Семей ядролық полигоны жабылғанына 34 жыл!
(деректі хикая)
О жақтан қайтқан ешкім жоқ,
Кімнен оны сұрарсың?
Омар Хаям.
1991 жыл. Әлемдегі ең үлкен ядролық сынақ алаңы – Семей полигоны жабылды. Зымыраған уақыт-ай, сонан бері аттай 34 жыл өте шығыпты. Жарылыстан қырық жыл көз ашпаған Жер-Ана тыныштық тапты, күніне қырық құбылған Сары Арқа желі ауаны да тазартты. Бірақ радионуклеидтер біржола жойылды, болды, бітті деуге ертерек. Семей атом полигоны – жазылмаған жарамыз. Әлі күнге шекті кәрі де, жас та ажал тырнағына ілініп жатыр. Біздің өлкені дендеген дерттің көбісі, диагнозын дәрігерлер не деп қойса да, айналып келгенде, радиациялық сәулеге тірелмегі сөзсіз. Мұны Жапония халқы жақсы біледі. Осыдан екі-үш ай ғана бұрын жапондар радиациядан сауықтыруға қажетті 4 млрд. теңгенің жабдық, қондырғыларын бергелі жатыр деп естідік. Мұндай көмек, әсіресе, анау «дүрсілдек» жылдары келсе ғой, қаншама өмірге арашашы болар еді. Әттең-айы, «Өлмесең, өрем қап» дегендей, Мәскеу билігі, мәселен, Саржал, Бөденелі сияқты полигонға іргелес ауылдарға ең болмаса фельдшерлік пункт салып беруге жарамады. Шет елден қаржы, көмек келуіне де жолды жапты. Қайтейік, қайсы бірін айтайық... Өткенге салауат дей отырып, ядролық полигон тарихынан азды-көпті сыр шертейік.
Төменде шекесінде «аса құпия, ерекше папка» деген жазу бар Мәскеу Жарлығын келтіріп отырмыз. Бұл құжат – Семей ядролық сынақ алаңы мен Курчатов қаласы 1946 жылдан салына бастағанының куәсі.
Сурет: Автордың жеке архивінен алынды.
Ескертпе: Сталин қол қойған бұл құжатта «горный станция» деп Дегелең тауында салынуға тиіс ядролық полигонды, «приборы для светящегося тела» деп атом бомбасын жұмбақтап айтқан.
* * *
Сынақ үшін салынған Курчатов қаласынан 40 шақырым жерде, Ертіс жиегінде Бөденелі ауылы тұр. Осы ауылдың мектебінде соғыс жылдары келешек академик-сенатор Жабайхан Әбділдин ағамыз оқыған. Оның әкесі екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда Бөденелі ауылына бас малдәрігері қызметіне Май ауданынан жіберілген екен. Жабайхан аға Курчатов қаласы салына бастаған шақты былай деп есіне алады: «1946 жылдың қара күзінде әкей үйге кештетіп келіп, жергілікті емес тұрғындар еліне шұғыл көшірілсін деп жатыр, осындай жарлық кепті жоғарыдан, көшірмей қоймайтын түрі бар деп қатты күрсінген еді. Бұл хабар бізге де қайдан оңай тисін. Бауыр басқан Жаңакүш (Бөденеліге іргелес ауыл) жерімен қимай қоштасып, ат-арбамен Майский жаққа бет алдық. Қасымыздан жүк тиеген американдық «студебеккер» машинесі дүр-дүр өтіп жатты. Көп-ақ, қаздай тізбектеліп өтеді. Ол күнде Конечная деген, қазіргі Курчатов қаласы жанынан өткенде көрдік, жиекте баржы дегендеріңіз иін тіреседі, бірі кетсе, екіншісі тұра қалады. Ию-қию қозғалыс. Иен далада қала салу оңай ма, бәрінің тиегені түрлі құрылыс материалдары болатын. Әлгінде біздерді тізімдеп тұрып елге қайтарды дедім ғой, ол ол ма, барлық колхоздарды жабамыз деген әңгіме туды. Жерді тегіс босатып алу керек болды. Бұл қатал бұйрық жартылай ғана орындалды, әйтеуір».
Сонымен, үш жылда полигон қаласы мен оның Дегелеңдегі алаңы салынып бітті. «Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» демекші, 1949 жылдың 29 тамызында қазақ жерінде алғашқы атом бомбасы сыналды.
1949 жыл, 29 тамыз, сағат таңғы жеті. 30 метр биіктікте бетон бақан үстіне қойылған алғашқы бомба жарылды! Көз ілеспес жылдамдықпен ұлғайған отты доп әуелі Жерге қадалып, онан қайта аспанға көтерілген. Отты шардан жер қабығын ыстық күлге айналдырған сұрапыл қуат шыққан. Қайтер екен деп, байлап қойған жылқы, тағы басқа малдардың есі кетіп, жүні, терісі жидіп түсіп қалыпты. О, тоба! Сондағы байлаулы тұрған иттің қорқыныштан жүрегі жарылып өліпті. Аң-құстар жантәсілім алдында жанталасып жатыпты. Жанды мақұлықтар түгілі, жер-Ана да тітіркенген шығар-ау. Міне полигон сынақтары жер үстіне осындай көз көріп, құлақ естімеген сұмдықтар әкелді. 1963 жылдан сынақтар жер астына көшірілді. Соның салдарынан өзен, судың табаны ғана қалды, құдықтар бітелді. Құтты бір жер жарықшағына сарқылып, жоғалып кеткен сияқтанды. Атом көлі пайда болды.
Сөйтіп, Семей өңірінің үсті де, асты да уланды, ластанды. Халық қынадай қырыла бастады. Оған қарамастан Суслов бастатқан партия идеологтары: «Бәрі де бейбітшілік үшін, сол үшін ядролық қалқанды жасадық!» деп масайрап, мастанумен болды. Ядролық тажалды «Ақырзаман қаруы» («Оружие Судного Дня») депті біреу, кім де болса, дәл айтқан. Бірақ бомбаның да бомбасы бар, олардың ең улысы, адам организмі үшін зардабы ең зоры – сутегі бомбасы. Андрей Сахаров деген академиктің есебінше, атом сәулесін алған адамдардың жалпы саны миллионнан асып жығылыпты.
Жоғарыда алғашқы атом бомбасы бетон баған үстінде жарылғанын айттық. Келесі жолы авиациялық бомба жасалып, сынақшы топ оны самолёттен тастап жарды. Авиация бомбасы сәтті өткеніне сынақшы топ шат-шадыман болған шамасы, жарылыстар (шешелеріміз «дүрсілдек» дейтін) енді жиілетті. Дегелең тауы мен Бөденелі ауылы арасы 70-80 шақырымдай ғана. Сондықтан ашық аспанда жарқ еткен әрбір жарылыс барша жұртты «Бұл не пәле?» дегізіп, аң-таң қылатын. Әп-сәтте от-шар дүрс етіп, қарақошқыл саңырауқұлақ пішіндес бұлтқа айналып барып, аспанға көтерілетін орасан парашюттің құбыжық суреті, ол күнде бала болсақ та, есімізде мәңгі қалды.
Ядролық полигонға қызмет жасайтын әскери-өндірістік кешен (ӘӨК) қалыптасып, оған орасан қаржы бөлінді. Қызыл көз «қырғилардың» аранын ашқан, сірә да, осы жәйт. Өйткені, енді атом бомбасын қоя тұрып, сутегі бомбасын сынауға бейілденеді. Физик ғалымдарға жаңа тапсырыс береді.
Негізі, термоядролық қарудың қос түрі бар: бірі – атом бомбасы, екіншісі – сутегі бомбасы. Алғашқысы жарылысы миллиондаған градуспен өлшенетін өте жоғары температуралы толқын күшімен қырып-жоюға және қоршаған ортаны радиоактивтік заттармен ластауға арналған. Ал сутегі бомбасы – ядролық қарудың жетілдірілген түрі. Ол – радиация сәулесін күшейту арқылы тіршілік иелерін құрту үшін жасалған қару. Яғни адам ағзасын бұзуға бағытталуымен ерекшеленеді. Сондықтан осы 1953 жылы тұрғын халықты қан қақсатып, Абыралы ауданы таратылды.
Сонымен, 1953 жылы 12 тамызда Семей ядролық полигонында алғаш рет сутегі бомбасы сыналсын. Қуаты – 480 килотонн. Салыстырсақ, алғашқы бомба қуатынан 20 есе артық. Жарылыстың әсері қандай? Осыны тексеру қамында әскерилер кілең жас жігіттерді ауылда қалдырған. Бұл туралы Абралы, Абай аудандары тұрғындары айтқан естеліктер бар. Сутегі бомбасы жалқы, екінші мәрте қайталанбады. Өйтпесе ешбір тіршілік иесі қалмайтыны «қырғилар» санасына жетті, әйтеуір.
Аталмыш бомбаны дүниеге әкелген, оны сынақтан өткізген ғалымдар атақ пен марапаттың (Социалистік еңбек ері, Сталиндік сыйлықтың лауреаты т.б.) астында қалды. Солардың ішінде әлемге әйгілі академик Андрей Сахаров (1921-1989) өле-өлгенше «Ядролық сынақты тоқтату қажет!» деп шырылдап өтті. Неге? Өйткені, ол – сутегі бомбасының атасы. Кәртәйгенде мың-мыңдаған адамның өліміне себепші екенін сезініп, жан азабын мықтап тартты.
Осы айтылған сутегі бомбасынан соң, сынақтар жүйелі сипат алып, ай сайын кемінде бір жарылыс жасалатын болды. Соның ең жойқыны – термоядролық РДС-37 бомбасы болды. Жаңадан жасалған, қуаты 1,7 мегатонн! Ол 1955 жылы 22 қарашада бір жарым шақырым биіктікте жарылды. Үлкендер біледі, жантүршігерлік жарылыс толқынынан Семей қаласында біраз үйлердің қабырғасы қақырап, терезе шынылары быт-шыт сынды.
Қорытынды
Әлемге аян Семей полигонында жиыны 456 бомба сыналды. Біз соның екеуін: ең сойқандысы мен ең жойқынын ғана сөз еттік. 1953 жылдан беріде ел ішінде қылтамақ (рак) ауруы, жүрек дерті қаулады. «Ядролық қалқан» деген желеумен қарапайым халықты жаппай қырып-жою іске асты (кейбір ресми дерек көздері 500 мыңдай адам азап шекті дейді, бірақ нақтылы зерттеулер жоқтың қасы). Адамдық тұрғыдан Курчатов бастатқан ғалымдар алдымен дауыс көтеруге міндеткер еді. Бірақ ләм-мим демеді шіркіндер. Өкімет пен партия өкілдері, оларға мерзімді баспасөздер қосылып, сынақ полигонын ақтап, шаң жуытпауға тырысты (жасырып-жабу жайлы бұйрық, нұсқаулар, әрине, Мәскеуден түсіріліп отырды). Қасқайып қарсы шыққан жалғыз адам – Мұхаметқали Сужиков болды (1957-1959 жж. Семей обкомының бірінші хатшысы). Сол үшін қызметінен қуылған есіл ер, батыр азамат мүлдем ұмыт қалды. Курчатов атында білдей қала бар, Сужиков атында көше де жоғы қалай?...
Сөйтіп, ядролық полигон қырғыны, әсіресе, сутегі бомбасының салдары – мемлекеттік құпия болып келді, әлі де солай. Полигон эпицентрі делінетін бірнеше ауданның әр ауылы іргесіндегі бейіт, мола, зират, қорымдар жазықсыз құрбандарға толы. «О жақтан қайтқан ешкім жоқ, Кімнен оны сұрарсың?» демекші, олар, әрине, үнсіз... Олардан туып-өскен ұрпақтар мемлекет қолдауынсыз, үкімет көмегінсіз қалмауы керек. Әділеттілік талабы бұл деген ойдамын.
Асан Омаров