Бағалардың өсуі шілде айынан басталады.
Қазақстанда 1 шілдеден бастап бірқатар маңызды өзгеріс күшіне енеді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Коммуналдық қызметтер тарифі өседі
1 шілдеден бастап еліміз бойынша монополистердің қызметтеріне жаңа тарифтер күшіне енеді. Жылу, су, жарық пен кәріз жүйесі үшін халық бұрынғыдан көп төлейтін болады.
Алматыда халық үшін жылу 20 пайызға қымбаттап, 7007 теңге болады (гигакалорияға). Бизнестің шығыны 30 пайызға артып, 16 731,57 теңгеге жетеді. Бюджеттік мекемелер үшін 36 пайызға өседі. Бұл жөнінде «Алматы жылу желілері» компаниясы хабарлады.
Олардың айтуынша, жылу желілерінің тозу деңгейі 60 пайызға жуық. «Тарифті инвестицияға айырбастау» мемлекеттік саясаты аясында жиналған қаражат жөндеу жұмыстарына жұмсалады.
Алматылықтар үшін бір текше метр су 55 теңге 2 тиын, ал кәріз үшін-32 теңге 74 тиын болады.
«Сумен жабдықтау және су бұру саласында халық үшін өсім 15 пайызды құрайды. Бір бөлмелі пәтер үшін орташа төлем 1000 теңге, екі бөлмелі үшін шамамен 1800 теңге, ал үш бөлмелі пәтер үшін 2400 теңге болады»,- дейді комитет департаментінің жетекшісі Әсел Буденеева.
Елордада сәуір айында жылу тасымалы тарифін 30 пайызға көтеру ұсынылған болатын. Бірақ қазіргі уақытта тарифтер әлі бекітілмеген, келесі аптада шешіледі. Алайда ауыз су тарифі бекітілді: халық үшін баға 48,46 теңгеден 58,15 теңгеге дейін өседі. Бюджеттік мекемелер үшін-242,46 теңге.
Ақмолада да шілдеден бастап коммуналдық қызметтер қымбаттайды. Сарапшылар мұны желілердің тозуымен түсіндіреді. Электрмен қамту-70%, сумен қамту-50%, кәріз жүйесі-60%, жылумен қамту-55%. Облыста жеті кәсіпорын тарифтерді көтереді.
Газ бағасы жаңартылады
1 шілдеден бастап елде тауарлық газдың жаңартылған шекті бағалары қолданыла бастайды. Алматы, Алматы облысы және Жетісу өңірлеріндегі ірі коммерциялық тұтынушылар үшін ең жоғары шекті баға – ҚҚС-сыз мың текше метрге 76 686 теңге. Қалған тұтынушылар үшін ішкі нарықтағы тариф айтарлықтай төмен: ең жоғарысы – 39 979 теңге.
Сұйытылған газдың көтерме бағасы өзгеріссіз қалады
2025 жылғы 1 шілдеден 31 желтоқсанға дейін сұйытылған мұнай газының көтерме сату бағасы 51 932 теңге көлемінде сақталады.
Жаңа кәсіби мереке енгізілді
Қазақстанда жаңа кәсіби мереке – Теңіз және өзен көлігі қызметкерлері күні бекітілді. Ол шілденің алғашқы жексенбісінде атап өтіледі. Биыл алғаш рет ол 6 шілдеде тойланады.
Кәсіби қабылдаушы отбасылар туралы ереже күшіне енеді
Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 4 балаға дейін уақытша отбасы беруді көздейтін жаңа бағдарлама басталады. Қабылдаушы ата-ана болуға 30-63 жас аралығындағы азаматтар үміткер бола алады. Еңбекақы – айына 70 АЕК (2025 жылы – 275 240 тг), ал әр балаға – 10 АЕК (39 320 тг) беріледі.
EXPO шарының мәртебесі өзгереді
Нұр-Әлем сферасы (EXPO шары) Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қарамағына өтеді. Қазір ғимаратта күрделі жөндеу жүріп жатыр. Жаңартылған нысан Digital Bridge форумында, қазан айында ашылады.
Банктер жаңа есептерді тапсырады
Банктер мен қаржы ұйымдары енді Ұлттық банкке жеке тұлғалардың есепшоттары бойынша қосымша есептер тапсырады. Бұл шара қаржылық заңбұзушылықтармен күресуге бағытталған. Мәліметтер негізінен жасырын түрде болады, бірақ реттеуші сұраныс бойынша ЖСН немесе БИН ала алады.
Астанада жаңа кассациялық соттар ашылады
Азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істер бойынша үш кассациялық сот жұмысын бастайды. Оларға 90 судья тартылады. Арнайы департамент құрылып, бюджеттен қаржыландырылады. Жалпы шығын көлемі бағдарлама шеңберіндегі 6,5%-дан аспайды.
Химиялық тауарларға таңбалау енгізіледі
Пилоттық жоба шеңберінде шілдеден бастап сабын, жуғыш заттар мен сулықтар секілді тұрмыстық химия өнімдері таңбаланады.
Электр энергиясы мен су
Электр жарығы 21 пайызға қымбаттап, 8,8 теңге (1 кВт үшін) болады. Ыстық және салқын су-23%, кәріз қызметі-14 пайызға өседі. Монополистердің мәлімдеуінше, бағаны көтеру арқылы олар желілерді жөндеп, қызметкерлерге жалақыны арттыруды көздеп отыр. Қазіргі таңда желілердің тозу деңгейі -75%.
Шілде айындағы демалыс күндері
5, 6 және 7 шілде – қатарынан үш күн демалыс болады (Астана күніне орай). Бескүндік жұмыс кестесімен істейтіндер үшін – 9 демалыс, 22 жұмыс күні. Ал алты күндік жұмыс кестесінде – 5 демалыс, 26 жұмыс күні болады.