2030 жылға қарай ілім-білім іздеп, шетел асатын студенттер саны 10 миллионнан асады, деп хабарлайды 24kz.

Қазір білім беру нарығында АҚШ, Ұлыбритания, Канада және Австралия көш бастап тұр. Бірақ бұлар кейінгі жылдары көші-қон саясатын мейлінше күшейтті. Бұл дүниежүзіндегі дарындылардың әлемге аты мәшһүр университеттерде білім алуын едәуір қиындатып тұр. Сөйтіп, батыстың қатаң миграциялық саясаты халықаралық білім беру нарығына қалай әсер етуі мүмкін?

Нидерланд университеттері енді ағылшын тілінде оқытпайды

Нидерланд университеттері студенттерді енді ағылшынша оқытпайды. Жаңа оқу жылынан бастап жоғары оқу орындарында сабақ тек голланд тілінде өтеді. Мәселенің басы – шетелдік студенттердің елге келуін шектеу. Жыл сайын 100 мыңнан аса адам ілім іздеп, Нидерландқа ағылады. Статистикаға қарағанда, диплом алғандардың 25%-і осы елде қалып қояды. Ал, бұдан тұрғын үй тапшылығы туындаған. Сондай-ақ талапкерлердің көбеюінен голландиялықтардың өз елінде оқуға түсуі қиындаған. Алайда сарапшылар: «Шетелден студенттер тартпасақ, ел экономикасы жылына 8 млн еуродан қағылады», — деп отыр.

Джонатан Вининк, Nuffic жоғары білім саласындағы ынтымақтастық жөніндегі нидерланд ұйымының зерттеушісі:

- Былтыр Нидерландта 19440 шетелдік студент жоғарғы оқу орнына қабылданды. Бұл алдыңғы көрсеткішке қарағанда 5,2%-ке аз. Әсіресе, қолданбалы ғылым саласында білім беретін университеттерде шетелдік студенттер саны азайғаны байқалады.

Германияда үш жылда студенттерді қолдауға €120 млн бөлінеді

Германияда шетелдік студенттер оқу мен жұмысты қатар алып жүре алады. Жуырда неміс үкіметі оларға жұмыс істеуге рұқсат етілген уақытты 2 есе ұзартты. Яғни, енді жастар тәжірибе жинағысы келсе, мамандығы бойынша аптасына 20 сағат еңбек ете алады. Сондай-ақ ел билігі 2028 жылға дейін шетелдік студенттерді қолдауға 120 млн еуро бөлмек. Алайда, Германияда пәтер жалдау ақысы жылдан жылға өсіп келеді. Қазір қолжетімді баспана табу қиынның қиыны. Сондықтан сарапшылар: «Бұл мәселе шешілмесе, Германия халықаралық білім орталығы ретіндегі мәртебесін сақтап қалуы екіталай», — дейді.

Джойбрато Мукерджи, Германияның академиялық алмасу қызметінің президенті:

- Германия бизнес пен инновациялық хаб ретінде табысқа жетуі үшін дүниежүзіндегі дарынды жастарды елге тарту өте маңызды. Ал біздің елде тұрып, тамақтану секілді қарапайым қажеттіліктің өзін кез келген студенттің қалтасы көтере бермейді. Сондықтан осы кезеңде үкімет жастарды қолдауды күшейтуге тиіс.

10 жылда АҚШ-та оқу ақысы 27% қымбаттады

Кейінгі 10 жылда АҚШ-та оқу ақысы 27% қымбаттады. Бұл аздай, Трамп билікке келгелі түлектердің әлеуметтік желідегі парақшаларын тексеру шаралары енгізілді. Виза рәсімдеу мерзімі ұзарып, өтінімдер бұрынғыдай жылдам қаралмайды. Сондай-ақ Ақ үй басшысы Гарвард университеті әкімшілігімен тіресіп, шетелдік студенттерді қабылдауға тыйым салды. «Құрама Штаттардағы ғылым ордаларының 75%-і биыл шетелден оқуға өтінім беретіндер саны азаяды», - деп топшылап отыр. Кей деректерге қарағанда, Америкадағы университеттер 1 млрд доллар кірістен айырылуы мүмкін.

Әлемдік білім саласында бәсеке күшейді

Қазір АҚШ-тағы ахуалды ұтымды пайдалануға көшкен елдер бар. Мәселен, Жапония, Қытай, Үндістан, Малайзия және Оңтүстік Кореяда шетелдіктерге арналған стипендиялар мен гранттар көбейді. Виза рәсімдеу жеңілдетілген. Сондай-ақ оқу ақысы Батыс елдеріне қарағанда әлдеқайда арзан. Бұдан бөлек, ағылшын тілінде оқытатын бағдарламалар саны жыл сайын артып келеді. Халықаралық сарапшылар: «Алдағы 10 жылда жаһандық студенттердің көші-қон ағымының бағыты өзгеріп, Азия-Тынық мұхиты елдері әлемдегі жаңа білім орталығына айналуы бек мүмкін», — деп отыр.

Университеттердегі бизнес мектептерді дамыту жөніндегі қауымдастық баяндамасы:

- Азия-Тынық мұхиты аймағында бакалавриат бойынша білім алып жатқан студенттердің 22% шетелдіктер. Бұл көрсеткіш алты жылдан бері тұрақты. Ал Солтүстік және Оңтүстік Америкада керісінше, шетелдік бакалаврлардың үлесі 8%-тен 6%-ке дейін төмендеген. Сарапшылардың айтуынша, бұл құлдырау алдағы жылдары да жалғасуы мүмкін.

Шетелдік студенттердің экономикаға әсері қандай?

«Халықаралық студенттер – бұл жай ғана білім алушылар емес, елдің әлеуметтік-экономикалық даму драйвері», — дейді сарапшылар. Мәселен, Нидерландта былтыр диплом алған студенттер бюджетке 1,5 млрд еуро кіріс әкелді. Оның төрттен бірі елде қалып, жұмыс күші тапшылығын азайтқан. 2023-2024 жылдары шетелдік студенттер АҚШ экономикасына 44 млрд доллар табыс әкелді. Ұлыбритания экономикасына қосып отырған үлесі де жылдан жылға артып келеді. Былтырғы кіріс 42 млрд фунт стерлингке жеткен. «Яғни, әр ел өзіне талантты жастарды тарту арқылы болашақтағы даму күшін қалыптастырады», — дейді сарапшылар.

Халықаралық білімнің дамуы оқу бағдарламаларын жетілдірудің қозғаушы күшіне айналып отыр. Еуропалық университеттер қауымдастығының зерттеуі бойынша шетелдік студенттер көп болса, оқытушылар педагогикалық әдістерінің мазмұнын байытып, оны әлемдік стандарттарға бейімдеуге тырысады екен. «Ал бұл озық ойлы мамандар даярлауға негіз болады», — дейді мамандар.

Авторы: Зайнұр Байжігіт