Астана жастары Мемлекеттік тудың сұлбасын жасады . Рәміздер күніне арналған ауқымды инсталляция қала тұрғындарының назарын аударды. Жалпы бұл күні бас қала әкімдігі бас-аяғы 400-ден астам мерекелік шара ұйымдастырды. «Менің байрағым» мәдени шарасы патриоттық пен азаматтықтың бірегей үлгісін көрсетті.
Мемлекеттік рәміздерге деген құрмет Отанын сүйетін әр азаматтың жүрегінде. Оны бүгін өткен іс-шарадан анық байқадық. Астана әкімдігі мен дарынды жастардың 3 мың текшеден құрастырған көк байрағы тұрғындар мен қала қонақтарына ерекше көңіл күй сыйлады. Бұл ғана емес, бүгін шаһардың шырайын келтірген шаралар легі көп болды.
Сәкен Есіркеп, қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы:
- Қаламыздың ірі даңғылдарында, көшелерінде, үйдің қас беттеріне, балкондарына Қазақстанның Мемлекеттік туын іліп жатырмыз. Бұның барлығы – көрген кезде керемет бір көңіл күй сыйласын деген мақсат. Сонымен қатар 1,5 мыңға жуық қаланың көшелеріне Қазақстанның туының символикалары бар көк жалаушаларды іліп жатырмыз. Іліп қойдық бүгінге дейін.
Мемлекеттік рәміздерді насихаттауға арналған шара Бәйтеректің маңындағы патриоттық концертке ұласты. Сонымен қатар тұрғындарға 3000-ға жуық жалауша таратылды. Арнайы викториналық сұрақтар қойып, сый-сияпат жасалды.
Жанерке Қанапия, қала тұрғыны:
- Осы Елтаңба, Ту, әнұранымыз – барлығын қадірлеймін. Сондықтан осы жастар қадірлеп, керісінше, дамытып, оларды халыққа көрсету керек деп ойлаймын. Мысалға, бүгін 3 мың ту тараттық. Яғни осы Еуропадан келген адамдарға, Индиядан келген адамдарға біздің туымызды беріп көрсетіп, оларда қызығып қарап тұрды.
Мемлекеттік рәміздер – Қазақстан тарихындағы маңызды күн. Бұл күн – егемендігіміз бен ұлттық бірегейлігіміздің нышаны. Рәміздерді құрметтеу – әрбір қазақстандықтың борышы.
Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Мерей Талап