Ұлытау облысының дәрігерлері тұңғыш рет ашық жүрекке операция жасады.

Аортокоронарлы шунттау әдісі «Қазақмыс корпорациясына» қарасты «Медициналық орталықта» сәтті өтті. Бұл өңір медицинасының жаңа парағын ашып, тұрғындарға ірі қалаларға бармай-ақ жоғары технологиялы кардиохирургиялық көмек алуға мүмкіндік берді. Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың денсаулық сақтау жүйесін дамыту жөніндегі тапсырмасына сай жүзеге асты.

Күрделі кардиохирургиялық операцияларды Жезқазғанда жасауға орталықтың қайта жабдықталуы мен елдің жетекші кардиохирургтарының келуі септігін тигізді. Жоба «Қазақмыс» корпорациясының қаржылай қолдауымен іске асырылды. Жансақтау бөлімін жаңарту мен заманауи жабдық алуға 650 млн теңге бөлінді. Бұған дейін жүрек ауруы асқынған науқастар Астанаға немесе өзге облыс орталықтарына баратын.

Дәурен Аманқұлов, Жезқазған медициналық орталығының директоры:

- Бұл бізге өңірде кардиохирургияны дамытуға мүмкіндік береді. Келешекте біз толыққанды көмек көрсетуді жолға қоямыз. UMC-мен әріптестігіміз жалғасады. Астанадағы әріптестеріміз Жезқазғанға жиі келіп, мамандарды оқытуды жоспарлап отыр.

Медициналық орталық заманауи инфрақұрылым, жоғары дәлдікті құрал-жабдықтар және білікті мамандармен қамтамасыз етілген. Мұндағы алғашқы операцияларды елге танымал кардиохирург, академик Юрий Пя жасады. Ол 60 жастағы әйел мен 52 жастағы ер адамға ота жасап, өмірін сақтап қалды.

Юрий Пя, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас кардиохирургы:

- Өңір үшін кардиология мен кардиохирургияны дамыту өте маңызды. Ұлытаудағы пациенттерге көмекті жақын жерде ұйымдастыру – біздің басты міндетіміз. Сол себепті көмекті науқасқа жақындату қажет.

Юрий Пя атап өткендей, Жезқазғанның географиялық орналасуы Орталық Қазақстан медицинасының дамуы үшін стратегиялық маңызға ие. Өңірлерде кардиохирургияны дамыту мыңдаған қазақстандыққа сапалы медициналық көмекті өз үйінің жанында алуға жол ашады.

Данияр Сұлтанұлы, Ескендір Серғали, 24KZ