Бұл сапалы білім мен жан-жақты дамуға жасалған нақты қадам саналып отыр.

"Келешек мектебі" форматындағы жаңа білім ошақтары Ұлттық жоба аясында өз жұмысын бастаған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Осылайша, 2024-2025 оқу жылын Ақмола облысы жоғары деңгейде бастағалы тұр.

Жаңа мектептердің екеуі Көкшетау қаласында салынған, әрқайсысы 1500 оқушыға лайықталған. Қалған жеті мектеп Целиноград ауданында орналасып, 9000-нан аса оқушыны қамтып отыр. Бұл – өңірдегі орын тапшылығын шешудің нақты нәтижесі. Целиноград ауданында бұл көрсеткіш 8 есеге, ал облыс орталығы Көкшетауда 1,5 есеге дейін төмендеген.

Аталған білім ордалары – заманауи талаптарға сай салынған, толық жабдықталған оқу кешені. Олар ауылдық және қалалық мектептерге бірдей қойылатын жаңа стандарттарға сәйкес салынған. Оқу мекемелері озық техникамен жабдықталып, құрал-жабдық деңгейі бұрынғы көрсеткіштерден төрт есе жоғары. Ғимараттардың жалпы алаңы стандартты мектептерден 15-20 пайызға кеңірек, бұл өз кезегінде балалар үшін барынша жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыра түспек.

– "Келешек мектептерде" заманауи пән кабинеттері, STEM зертханалары, кең кітапханалар, асханалар мен бірнеше спорт және акт залдарымен қамтамасыз етілген. Мысалы, 2000 оқушыға арналған Қоянды ауылындағы мектепте төрт бірдей спортзалы жұмыс істеп тұр. Бір ауысыммен құрылған оқу жүйесі оқушыларға түстен кейін үйірмелер мен спорт секцияларына еркін қатысуға мүмкіндік береді, – дейді Ақмола облысы білім басқармасының басшысы Айнагүл Балташева.

Жалпы алғанда, "Келешек мектебі" жобасы – болашаққа бағытталған зор инвестиция. Бұл – сапалы білім мен жан-жақты дамуға жасалған нақты қадам. Жаңа мектептердің ашылуы Ақмола облысының өскелең ұрпағына қолайлы жағдай жасап, елдің адами капиталының дамуына өз үлесін қосуда.

Ақмола өңірі білім беру инфрақұрылымын жаңғыртуды табысты жалғастырып, тұрақты дамуға берік негіз қалыптастыруды мақсат етеді.