Талғар қаласында FIFA талаптарына сай заманауи футбол академиясының құрылысы басталды.

Жоба Қазақстан футбол федерациясының бастамасымен Алматы халықаралық әуежайының қаржылай қолдауымен жүзеге асады. Оған 8 миллион евро инвестиция салынады. Академияға елдің барлық өңірінен балалар қабылданады. Олардың алаңсыз дайындалуына барлық жағдай жасалады. Кешеннің аумағы 5 мың 520 шаршы метр. Мұнда оқу және жаттығу залдары, жатақхана мен медицина кабинеттері ашылады. Футбол федерациясы өкілдерінің айтуынша, жаңа академия елдегі балалар спортын дамытуға септігін тигізеді.

Марат Омаров, Қазақстан футбол федерациясының президенті:

- Балалар осы жерде тұрады. Күндіз Талғардың мектебінде оқиды. Түстен кейін футбол үйренеді. Осы жерде тамақтанады. Демалыс күндері үйлеріне барып тұрады. Бағдарлама 2-3 жылға арналған.

Серкан Каптан, TAV Airports Holding бас директоры:

- Спорт адамдарды жақындастырып, әр баланың бойындағы қабілетін ашады. Қазақстан футболының дамуына үлес қосып жатқанымызды мақтан тұтамыз. Жастарды қолдау, оларды биік шыңға жетелеу біз үшін мәртебе.