Талғарда тағы бір қанды оқиға орын алды.

Адам өлтіру, бала ұрлау және полициядан қашу. Ел тұрғындарының Талғар десе төбе шашы тік тұратын жағдайға жеттік. Қоғамды дүр сілкіндірген қайғылы оқиға тапа-тал түсте, көпшіліктің көз алдында болды. Қаза тапқан жергілікті тұрғынның артында жүкті жары мен үш баласы қалды. Бұл оқиғаға қарап, заңнан қорықпайтын, жазадан сытылып кететін азаматтардың бары алаңдатып отыр. Еліміз өткенінен сабақ алмағаны қалай? Caravan.kz медиа порталы қоғам белсенділерінің пікірлерін негізге алып, тақырыпты ашты.

Қылмыстың мән-жайы

Марқұм ер адамның туыстарының адвокаты әрі туысы Гаухар Сәриева оқиғаның мән-жайын айтып берді.

«Күдікті ер адам қайтыс болған бауырымның туған қарындасының бұрынғы жігіті. Күдікті сол қайтыс болған бауырымның қарындасын зорлап кеткен. Сондықтан олар полицияға арыз жазған. Күдікті ер адам бір ай бойы “полицияға жазған арызыңды ал” деп қорқытып, қоқан-лоқы көрсетіп жүрді. Арасында сіңлімнің интим суреттерін туыстарына таратып жіберген. Кейіннен арызды қылмыстық кодекстің 147-бабы бойынша жаздық. Бірақ полицейлер қылмыс құрамы жоқ деді. Сосын прокуратураға арыз жаздық. Полиция басшыларына кірген сайын күдікті тағы интим суреттер жіберіп отырды. Ал бүгін солай шабуыл жасап отыр», дейді Гаухар Ұлысмедиаға берген жауабында.

Белгілі болғандай, қылмыскер бұрын автокөлік алаяқтығы бойынша тергеуде болған екен. Бірақ бұл оған әйелді бір ай бойы қудалап, қорқытуына кедергі болмады. Қысымға төзе алмаған Аружан өзіне қол салмақ болып, дәрі ішкен, бірақ дәрігерлер аман алып қалған. Кейін туыстары күдіктіні өздері ұстап, полицияға апарды. Әйел арыз жазды, алайда күдікті босатылып шыққан.

Арада уақыт өткен соң ер адам кек алу мақсатымен, алдымен Аружанның ағасын кездестіріп, оған мылтықтан оқ атқан. Оқ тиген ер адам жарақатынан оқиға орнында қаза тапқан. Содан кейін марқұмның үйіне кіріп, жүкті келіншегі мен балаларын қорқытқан.

Марқұмның жары былай дейді:

«Үйде мен және балалар ғана едік. Ол күйеуімді жануар сияқты атып өлтірді. Адамның өмірінің ешқандай құны жоқ».

Қылмыскер оларды өлтірмейтінін, бірақ міндетті түрде Аружанды табатынын айтты. Сол сәтте Аружан үйде болмаған, ол медбике ретінде көршісіне көмектесіп жүрген. Соны білген қылмыскер оның қызын ұрлап кеткен.

Полиция кейін оқиғаның барысын растады. Қылмыскер қызды алып қашқаннан кейін көлік жүргізіп келе жатып, рульге ие бола алмай, жыраға түсіп кеткен. Салдарынан өзі де, бала да жарақат алды. Кішкентай қызға сегіз тігіс салынды, қазір өміріне қауіп жоқ.

Қазіргі уақытта балалардың құқықтарын қорғау комитетінің тапсырмасы бойынша психологиялық қолдау орталығының мамандары оқиға орнына барып, психологиялық көмек көрсетуде. Сондай-ақ, Алматы облысының балалар құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілі де оқиға орнында жұмыс істеп жатыр. Қазіргі уақытта шабуыл жасаған ер адам ұсталып, қыз бала анасымен қауышты.

Прокуратураның әрекеті

2025 жылғы 6 қыркүйекте облыстық прокуратура Талғар аудандық полиция қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғады. Олар күдіктіні дер кезінде қамауға алмай, өз қызметтік міндетін орындамағаны үшін айыпталып отыр. Бұл әрекет, түптеп келгенде, ауыр қылмысқа жол ашты. Бұл қанды оқиға тағы да бейқамдық пен салғырттықтың қандай қайғылы салдарға әкелетінін көрсетті. Былтыр ғана бүкіл елді дүрліктірген Шерзат Полат ісі — соның айқын дәлелі. Бірақ, өкінішке қарай, сабақ алынбаған секілді. Қайғылы жағдай тағы да қайталанды.

«Адам өлгенше жәбірленуші тараптан қаншама ескерту, хабарлама, арыз, өтініш болған. Ешқайсын елең қылмаған полицияның өзіне бүгін «Бездействие» бабымен қылмыстық іс қозғалды. 2 жасар сәбидің жыртылған ауыз маңы тігілді. Қайғы жамылып, бір түнде жесір қалған әйел ватсабыма тілдей хат жазып жіберіпті. Мынау сұмдық», — деп жазды Гүлмира Әбықай.