2026 жылы Қырғыз Республикасында өтетін VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасынан қазақтың ұлттық ойыны – көкпар алынып тасталды. Спорт журналисі Аслан Қаженов байкот жариялап, көрші елде өтетін ойынға бармау керек екенін айтты , деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Сөзінше, қазақтың ұлттық спорты жоқ жарысқа қатысу дұрыс емес.

Байкот жариялау керек! Қазақтың көкпары Көшпенділер ойындарынан алынып тасталды. Яғни, 2026 жылғы жарыс бағдарламасында жоқ. Бұндай шешімді қырғыз тарапы шығарып отыр. Көкпар жоқ жерде, қазақ та жоқ. Сондықтан, алдағы жылы көрші елде өтетін ойындарға мүлде бармауды ұсынамын.

Біреудің көңіліне қарап, шапқылай беретін шама жоқ. Ұлттық спортымыз – ұлттық рухымыз. Егер оны керек қылмаса, онда бізге ондай ойынның да керегі жоқ. Одан да өзіміздің ішкі чемпионаттар бар, халықаралық турнирлер бар, әлемдік жарыстар бар, соны өткізе берейік. Өзіміз насихаттап, өзіміз көтермелейік. Бәрін шешетін өзіміз ғой, — деп жазды журналист желідегі парақшасында.

Бұдан бөлек көкпаршы жігіттерді қолдауға шақырды.

"Ең бастысы — жігіттерді табаламасақ болғаны. Олар кез-келген жарыс алаңына шығып, барын да, жанын да салуға дайын. Бірақ, дәл осы жағдайда қажет пе?! Қазақстанда өткен Көшпенділер ойындарында көкпар да болды, көкбөрі де болды. Ал, Қырғызстанда өтетін жарыста көкбөрі ғана болады. Жарайды. Ендеше өздерімен өздері ойнай берсін...", - деп түйіндеді ол.