Оқу-ағарту министрлігі "100 жаңа есім – 100 новых лиц" айдары аясында еліміздегі талантты жастарды таныстыруды жалғастыруда. Солардың бірі минутына 17 мың сөз оқи алатын ақтаулық оқушы Самир Валерий, деп хабарлайды ведомствоға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Министрліктің мәліметінше, екі жыл бұрын 6-сынып оқушысы Самир минутына 90 сөзден артық оқи алмайтын. Алайда жүйелі жаттығулар мен ұстазының қолдауының арқасында көрсеткішін едәуір жақсартқан. Қазір оның оқу жылдамдығы минутына 16-17 мың сөзге жетеді.
Самир эффективті жылдам оқудың арқасында бір күнде екі кітапты оқып бітіре алатынын және түсініп оқитынын айтады.
"Ақпаратты жоғары жылдамдықпен қабылдау Самирге сабақта өзіне сенімді болуға және тек гуманитарлық пәндерде ғана емес, нақты ғылым пәндерінде де жетістікке жетуге көмектесіп жүр.
Самир сыныптастары арасында ұйымшыл, мақсаткер және жауапты оқушы ретінде танымал. Ол мектеп өміріне белсене араласып, көшбасшылық қабілетін де көрсетіп жүр", — дейді министрлік өкілдері.
Қалалық және аудандық олимпиадалардың жүлдегері, 2023 жылы мектебінде "Жыл оқушысы" атанған Самир Валерий болашақта білім, өнер және спорт салаларында өзін танытқысы келеді.