t.me/aqorda_resmi

Қазақстан мен Қытай қатынасы «алтын кезеңге» қадам басты. Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізген Қасым Жомарт Тоқаев осылай деді. Қытай Төрағасы да арадағы достық байланысты жоғары бағалап, «өңірдің және әлемнің дамуына үлес қосу үшін екі елдің ынтымағын нығайтуға әзірмін», – деді. Бүгін 24 үкіметаралық және ведомствоаралық құжатқа қол қойылды.

Қытай төрағасы қазақ жерінде қашаннан да қадірлі қонақ. Әр сапары сапалы байланыс пен берік достықтың көрінісі. Мемлекет басшысы әріптесі Си Цзиньпинге осылай сый көрсетті. Оның үстіне елімізге сапары туған күнімен тұспа-тұс келген.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қытай Халық Республикасы – Қазақстанның тату көршісі, жақын досы және сенімді серіктесі. Сан қырлы қазақ-қытай ықпалдастығы сіздің жеке қолдауыңызбен мәңгі әрі жан-жақты стратегиялық әріптeстік рухында және бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып келе жатыр. Мұны ерекше ықыласпен атап өткім келеді. Ортақ тарихымызға мұқият үңілсек, елдеріміздің арасында ешқандай түйткілдер немесе тосқауылдар болмаған. Тек қана өзара достық пен ықпалдастық, түсіністік пен жылы лебіздер басым болды.

Президент екіжақты қатынас нығайып жатқанын және жаңа «алтын кезеңге» қадам басқанын атап өтті. Татулықтың арқасында тараптар табысты байланыс орнатып, сан салада сапалы алыс-беріс жасап отыр. Қытай – Қазақстанның тату көршісі және уақыт тезінен өткен сенімді стратегиялық серіктесі. Геосаяси сын-қатерлер мен дүрбелеңдер, халықаралық ахуал теріс әсерін тигізе алмайды. Халықаралық және өңірлік ұйымдар аясында да өзара ықпалдастық пен ымыра зор. Былтыр екіжақты сауда-саттық көлемі 44 миллиард долларға жеткен. Бұл рекордтық көрсеткіш. Мәдени-гуманитарлық салада да жетістік көп. Елде мәдениет орталықтары, Лу Бань шеберханалары, Қытай жоғары оқу орындары мен ғылыми-техникалық орталықтарының филиалдары ашылды. Қазақстан Конфуций орталықтарына қолдау көрсетеді. Ал биыл «Қазақстандағы Қытай туризмінің жылы» болып жарияланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қытай халқы қазақ халқына ешқандай зиян келтірген жоқ. Біз бірлескен күш-жігеріміздің арқасында көпке үлгі боларлық, мемлекетаралық ынтымақтастық орнаттық. Өзара тығыз байланыстарымыз сан түрлі бағытта дамып жатыр. Екіжақты қарым-қатынасымыз жылдан жылға нығайып, «алтын кезеңге» қадам басты. Достық байланысымыз елдеріміздің тұрақты әлеуметтік дамуына және халықтарымыздың әл-ауқатын жақсартуға зор септігін тигізіп отыр. Қазақстан Қытай Халық Республикасымен ынтымақтастығын жаңа белеске көтеруді көздейді. Бұл екі елдің де мүддесіне сай келеді.

Си Цзиньпин де ағынан жарылды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Қазақстан ұлттық жаңғыру жолына түскенін, ел дамуында тың табыстарға қол жеткізіп келе жатқанын атап өтті.

Си Цзиньпин, ҚХР Төрағасы:

- Тату көрші әрі стратегиялық серіктес ретінде біз сіздердің жетістіктеріңізге тәнтіміз. Сіздер үшін қуаныштымыз. Қытай мен Қазақстанның қарым-қатынасы құбылмалы әлемнің сынына төтеп беріп, қарқынды дамып келеді. Бұл географиялық тұрғыдан жақындықтың, ғасырларға ұласқан достықтың арқасы ғана емес, елдеріміздің өркендеу жолындағы табиғи сұранысы. Соңғы жылдары бірлескен күш-жігердің нәтижесінде тағдыры ортақ Қытай мен Қазақстан арасындағы ықпалдастық жаңа мән-мазмұнмен толығып жатыр. Бірқатар әлеуметтік маңызы бар жобаның жүзеге асырылуы қос халыққа айтарлықтай пайда әкелді. Мен өзіңізбен тізе қосып, Қытай-Қазақстан достығын нығайтуға, өңірдің және жалпы әлемнің дамуына елеулі үлес қосу үшін екі елдің сан қырлы ынтымақтастығын одан әрі ілгерілетуге әзірмін.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин жүргізген келіссөз нәтижесінде 24 үкіметаралық және ведомствоаралық құжатқа қол қойылды. Делегация мүшелері энергетика, аэроғарыш, цифрландыру, кеден, ауыл шаруашылығы, электронды сауда, туризм, зияткерлік меншік, медицина, медиа, ғылым, өңіраралық байланыс салаларындағы ынтымақтастықты қамтитын құжаттармен алмасты.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Нысаналы Ығыл