аясында журналистер оқу орнындағы электроэнергетика, автоматтандыру, IT, мехатроника, жаңартылатын энергия көздері және 3D-модельдеу бағыттарындағы шеберханаларын аралады.
Сонымен қатар колледж ғимаратында жаңа техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген оқу кабинеттеріне барды. Онда студенттердің инновациялық жобаларымен танысты. Кабинеттер компьютерлермен, интерактивті тақталармен қамтамасыз етілген. Колледж кітапханасында заманауи жалпы техникалық, салалық және көркем әдеби оқулықтардың 13 мыңға жуық қоры бар.

Бұдан бөлек, негізгі құралдардың бірі – Smartnation платформасы. Бұл – студенттер мен оқытушылар үшін ашықтық пен ыңғайлылықты қамтамасыз ете отырып, оқу процестерін автоматтандыруға мүмкіндік береді.
Тілшілер пресс-тур аясында "Кентау трансформатор зауыты" АҚ өндірістік алаңына барып, еліміздің жетекші кәсіпорындарында еңбек етіп жүрген түлектермен кездесті. Өндіріс орнының басты ерекшелігі – өнімдерін заманауи қондырғылар негізінде жасап шығарады. Колледжде оқу процесінің алғашқы күндерінен-ақ студенттерге зауыттың өндірістік орындарында тәжірибеден өтуге мүмкіндік беріледі. Нәтижесінде студенттер бір мезгілде теориялық әрі практикалық білім алады. Қазіргі таңда колледжді 2 мыңға жуық түлек тәмамдап, түрлі кәсіпорындар мен ұйымдарда жұмыс істеп жүр.


Айта кетейік, аталған оқу орны – Қазақстандағы ТОП-10 үздік колледждердің қатарында. Білім ордасы Түркістан облысының білім беру саласындағы жетекші оқу орындарының бірі. Онда өндіріс, инновация және тәжірибеге бағытталған оқыту жүйесі тиімді жүзеге асырылады. Колледж энергетика, машина жасау, IT, жаңартылатын энергия көздері және басқа да салаларда жоғары сұранысқа ие мамандарды даярлайды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз