Халықаралық турнирге әлем елдерінен 60-тан астам команда қатысып жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Мұндай деңгейдегі байқау алғаш рет өтті. Ұйымдастырушылар жарыста күнделікті өмірде қолдануға ең қолайлы әрі икемді роботты анықтайды.

Роботтар айқасы Қытайдың Шанхай қаласында өтіп жатыр. Мұнда әлемнің үздік робот жасайтын компаниялары жиналды. Бір ғана Қытайдан 10 команда қатысуда. Олар өз құлтемірлерінің мүмкіндіктерін көрсетіп үздік жобаны анықтайды.

Цзян Лэй, Ұлттық инновация орталығының ғылыми қызметкері:

- Байқау сценарийі ұзақ жасалды. Жарыс тәртібін жасауға кәсіпорындар тартылды. Біз 150-ге тарта робот құрастыратын кәсіпорынның ұсынысын қатыстырдық. Әрбір сайыс берілген ұсыныстардың негізінде жан-жақты қаралып, енгізілді.

Байқау ережесіне сай роботтар бес санат бойынша 28 түрлі тапсырманы орындауы тиіс. Жоба авторлары негізгі технологиялық артықшылақтарын көрсетеді. Құлтемірлерге берілген сынақта киім жинау, тоңазытқыштан зат алу, түрлі апат кезінде әрекет ете алу сияқты қасиеттері тексеріледі. Тіпті футбол ойнап та жарысады.

Лю Цзиньчан, Қытайдың заманауи технологиялар орталығының зерттеушісі:

- Бұл байқауды өткізу арқылы негізгі екі нәрсені айқындап аламыз. Бірінші жасанды интеллектіге негізделген гуманоидты роботтардың қазіргі мүмкіндіктері анықталады. Екіншіден, оларды бұдан әрі дамыту бағыты нақтыланады. Бұл технологиялар болашақ ғылыми-техникалық салалар үшін аса маңызды

Сайыс аясында инновациялық өнімдер көрмесі де өтіп жатыр. Онда Қытайдың робототехникамен айналысатын 80-нен астам компаниясының жобалары таныстырылуда. Ұйымдастырушылар мұндай жарыстар осы роботтарды тиімді қолданып, шынайы өмірде пайдалану аясын кеңейтуге мүмкіндік береді деп санайды. Бұл жарыстан жеңіп шыққан командалар 26-28 шілдеде өтетін жасанды интеллект жөніндегі дүниежүзілік конференция аясындағы турнирге жолдама алады.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Мадияр Ерсайын