Дүниеге сабыр керек. Сабыр­ сыздық әлемді буып барады. Бәріміз асығыспыз. Қайда асығамыз? Асығыстық – сабырсыздық. Ақыры не болмақ.

Санаға сабырлылық тілесек жақсы емес пе? Саясатқа да сабырлылық керек. Сабырсыз саясат адамзатты қаншама рет жарға жықты. Одан сабақ ала алдық па? Тарихи оқиғалар мәніне үңілсек, бәрі саясатқа әкеліп соғады. Өкінішке қарай, тарих дегеніміз негізінен саясаттың тарихына айналған. Тарих саясаттың тарихы болғанда, көп жағдайда шындық «шырылдап» қалады.

Мұсылман қауымы қай істе болсын, тіптен қаза үстінде қаралы ағайынға көңіл айтқанда дәстүр бойынша «сабыр-сабыр» дейді. Бірақ санаға сабыр­сыз шайтан енгелі қай заман. «Қайғы шығар ілімнен» деген ақын сөзі шындық. Адамзат ілім құрсауына түс­келі, адамшылық суалып бара ма деген күдігім бар. Адамшылық суалуы – қасі­рет. Мұндай жағдайда заман тозады, ұр­пақ азады. Үміт шамы көмескі тартады. Адамның екі асыл қасиеті: достық пен ға­шықтықты тот басады. Достық пысық­тыққа, ғашықтық құмарлыққа өтеді.

* * *

Қазіргі заманды іскерлік заманы дейміз, бірақ оның екі қыры бар: біріншісі – прагматизмге бастайтын қазақ елінің бүгіні мен ертеңіне қажетті іскерлік, екіншісі – таза пайда қуған күнәсі мен кінәсі араласқан сабырсыздық. Алғашқысы дұрыс, соңғысы адамшылыққа сын.

Ақын Шәкәрім қазақ қауымына 1912 жылы «Айқап» басылымы арқылы «Білімділерден бес түрлі сөздің шешуін сұрай ма», деп өтініш жасаған, соның соңғы сұрауы: «Заман өткен сайын адамның адамшылығы түзеліп бара ма, бұзылып бара жатыр ма?» деп толғанысқа түскен еді. Себебі Шәкәрім кезінде де сабырсыздық күшейген. Заманды «түзетпек» болған ілім Ресей өңірінде өріс ала бастаған. Ол ілімнің мағынасы «жаңа қоғам», «жаңа мемлекет» құру, оның идеологиясы – коммунистік идея. Бұл сабырсыздық идеясы болатын.

Сабырсыздықтың көкесі – революция. ХХ ғасыр апыр-топыр басталып, дүние шайқалып кетті емес пе? Билік әзәзілдің қолына өте бастады. Басты әзәзіл Карл Маркс, оның қабілетті шәкірттері Ресейде Ленин, онан соң Сталин сияқтылар болған.

Жуырда Ресей телернасының бірінен Михаил Булгаковтың «Мастер және Маргарита» романы бойынша түсірілген кинофильмін көрдім. Михаил Булгаковтың көрегендігіне таң-тамаша қалдым. Ол осы романы арқылы Ресейдегі әзәзіл билік құрған дәуірін (Қазан төңкерісі және содан кейінгі қоғамды) гротеск тәсілі арқылы баяндап берген.

Әзәзілдің қолынан келмейтіні жоқ, оның шәкірттері де ақылды, епті, сиқырлы. Біз қол астында қалған Ресей жерінде шайтандық дәуір ХХ ғасырдан басталып кетті. Шайтан азығы – сабырсыздық. Сабырсыз жан қазақ айтқандай қорқақ келеді. «Қорыққанға қос көрінеді» деген үрей сезімі билікті билегенде қантөгіс басталмақ. Солай болды. Ресей өңірінде дүлей қырғын басталды. Бұл әншейін қырғын емес, өзінше «дәлелдері», «теориялары» бар қырғын болды. Ол революция тео­риясы болатын. Бұл қасірет қазіргі алдыңғы қатарлы деп жүрген Англия мен Франциядан бастау алған. Бұл елдер «шайтандыққа» белуардан кіріп кетпей, бойларын тежеп ала алды. Басқа жолға түсті. Азғын теория Ресей патшалығында тез тарай бас­тады. «Коммунизм елесі» теориядан тәжірибеге ұласып, қазақ халқын революция құрсауына алды. Дүрілдеген сабырсыз саясат басталып кетті.

Хакім Шәкәрім мұны сезді, аласұр­ды, халқының аузына сөз, сұрау салды. Адам баласы заман өткен са­йын толығып келе ме, суалып келе ме деген мағынада. Шәкәрім білді, адамның қабілеті бар да, қасиеті бар. Алғашқысы өріс алып, шектен шығып кетті. ХІХ-ХХ ғасырларда, әсіресе Батыс Еуропа және Америкада ғылымның сансыз жаңалықтары ашылып, технология дәуірі өз мүмкіндігін жария етті. Мұның бәрі адамның шексіз қабілеті­не қатысты іс-шаралар. Ал Шәкәрім сұрағы адамның қасиетіне қатысты қойылған.

Адамның қасиеті дегеніміз не? Оны бір сөзбен түйіндесек, Еуропа ойшылдары «гуманизм» деген. Рас. Қазағымызға түсінікті болу үшін, бұл мәселеге жауапты хакім Абайдан іздесек, ол кісі былай деген: «Белгілі жәуанмәртілік (жақсы адам) үш хаслат (сипат) бірлән болар деген сиддық (шындық), кәрәм (ізгілік), ғақыл (даналық) – бұл үшіндән сиддық, ғадалет болар... Бұл айтылмыш үш хасләттің иелерінің алды – пайғамбарлар, онан соң – әулиелер, онан соң – хаким­дер, ақыры – кәміл мұсылмандар» (Абай. Алматы, 1977, 197-198 б.).

Пайғамбар Алла Тағаланың елшісі, хақ сөзді ұстаушы, хақ сөз насихатшысы, адасқан адамзатты жөнге салушы. Кітап түскен пайғамбарлар бар, соңғысы пайғамбарымыз – Мұхаммед.

Әулие – Алла Тағалаға құл болып, таза мұсылман жолына түскен, тақуа, жаны таза адам. Қазақ топырағында әулиелер баршылық, әулиесіз халық болмайтыны да анық.

Хакім – дүние пайдасын сөйлеуші, анығында хакім екі дүниеге де ортақ. Хакім мұсылман да, өзге дінде де болуы мүмкін. «Адаспай тура іздеген хакімдер болмаса дүние ойран болар еді» дейді Абай (ол да сонда 201-б.). Дүниені тыныштықта, бейбітшілікте ұстау әділеттілікті, сабырлықты талап етпек. Осы үш пиғылдағы адамдар (пайғамбарлар, әулиелер, хакімдер) жолын ұстаушылар кәміл мұсылмандар, яғни толық адамдар.

* * *

Ойлана келсек, Абай қазақ халқын талай «ойраннан» аман сақтап қалды. Абай біз үшін «таза ауа». Таза ауа қадірін қайсымыз біліп жатырмыз? Хакімдер сабыр сақтаушылар, олардың ісінде асығыстық (шайтандық) болмайды.

Революция пайғамбар, әулие деген­нің атын ататпай жойды. Масқара­сы барлық жоғары оқу орнындағы студенттерге міндетті түрде «Ғылыми атеизм негіздері» деген пәннен дәрістер оқылып, емтихан тапсыруларын қажеттілік етті. Құран кітабын қаралаған кезде амалсыз тыңдап қана отыратынбыз. Пайғамбарымыз Мұхаммед туралы неше түрлі сөз айты­ла­тын. Қазіргі қырық жастан асқан­дар бұл айтылып отырған жағдай­ды біледі. Мәселені біліп қана қой­май қайсыбірінің саналарында сол пән­нің cарқыншағы әлі сақталған. Сол за­манның қаншама құрсауынан шық­қылары келгенімен, «тұсаулы аттай» қадамын аша алмай, бүгінгі кей жағ­дайға сабырсыздық танытып, кешегі өткен күнді «әңгімелеріне тұздық» қылып жүргендері де шындық.

* * *

Революция кедейлерге арқа сүйеді. Кедейшілік ілім деңгейіне көтеріліп насихатталды. Кедейлік сана кедейлігіне, сезім кедейлігіне, сенім кедейлігіне жеткізіліп, адамдар адамшылықтан азды, кісіліктен кетті. Құран Кәрімнің «Бақара» сүресінің 268-аятында «Шайтан сендерге кедейлікті көлденең тартып, жаман істерге итермелейді, Алла Тағала сендерге зор кешірім мен қайырымын ұсынады. Алланың рақымы мол және бәрін біліп тұрады».

Шайтан кедейлікті де, асқан бай­лықты да мақсатына пайдаланбақ. Байлық дәулетке айналмаса, ол жерге шайтанның ұялағаны дей бер. Кеңес өкіметі жетпіс жыл бойы кедейшілікті насихаттап, нәтижесінде адамның рухани әлеміне қуыс, бос кеңістік қалыптастырды. Ол «қуыстың» мағынасы топастық, надандық. Тәуелсіздікке отыз үш жыл толса да, сол «қуысты» әлі толтыра алмай келеміз. Тіптен кей мәселеде, жағдайда сол қуысты толтыруды мақсат етіп те жүргеніміз шамалы.

* * *

Сабыр дегеннің орысша дәлме-дәл лексикалық баламасын таппадым, бірақ сабырсыздық туралы айтыл­ған ой, идеялар Ресей мәдениетінде жеткілікті. Жазушы Ф.Достоевский жас кезінде социалистік бағыттағы үйірмелерде болып, соның нәтиже­сінде қуғындалып, біраз жыл Семей қаласында тұрғаны белгілі. Оның 1872 жылы «Бесы» деген романы жарық көрді. Ол «бесы» (жын) деп сабырсыз, тағатсыз революцияға, яғни қиратуға құмар жандарды айтқан. Қирату, бұзу, жою үстемдік алса, оның орнына қандай «құндылық» орнықпақ деген мәселе, сірә қаламгерді ойлантқан. Адамзат тарихы басталғаннан үзілмей келе жатқан сабақтастық бар, ол ізгілік (гуманизм). Түсінікті тілге салсақ, адам болып туған соң, адамша ғұмыр кешу. Адамзат саны өсіп, санасы өрбіген сайын бұл мәселе күрделеніп барады. Оның үстіне технология жетіліп, ақпарат молайған сайын адам боп өмір сүру ауырлай түсті. Ізгілік ой, ізгілік іс, ізгілік харекет үстем болуы үшін ар, намыс дегендер болмаса, адамшылықтан не қалмақ?

Осында екі мәселеге жұрт назарын аудармақпын. Бірінші, орыстың «честь» деген сөзі намыстан гөрі ар дегенге жақындайды. Арсыз болуға құқылық, бұл ілімнің өзегі. Осы ілімді насихат­та­­сақ орыс адамын соңымыз­дан ертіп кете­міз дейді; кейінірек, солай болды емес пе? «Қызылдар» соңына ергендер осы намыссыздар, арсыздар десек қалай? Орыс халқын, украин халқын, қазақ халқын тағы да басқа халықтарды қызыл қанға бөктірген, қызыл қырғын жасағандар Фёдор Достоевский айтып отырған арсыздар болмағанда кімдер еді?

Екіншіден, Верховенский деген Ставрогинге енді соңына кісі ерту үшін керегі «побольше мрачности», одан басқа еш нәрсе қажеті жоқ, бұл сонша қиын іс емес дейді. «Мрачность» дегенің қазақша түсініктемесі – хас надандық. Надандық, топастық насихатталса, болғаны соңынан айтқаныңа көнетін, алдағанға сенетін тобыр еріп жүре бермек, жолдағысын баса-көктеп, тасқын болмақ. Бұл сабырсыздықтың ең тұрпайы түрі. Алда осындай кесепат үстемдік құратын «Шайтан тағына» отыратын заманды Фёдор Достоевский болжай алған.

* * *

Абай айтқандай хакім, даналар әр халықта бар, мәселе – соларды тыңдауда. «Жындар» (бесы) билік құрғанда, қайдағы дұрыс сөз тыңдау? Сөз орнына қару алғанда қасірет басталмақ, сананы шайтан билеп, жайлап алғанда сабырсыздық заманы орнамақ, Құдай содан сақтасын!

Қазіргі қоғамның сондай дертінің бірі сыбайлас жемқорлық – қызыл көзді шайтандық (нәпсі құмарлық). Ақшаға бәрі сатылады. Ақша бәрін тауарға айналдырады, оның ішінде адамдар да тауарға айналып сатылады. Міне, бұл – жемқорлық. Жемқорлық болмаса адам сатылмақ емес. Сыбайлас жемқорлық деген – қиянат. Осы тақырыпқа қатысты Шәкәрімде бір сюжет бар.

Сөз Шәкәрімнің «Наушеруан» аңда жүріп киік атқан» сегіз шумақтан тұра­тын қиянат мәнісі туралы насихат өлеңі туралы. Наушеруан патша аңда жүріп бір киік атып алады. Ет пісіріп жеу үшін тұз қажет болған. Патша жақын жердегі елді мекенге бір көмекшісін тұз алып келуге жібереді де, ол кетіп бара жатқанда тұздың құнына лайық ақша береді. Қасындағы уәзірі бұған таңғалып «шымшым тұз бір тиынға татымайды» дейді. Патша Наушеруанның уәзіріне айтқаны: «Басшы алса бір алманы баға бермей, қосшы құртар алманың түп-тамырын» дейді.

Тәртіп ең алдымен басшыға керек. Шәкәрім бұл халды былайша баяндаған:

Мен алсам елдің жалғыз жұмыртқасын,

Кесерсің мың тауықтың сендер басын

Сүйте-сүйте ашылып арандарың,

Ағызарсың бұл елдің қанды жасын.

Тәртіп бұзу, қиянат жасау – сабырсыздық. Сабыр түбі – сары алтын, оған ең алдымен билік төзімі қажет. Халық төзеді, бірақ ұзақ төзе берсе, билік аза бастауы мүмкін.

* * *

Әзәзіл – менменшіл. Даңғазалық оның өмір сүру қалпы. Ол туралы орыс ақыны Михаил Лермонтов «Демон» деген поэмасында айтқан. Абай осы поэманың он шумағын еркін аударған. Өлең «Шайтан» деп аталып, «Мұңлы шайтан – құдайдың құған жаны» деп басталып, шайтанға «мінездеме» берген. Оның періштеден әзәзіл шайтанға өткен өзгерісін (трансформациясын) былайша бейнелеген:

Ол күнде көз жетпесті көп көздеген.

Түгел білем қайда екен деп іздеген.

Жапа-жалғыз білімнен бақ шықпайды,

Өлшеусіздің сыймасын бір сезбеген.

Шайтан «көз жетпесті іздеген», ол оның ісі емес еді, «шайтан түгел білем» деген, ол да оның ісі емес, түгел білуші Алла Тағала. Ол Алла Тағала білімі. И.Канттың айтып жүрген априориы осы Алла Тағала білімі.

Шайтан білімді, тіптен «ақылды», бірақ ол «білімнен бақ шығара» алмайды. Шайтан «өлшеусіздік» дегеннен мақұрым. Өлшеусіз бір Алла Тағалаға тән, оны шайтан қайдан білмек. Сөйте тура ол менменшіл, сабырсыз оның ойын Абай былай деп нақты ашып берген:

Босағасы кең еді, төрде орын тар,

Төрде жалғыз отырмақ ойында бар.

Жалғыздың бір тәңірінің сыбағасы,

Өршілдікпен лағнетке болған душар,

– деп айтқан сабырсыздық дегеніміз осы.

* * *

Абайдың ақыл жинап қырықтан ас­қан кезі. Сабырсыздық елді әбден жай­лаған. Сабырсыз пысықтар «атқа мінген». Жұрт жүдеу. Билік – орыста. Бүкшең қаққан қазақ. Сонда Абайдың айтқаны:

Сабырсыз, арсыз, еріншек,

Көрсе қызар жалмауыз.

Сорлы қазақ сол үшін,

Алты бақан ала ауыз.

Заман портреті. Осы сөздердің бүгінгі күнге қатысы бар ма? Шәкәрім қажы айт­қандай, заман өткен сайын адам­ның адамшылығы түзеліп бара ма, бұзы­лып бара ма? Ұялы телефоны­мызбен Еуропа, Америка, Түркия, Ма­лайзия елдерімен қолма-қол, ауызба-ауыз сөйлескенімізбен, соларға жақын­дай алдық па? Мүмкін жақындармыз да, мәселе онда да емес, адамшылығы­мыз, қазақтығымыз түзеліп бара ма? Ойлап кетсең, ой құшағынан шыға алмай қаласың. Заманды сабырсыздық жайлап барады. Мұндай жағдайда адамшылық, қазақтығымыз қалай сақталмақ?

* * *

Біз адамшылық дегенді шөл далаға айналдырып алғанбыз. Шөл далаға су қажет. Шөл далаға гүл аралас шөп өсуі керек еді. Тәуелсіздіктің отыз жылы ішінде шөл далаға гүл аралас шөп өсіруде нендей жемісті істерге қолымыз жетті. Рух әлемі қанаттанды ма? Ата-бабалар сөзі күнделікті айтатын мақал-мәтелге айналды ма?

Маған бір орыс әріптесім айтып еді:

– Сіздерде неге Абай, біздегі Пушкин секілді емес. Біз сөз арасында Пушкин айтты дегенді жиі қолданамыз, ал сіздер Абай туралы жақ ашпайсыздар?

Ойланып қалдым. Бүгінде Абай өлеңдерін, қара сөздерін жатқа оқитын жастар шығып келеді. Тәубе, қанағат.

Бірақ Абайды ұлтқа тегіс ұстаз болатындай дәрежеде бағалай алмай жүргеніміз де шындық. Біреу «алтын» десе, енді біреулер қолындағы «бақырын» көрсетіп қалатыны сияқты психологиялық хал бары тағы да анық.

* * *

Дәл қазіргі заманға сабыр керек. Сабыр өлім қасіретін сейілтуші сана. «Сабыр түбі – сары алтын» деген байламға қандай жағдайда да келгенбіз. Бірақ мәнсіз-мағынасыз әлде неге алдану, жоқ нәрсені жұбаныш санау, көнбістікті дәріптеу, өзгелерге бас иіп жалпақтау, жалп-жалп етіп бір көрінген «жылтырға» еліктеу, елінің «шылбырын» әлде кімге ұстату, ескі кеңес заманынан құндылық іздеу секілді істерден аулақ болуымыз керек.

Сабыр – азамат санасы. Азаматтық сана. Сабырсыздық – асығыстық. Заман, шаруа, мінез өзгермей тұрмайды. Өзгеріс деген әлемдік, тіптен ғаламдық құбылыс. Сол өзгерісті танып білуде, нәтижелі іс, қарекет етуде ең алдымен керегі сабыр санасы. Бұл тұрақтылық, бейбітшілік, жер бетінде адам боп өмір сүру философиясының субстанциясы.

Ғарифолла ЕСІМ,

академик, жазушы