Смарт-сағаттар мен фитнес-трекерлер заманы келгенде, адам күніне қанша қадам жүргенін бақыламай өтпейтін болды. Кейде 10 000 қадам жүріп, қуанып қаламыз, ал кейде 2000 қадам да жасамағанымызға қысылып қаламыз. Дегенмен, салмақ тастап, денсаулықты жақсарту үшін күніне нақты қанша қадам жасау қажет? Бұл туралы Massaget.kz тілшісі Telegraph-қа сілтеме жасап жазады.

Тәулігіне 2000 қадамның жүрекке пайдасы қандай?

Халықаралық ғалымдар тобы 111 мыңнан астам адамның медициналық деректерін зерттеп, күнделікті жүріс пен денсаулық арасындағы байланысты анықтады. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, денсаулыққа ең төменгі тиімді қадам саны 2000–3000 аралығында, бұл шамамен 1,6 шақырым жүрумен тең.

Америкалық кардиология колледжінің журналында жарияланған зерттеуде 2517–2735 қадам жүретін адамдардың жүрек ауруларына шалдығу қаупі күніне тек 2000 қадам жүретіндермен салыстырғанда 11% төмен болатыны анықталған.

Сидней университеті жүргізген басқа зерттеуде 2200 қадам жүрсеңіз де жүрек денсаулығына оң әсер етіп, мезгілсіз өлім қаупін төмендететіні көрсетілген.

"Күніне 8–10 мың қадам жасауға кеңес береміз, бірақ отырықшы өмір салтын ұстанатындар үшін бұл қол жетпес мақсат болуы мүмкін. Сондықтан ең бастысы – шынайы мақсат қойып, біртіндеп денеңізді үйрету", – дейді зерттеуші Мэтью Ахмади.

Ми денсаулығы үшін қанша қадам қажет?

Сиднейлік ғалымдардың зерттеуінше, 4000 қадам мезгілсіз өлім қаупін 20 пайызға төмендетеді, әсіресе орта жастағы адамдар үшін. Ал 4000–5000 қадам когнитивті функциялар, яғни ойлау, есте сақтау қабілеттерін сақтау үшін маңызды.

Бұған дейін 78 мың британдықтың қатысуымен жасалған зерттеу күніне 3800 қадам ми белсенділігін сақтау үшін ең аз мөлшер екенін дәлелдеген. Бұл қадам саны деменция қаупін 25% азайтады.

"Бұл – күн сайын 35–45 минуттық жеңіл немесе орташа қарқынды қозғалысқа тең. Қан айналымын жақсартып, мидың глюкозаны сіңіруін жақсартады және нейрондардың өсуіне қажет заттардың бөлінуін арттырады", – дейді доктор Борха дель Поцо Крус.

7000 қадам — көңіл күй мен депрессия қаупіне әсері

Күніне 7000 қадам жүру – көңіл күйді жақсартып, депрессияның алдын алуға көмектесетін шек. Бұл шамамен 4,8 шақырым жүруге тең. Зерттеулерге сәйкес, күніне 7000 қадам жүрген адамдарда депрессия қаупі 31% төмен.

"7000 қадам — белсенді өмір салтының белгісі. Ал 5000 қадамнан аз – отырықшы өмір салты. Қазіргі зерттеулер 7000–10000 қадам аралығы депрессиядан қорғайтынын көрсетеді. Ал 10 мыңнан артық қадам психикалық денсаулыққа қосымша пайда беретіні дәлелденбеген", – дейді зерттеуші Бруно Бизоццеро Перони.

Сондай-ақ 7126 қадам жүретін адамдардың жүрек ауруына шалдығу қаупі 51% төмен екені анықталған.

Денсаулық үшін 10 000 қадам міндетті ме?

10 000 қадам — шамамен 8 шақырым жүру деген сөз. Бұл бәріне бірдей оңай емес. Кей зерттеулер 9800 қадам деменцияның алдын алу үшін "оптималды мөлшер" екенін айтады. Алайда көптеген пайдасы 9000 қадаммен шектелуі де мүмкін.

"Көп қадам – тамыр жұмысының жақсаруы, ми нейрондарының байланысының көбеюі, қабынудың азаюы. Яғни когнитивті қабілеттерді сақтау үшін маңызды", – дейді доктор Борха дель Поцо Крус.

Салмақ тастау үшін қанша қадам қажет?

Артық салмақтан арылу үшін тек қадам саны емес, калория тапшылығы маңызды. Яғни, жейтін калориядан көп калория жағу керек.

"Иә, 10 000 қадам салмақ тастауға көмектеседі. Бірақ ең бастысы – жаттығудың интенсивтілігі. Міндетті түрде жүгіріп немесе спортпен айналысу қажет емес, жай қозғалысты күшейтсеңіз жеткілікті", – дейді доктор Ахмади.

Жаяу жүру калорияны көп жаға ма?

Бұл салмағыңызға байланысты. Ауыр салмақты адамдар қозғалу кезінде көбірек энергия жұмсайды, сондықтан калорияны да көбірек жағады.

⚠️ Назар аударыңыз! Бұл мақала тек ақпараттық мақсатта берілген. Кез келген өмір салтын өзгертер алдында міндетті түрде дәрігермен кеңесіңіз.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Logotype Massaget