Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында елдің ішкі нарығындағы импортқа тәуелділік мәселесін көтерді . Мемлекет басшысы үкіметке қазақстандық кәсіпкерлердің мүддесін қорғау және әділ сауда қағидаттарын қамтамасыз ету үшін нақты шаралар қабылдауды тапсырды, деп жазады Egemen.kz.

«Біздің нарықтағы жағдай – ұятты жағдай. Үкімет әділ еуразиялық сауданы қамтамасыз етуге тиіс. Біздің кәсіпкерлер ЕАЭО аясындағы өзге елдердің кәсіпкерлеріндей преференциялар мен қолдауларға ие болмай отыр. Соның салдарынан өз нарығымызды өзімізден тартып алуға мәжбүрміз», деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, отандық кәсіпкерлер қазір теңсіз жағдайда жұмыс істеп отыр. Бұл өз кезегінде ішкі нарықтағы отандық өнім өндірушілердің мүмкіндіктерін шектеп, бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді.

Мемлекет басшысы импорттан толықтай бас тарту мүмкін емес екенін, сонымен қатар оған қажеттілік те жоғын атап өтті. Дегенмен, басты міндет – ішкі нарықты қорғау, отандық өнім өндірушілердің үлесін арттыру және олардың мүддесін халықаралық деңгейде тиімді қорғау.

Президент үкіметке әділ сауда тетіктерін қалыптастыру, кәсіпкерлер үшін тең жағдай жасау және қазақстандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған нақты шешімдер әзірлеуді тапсырды.