1 шілдеден бастап елде тәуелсіз кассациялық соттар құрылып, Жоғарғы Соттың рөлі өзгереді. Енді тұрғындар сот актілерін қайта қарау туралы арыз емес, кассациялық шағым түсіреді. Істерді жүргізудің барлық түріне қадағалаудың бірыңғай ережелері енгізілмек. Тиісті заңға Мемлекет басшысы былтыр қол қойған. Қазір құқықтық жүйеде осы және өзге де ауқымды реформалар жүріп жатыр. Салада тағы қандай жаңашылдықтар бар?
Елде әділдігі мен адалдығы қатар жүретін, құлқы үшін емес, халқы үшін қызмет ететін судьялар көп. Солардың бірі – Астана қалалық сотының судьясы Оралхан Тұрсынов. Еңбек өтілі 15 жылдан асатын маман бүгінге дейін мыңдаған істі қарап, тиісті шешімін шығарған. Ал салаға кездейсоқ емес, жүрек қалауы бойынша келіпті.
Оралхан Тұрсынов, қалалық соттың судьясы:
- «Бидайдың барар жері – диірмен» дейді. Сол секілді қандай дау болсын, осы сот саласына келеді. Сондықтан судья боламын деп шештім. Бірнеше рет емтихан да тапсырдым. Кейбір салада «Медаль алдым», – деп айтып жатады ғой. Ол әр судьяның арманы. Біздің шығарған сот актіміз Жоғарғы Соттан өтіп, күшінде қалса, бұл әр судья үшін медаль мен орден алғанмен бірдей.
Соңғы 4-5 жылда құқықтық жүйеге ауқымды өзгерістер енгізіле бастады. Конституциялық сот секілді жекелеген соттар пайда болды. Ал енді бірінші шілдеден бастап үш дербес Кассациялық сот құрылады. Кадрлық құрам тәжірибелі судьялардан жасақталуы тиіс.
Оралхан Тұрсынов, қалалық соттың судьясы:
- Осы кассациялық соттарды құрғанға дейін аудандық сот бірінші инстанция, екінші инстанция ол қалалық және облыстық соттар, үшінші кассациялық сот ретінде Жоғарғы Сот болатын. Енді бұдан былай 1 шілдеден бастап Жоғарғы Сот іс қарамайды. Тек қана осы қылмыстық, әкімшілік, азаматтық – үш бір-біріне тәуелсіз Кассациялық сот құрылады.
Цифрландыру сот жүйесін айналып өтпеді. Мәселен, қазір кез келген тұрғын үйінен шықпай-ақ, өз арыз-шағымын арнайы платформа арқылы бере алады. Бұған қоса түрлі қылмыстық істер Сот пен ақпараттық ресурстардың тікелей эфирінде ашық көрсетіледі. Демек дәл осы сандық формат арқылы соттың қоғамдағы мәртебесі артып, халықтың судьяларға деген сенімі күшейді деп нық айтуға болады.
Алмас Сәлімов, қалалық азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы:
- Қазір ел азаматтары сотқа келе бермейді. Себебі ондағы сандық формат уақытты үнемдеп, біздің жүйемізге оң әсерін беріп жатыр. Осы арқылы жұмысымыздың ашықтығын да көруге болады. Қазір істердің 90%-і онлайн қаралып жатыр. Тұрғындар азаматтық іске қатысты құжаттарын ұялы телефон арқылы көріп ала алады.
Салада маман тапшылығы да жоқ емес. Қазір елде 300-ге жуық судья жетіспейді. Ал жалпы республика бойынша сот жүйесінде 6 мыңнан астам маман еңбек етіп жатыр. Олар өз білім-біліктілігін үнемі арттырып отырады.
Авторлары: Альмира Оразбай, Асхат Қарақойшиев