Ойын ойнамайды, зауытта жұмыс істейді. Ұстаханада көрік басады , темір балқытады. Мектепке барып сөмке ұстамайды, ауыр жүк тасиды. Еңбекке ерте араласқан баланың күні осы.

Психологтар бұғанасы қатаймай жұмыс істеген балалардың 30%-тен астамы күйзеліске ұшырайтынын айтады. Бұл тек әлеуметтік мәселе ғана емес, ұрпаққа қауіп. Еріксіз еңбекке жегілген жеткіншектің болашағы бұлыңғыр. Ол өзінің ғана емес, өзінен кейінгі ұрпақтың келешегіне балта шабады. Ғалымдар осылай дейді.

Ата-анасы оқымаған баланың болашағы бұлыңғыр

Балалардың еңбекке ерте жегілуіне көбіне отбасындағы жағдай себеп болады. Әдетте әлеуметтік жағынан аз қамтылған, әке-шешесі сауатсыз балалар жастайынан жұмыс істейді. Өйткені бұл жасөспірімдердің әлемі бөлек. Қорғансыз, қорқақ әрі томаға тұйық болып келеді. Ал осы мінез олардың ата-ана болу қабілетіне, болашақта балаларына жағдай жасау мүмкіндігіне кері әсер етуі мүмкін. Child rights and you халықаралық балалар құқығын қорғау ұйымының зерттеуі осыны айғақтап отыр. Олар келтірген мәліметке қарағанда кішкентай кезінде білім алудың орнына ауыр еңбек еткен адамдардың балалары әке-шешесінің тағдырын қайталайды. Өйткені олар баласына осы әрекетті жалғастыруды талап етеді.

Жилбер Ф. Унгбо, халықаралық еңбек ұйымының бас директоры:

- Балалар еңбек етудің орнына білім алуы тиіс. Ол үшін ата-аналары лайықты жұмыс істеп, қолдау көрсетуі керек. Сонда ғана олар балаларының тауар сатумен айналыспай, сабаққа барып, білім алуын қамтамасыз ете алады. Бірақ біз баланы мәжбүрлі еңбектен қорғау бойынша нақты межеге қол жеткізу үшін біраз уақыт қажет екенін де ескеруіміз керек.

Жұмысқа жегілген бала күйзеліске жиі шалдығады

Ойын баласы жұмыс істеудің орнына далада асыр салып жүргісі келеді. Ата-ана жағдайды ұғынып, әрекет етпейінше үрдіс жалғаса береді. Бірақ бұл балада жан жарасын туғызуы мүмкін. Яғни ерте жастан еңбек ету жеткіншектің психологиясына кері әсері етеді. Бразилиялық ғалымдар кейінгі зерттеуінде осыны анықтады. Олардың айтуынша, 10-14 жастағы балаға қарағанда 15-17 жасында жұмысқа жегілген жеткіншектің күйзеліске шалдығу қаупі 0,6% ғана. Жұмыс істеу жасы ұлғайған сайын стреске бейімділік азая береді.

Өнерге ерте араласқан балаға қоғамның ықпалы көп

Ерте жастан кәсіби өнерге араласқан балалардың шамамен 30%-ы депрессия мен мазасыздық сияқты психологиялық ауруларға шалдығады. American Psychological Association келтірген дерек осындай. Мәліметке қарағанда бұл жасөспірімдер өздеріне көп жауапкершілік алып, қоғамдық қысымға ұшырайды. Мысалы, әйгілі «Үйде жалғыз» фильмінде басты кейіпкерді ойнаған танымал актёр Маккарли Карр осындай ауытқушылыққа ұшыраған. Ол жасөспірім кезінде кәсіби өнерде белсенді қызмет етіп, кейін осы ортаның қысымы оның санасына кері әсер еткенін айтады. Мұндай жағдай балалардың эмоционалдық күйі мен дамуына теріс ықпал етеді.

Әлемде Маккарли секілді күйзелісті жағдайды бастан кешкен әртістер көп. Disney компаниясының балаларға арналған танымал бағдарламасы «Микки Маус клубында» талай жас таланттар өнер көрсетті. Алайда жобаға қатысқандардың біразы кейін психологиялық тұрғыдан көп қиындыққа тап болған. Өнер жолына 15 жасында келген Кери Рассел, 12 жасында Бритни Спирс, Райан Гослинг, Томми Кирк сияқты әртістер танымалдылықты көтере алмай, өсе келе психикалық күйзеліске ұшырап, қатты зардап шеккен.

Еңбекке тартылған балалардың 22%-і жарақат алады

Қара жұмыстың баланың физикалық денсаулығына кері салдары көп. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сәйкес кішкентайынан еңбекке аралсқан жасөспірімнің 22%-і жұмыс кезінде түрлі жарақат алады. Мысалы, ауыл шаруашылығында жұмыс істегенде химиялық тыңайтқыштардан тыныс алу жүйесі мен тері ауруларына шалдығады. Ал сүйек пен бұлшық еті толық дамымағандықтан, омыртқасы қисайып, буын аурулары пайда болуы ықтимал. Ұзақ уақыт жұмыс істеген балаларда шаршау, бастың ауруы және көру қабілетінің нашарлауы сияқты жайттар жиі кездеседі.

«Не ексең, соны орасың» демей ме қазақ. Балаға балалық шағында қылған қызмет, көрсеткен қолдау – болашағына жасалған қадам. Өйткені балалық шақ – еңбек ету емес, білім алып, тұлға болып қалыптасатын кезең. Ал ол үшін әр ата-ана қолдан келгенше мүмкіндікті жасап, қолдау көрсетуге тиіс.