29 шілде күні Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Республикасына ресми сапармен барды. Бұл сапар екі ел арасындағы тарихи, мәдени және саяси, экономикалық байланыстарды тереңдетудің жаңа парағын ашуға бағытталып отыр.

Түбі бір түркі елдерінің татулығы

Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынас тәуелсіздік жылдарынан бері ерекше сенім мен іргелі әріптестікке негізделіп келеді. Түркия – Қазақстан тәуелсіздігін алғаш болып мойындаған мемлекет және бүгінде екі ел арасындағы байланыс тек символикалық деңгейде ғана емес, нақты экономикалық жобалармен, аймақтық саяси ықпалдастықпен бекіп келеді.

Президент Тоқаевтың сапары басталған сәттен-ақ, түрік тарапы оның маңыздылығына айрықша мән бергенін байқатты. Әдетте сирек кездесетін «дипломатиялық дәстүр» – Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанның Қасым-Жомарт Тоқаевты әуежайдан өзі қарсы алуы – екі көшбасар арасындағы жеке сенім мен саяси үйлесімділіктің белгісі болды. Бұл бауырлас елдер арасындағы достықтың, жеке сенімнің және сапар маңыздылығының айқын көрінісі.

Түркияда жүрген медиасарапшы Амангелді Құрметұлы Мемлекет басшысыҚасым-Жомарт Тоқаевтың Түркияға сапары жоғары деңгейде өтіп жатқанын атап өтті.

«Бұл сапар түрік қоғамында маңызды мемлекеттік сапар деңгейіндей бағаланып жатыр. Қазақстан Президентін Режеп Тайип Ердоғанның өзі әуежайдан күтіп алды. Кейін екеуі оңаша кездесіп, бір көлікпен бірге аттанып кетті. Солай ерекше ықыласын байқатты. Мәртебелі мейманды әуежайда Мемлекет басшысының өзі қарсы алуы қонаққа құрметтің төресі саналады.Бұның барлығын көп оқырман әлеуметтік желіден де көріп отырған болуы керек. Бүгін сапар жалғасып жатыр», – дейді ол.

Амангелді Құрметұлының айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін де Түркияға төрт мәрте – мемлекеттік, ресми және жұмыс сапарларымен барған. Алайда бұл жолғы сапардың ерекшелігі – оның геосаяси мәні мен көпқырлы мазмұнында. Бұл – тек екіжақты қатынастардың жаңа парағы ғана емес, тұтас түркі әлемінің болашағына әсер ететін стратегиялық қадам.

Саяси диалог, геосаяси салмақ және экономикалық әріптестік

Сапар бағдарламасы мазмұнды болмақ. Президенттер қазақ-түрік стратегиялық серіктестігін тереңдету, аймақтық қауіпсіздік, энергетикалық тұрақтылық және түркі интеграциясы секілді мәселелерді талқылайды деп күтілуде. Екі елдің ұстанымы – көпвекторлы сыртқы саясатқа негізделген, бұл қазіргі әлемдегі тұрақсыз геосаяси жағдайда өзара қолдауға аса маңызды.

Сонымен қатар, Түркия – НАТО мүшесі, ал Қазақстан – Орталық Азиядағы жетекші мемлекет ретінде Шығыс пен Батыстың арасында тепе-тең саясат жүргізуге мүдделі. Осы орайда, қазақ-түрік стратегиялық әріптестігі геосаяси тұрғыдан да үлкен мәнге ие бола түспек.

Сапар барысында екіжақты инвестициялық жобалар, сауда-экономикалық серіктестік, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығындағы ынтымақтастық мәселелері басты назарда болуы ықтимал.

Түркия – Қазақстан экономикасына белсенді түрде инвестиция салып отырған мемлекеттердің бірі. Түркия Қазақстанның сауда-экономикалық серіктестері арасында бесінші орында тұр. 2023 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 5 миллиард АҚШ долларына жеткен. Соның ішінде Қазақстаннан Түркияға шығарылған экспорт көлемі 3,3 миллиард долларды құраса, Түркиядан жеткізілген импорт 1,7 миллиард долларға тең болды. Қазақстан негізінен мұнай және мұнай өнімдері, мыс, қорғасын, мырыш, алюминий, табиғи газ және мақта экспорттайды. Ал Түркиядан елімізге әкелінетін негізгі тауарлар қатарында дәрі-дәрмек, күнбағыс тұқымы, киім-кешек, автокөліктер мен олардың қосалқы бөлшектері бар.

2025 жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы 2 миллиард долларға жуықтады. Қаңтар мен мамыр аралығында Қазақстан 1,3 миллиард доллардың өнімін Түркияға экспорттап, 643 миллион доллардың тауарын импорттаған.

Болашақта бұл көрсеткіш арта түсетіні анық, себебі Президент Тоқаев Түркиямен трансұлттық логистика, энергетика және жоғары технология салаларында бірлескен жобаларды дамытуға ерекше мән беріп келеді.

Нақтырақ айтқанда, екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі – көлік және логистика саласындағы әріптестік. 2023 жылы екі ел арасындағы теміржол арқылы жүк тасымалы 14 пайызға өсіп, жалпы көлемі 5 миллион тоннаға жуықтады. Ал автокөлікпен жеткізілген жүк көлемі 732 мың тоннаға жетіп, 0,4 пайызға артқан.

Қазір екі ел Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытуға баса мән беріп отыр. Бұл бағыттағы нақты жұмыстар қолға алынған. Өткен жылы осы дәліз арқылы тасымалданған жүк көлемі 62 пайыз өсіп, 4,5 миллион тоннаға жеткен. Алдағы жылдары бұл көрсеткішті 10 миллион тоннаға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

«Өз басым бұл сапарда экономикалық астар молырақ болады деп есептеймін. Соның ішінде көлік-логистика саласы және ауыл шаруашылық саласына көңіл бөлінетін сияқты. Көлік-логистика саласының ең ерекше тұсы – Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған жаңа ұстаным. Яғни, бұрын көлік-логистика байланыстарын темір жолдармен, автомобильжолдарымен бағалап келген болсақ, енді оған авиациялық бағыт та қосылуы мүмкін. Бұл ретте, Қазақстанның әуе кеңістігін халықаралық әуе көлігімен,жүк тасымалдау бағытына қолдану мүмкіндігін арттыру маңызды. Баршаға белгілі, Ақтөбеде арнайы хаб салынып жатыр. Енді түріктер де атсалыса бастады. Демек әуе кеңістігін жүк тасымалына пайдалану жаңа бағыт болып ескеріліп жатқан сыңайлы. Алда әлі де кездесулер бар. Стратегиялық-ынтымақтастық жөніндегі кеңестің V отырысы өтеді. Тағы бірқатар іс-шаралар бар. Өз басым Түркия мен Қазақстан арасындағы байланыстардың жаңа бір деңгейі деп бағалап отырмын», — дейді Амангелді Құрметұлы.

Қазақстан мен Түркия – Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) негізгі жетекші елдері. Бұл сапар аясында мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдету, білім, туризм және жастар саясаты саласындағы жобаларды ілгерілету мүмкіндіктері де қарастырылмақ.

Түйін

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркияға ресми сапары – тек екі ел арасындағы байланыстардың беріктігін көрсету ғана емес, жаңа кезеңге қадам басудың белгісі. Бұл сапар нәтижесінде Қазақстан мен Түркия экономикалық, саяси және мәдени ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеретіні сөзсіз.

Бұл сапар екі ел арасындағы көпжылдық сенім мен ынтымақтастықты тереңдетіп қана қоймай, оны нақты стратегиялық жобалармен және көпқырлы әріптестікпен бекемдеуге бағытталған. Екі мемлекет арасындағы ықпалдастық енді тек екіжақты ғана емес, тұтас түркі әлемінің болашағына әсер ететін маңызды факторға айналуда.

Түйіндей айтқанда, түбі бір түркі туыстығы енді ортақ тарихи-мәдени мұрамен ғана емес, нақты мазмұнға ие прагматикалық серіктестікпен нығая түсті. Бұл – тек Қазақстан мен Түркия үшін емес, бүкіл түркі дүниесінің саяси бірлігі мен өркендеу жолындағы маңызды бетбұрыс екені анық.