Шығыс Қазақстан облысында биыл « Келешек мектептері» бағдарламасы аясында үш білім ошағы салынады.
Қазір Өскемен мен Глубокое ауданында құрылыс қызу жүріп жатыр.
Облыс орталығында тағы бір мектеп пайдалануға беріліп, оқушыларды қабылдай бастады. Бірақ Мәжіліс депутаттары салынып жатқан ғимараттардың құрылысы уақытылы аяқталмай қала ма деп алаңдап отыр.
Тұрғындар Комбинат ықшам ауданындағы жаңа мектепті ұзақ күтті. Соңғы жылдары мұнда көпбалалы және әлеуметтік осал топтағы отбасылар үшін үйлер салынып жатыр. Содан болар мектептерде орын тапшылығы байқалады.
Жанғазы Әліпбаев, білім басқармасы басшысының орынбасары:
- Бұл келешек мектептерінің жабдықталуы бәрі соңғы талаптарға сәйкес жүргізілген. Балаларға барлық жағдай жасалған. Бұл мектепте оқитын балалардың білім сапасын арттыруға жоспарланып отыр. Осы ауданда 46, 48-мектепте оқитын балалар осында көшірілетін болады.
Жаңа мектеп 600 оқушыны қабылдай алады. Жоспар бойынша қыркүйекте ашылуы керек. Бірақ қазір құрылыстың 75 пайызы ғана орындалған. Бұл жағдай депутаттарды алаңдатып отыр.
Ерлан Саиров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Ішкі әрлеу жұмыстары әлі аяқталмапты. Жабдықтар әкелінбеген. Алда небәрі бір жарым ай қалды. Сондықтан құрылысшылар үлгере ме, жоқ па деген сұрақ туындайды.
Қазір аумақ абаттандырылып, қабырғалар сырланып жатыр. Қажетті жабдықтар да осы аптада келеді. Мердігер ұйым өкілдері жұмысты шілденің соңына дейін аяқтаймыз деп сендірді.
Владислав Ракульцев, құрылыс компаниясының жоба жетекшісі:
- Қазір күшейтілген режимге көштік. Қосымша жұмысшылар тартылды. Екі ауысымда істеп жатырмыз.
Құрылыс алаңында 170 адам бар. Ал «Бабкина Мельница» ықшам ауданында салынған тағы бір мектеп оқушыларды қабылдауға дайын. Оның бастауыш сынып пен шағын орталыққа арналған жеке ғимараты да бар.
Алмаш Сапарғалиева, мектеп директоры:
- Мұнда жас зерттеушілерге арналған құрал-жабдықтар, «Жас физик», «Жас механик» жиынтықтары бар. Яғни балалар бастауыш сыныптан бастап инженерлік бағытқа бейімделіп, зерттеушілік дағдыларын дамыта алады. Сонымен қатар мектепте оқушыларға да, мұғалімдерге де жағдай жасалған.
Қазір мектепке қызметкерлер қабылданып жатыр. Ата-аналар да балаларын тіркеуге өтініш беру үстінде. Өскемен тұрғыны Гауһар Қуанышева бұл жаңалыққа дән риза. Себебі қызы қала ішіндегі мектептке қатынап оқитын.
Гауһар Қуанышева, Өскемен қаласының тұрғыны:
- Қаладағы мектепке баратынбыз. Оған көлік жағынан кішкентай қиындау болды. Қыс кезінде ұзақ тосатынбыз. Өте қуаныштымыз көптен күткен мектебіміз ашылып жатқанына.
Соңғы екі жылда өңірде осы бағдарлама аясында 5 мектеп салынды. Жыл соңына дейін тағы екі білім ұясы пайдалануға берілмек.
Рүстем Қайратұлы, Анель Есенбердина, Жігер Бабақанов