Өзбекстанда қарбыздың бағасы рекордтық деңгейде құлдырап кетті. Дихандар өнімді амалсыздан алқап басында қалдырып жатыр. Кейбірі оны малға беруге мәжбүр. Себебі, нарықта өнім көп, сұраныс өте төмен. «EastFruit» порталының хабарлауынша, Орталық Азияның басқа да елдерінде осыған ұқсас жағдай. Мәселен, Тәжікстанда шаруалар қарбызды тұрғындарға тегін таратуға көшкен. Ал Өзбекстан нарығында қарбыздың құны, оны өсіріп-баптау шығынын ақтамайды. Бағаның құлдырауына әсер еткен тағы бір фактор – экспорттың төмендеуі. Негізгі тұтынушы Ресейде де қарбыз тым көп және бағасы біршама төмен. Өзбекстаннан жеткізу құны да қаржыға тіреледі. Айналып келгенде өнімді тасымалдау шығыны қосылып, ала жаздай төккен тер ақталмай жатыр. Жергілікті фермерлер орасан шығынға батуда.

Базаркүл Отыншиева