«Qarmet» компаниясы «Алтын Гефест 2025» ұлттық байқауында ерекше цифрлық жобалары үшін «Тау-кен металлургия кешеніндегі ең үздік digital-шешім» арнайы аталымында жеңімпаз атанды. Компанияның Көмір департаменті Диспетчерлік-талдау орталығын және елімізде баламасы жоқ – персонал мен техника позициясын анықтайтын біріктірілген жүйені әзірлеп, іске қосқан.
Әр шахтермен жеке байланыс жүйесі орнайды
Орталық 2024 жылғы тамызда Қарағанды қаласында іске қосылған және қазірдің өзінде нақты нәтижелер көрсетіп отыр. Шахталарда газ деңгейінің көтерілуіне байланысты болатын төтенше жағдайлар саны 43,8%-ға азайған. Жоба – «Qarmet» компаниясының кең көлемді цифрландыру бағдарламасының бір бөлігі және отандық DMMS өндірістік басқару платформасы негізінде жұмыс істейді. Жобаның негізгі мақсаты – өндірістік қауіпсіздік деңгейін арттыру және барлық 8 шахтада басқаруды жақсарту. «Qarmet» АҚ Тұрақты даму жөніндегі басқарушы директоры Ербол Исмаиловтың айтуынша, жерасты позициялау жүйесі қазірдің өзінде 4 шахтада енгізілген, жыл соңына дейін барлық шахтада жұмыс істейді.
«Бұл жүйе бізге әр шахтердің қай жерде екенін, оның жағдайын, жұмыс орнындағы ауа мен желдетудің жай-күйін бақылауға мүмкіндік береді. Біз жер астындағы әр қызметкермен байланысқа шыға аламыз», дейді Е.Исмаилов.
Өндірісті цифрландырудың пайдасы неде?
Көмір департаментінің бас энергетигі Юрий Барковскийдің айтуынша, кен орындарына жарылысқа төзімді бейнебақылау жүйесі орнатылған.
«Ол газды ортада да жұмыс істейді. Камералар байланысқа қосылған сәттен соңғы минутқа дейін көрсетеді. Онда қуаттаушы стансалар бар. Мұнымен қоса, шахталарға кіру турникеті мен автоматтандырылған медициналық қондырғылар орнатылған. Олар кеншінің денсаулығын бірден тексереді. Талапқа сәйкес келмеген жағдайда жер астында жұмыс істеуіне шектеу қойылады. Арнайы терминалдар кеншілердің қауіпсіздік туралы білімін жетілдіруін қамтамасыз етеді. Олар сынақ тапсырып, нәтижелерін дереу көреді», дейді.
«Alarmphone» ахуалды түзейді
Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағандыға сапарында «Qarmet»-тің диспетчерлік-талдау орталығын аралап көрді. Президент шахтерлердің өндірістегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында қабылданған тың шаралармен танысты. Мемлекет басшысы «Саран» шахтасында, 620 метр тереңдікте жұмыс істеп жатқан кеншілермен бейнебайланыс арқылы сөйлесті. Кәсіпорын жұмысшыларды жаңа «alarmphone» құрылғысымен жабдықтаған. Қорғаныс деңгейі аса жоғары гаджетте қызметкермен жедел байланысуға арналған смартфон функциясы бар.
Қарағанды облысы