Бүгін түнде Түркияның оңтүстігінде жер сілкініп, салдарынан бір жасөспірім қыз көз жұмды, деп хабарлайды РИА Новостиге сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Басылымның Түркия ішкі істер министріне сілтеме жасап жазуынша, жер сілкінісі Астана уақытымен 05:17-де Түркияның Мармарис курортының маңында тіркелген.
Жер сілкінісінің ошағы 67 шақырым тереңдікте орналасқан.
Түркия ішкі істер министрі Али Ерликаяның мәліметінше, жер сілкінісі салдарынан 14 жастағы қыз үрейден көз жұмған.
Оның айтуынша, жерасты дүмпулері Мугла провинциясы мен басқа да аймақтарда сезілген. Төтенше жағдай кезінде ғимараттар, басқа да нысандар қирамаған. Алайда зардап шеккендер бар.
"69 адам зардап шекті. Олар қорқыныштан биіктен секірген, қазір зардап шеккендердің 46-ы ауруханада жатыр", — дейді Али Ерликая.
Естеріңізге сала кетейік, биыл сәуірде Түркияда магнитудасы 6,2 болатын жер сілкінісі тіркелген еді. Ол кезде жер сілкінісінің ошағы Стамбұл провинциясының Силиври ауданында болды.
Кейін жер сілкінісі салдарынан Өзбекстан азаматының қаза болғаны хабарланды. Өзбекстанның Түркиядағы елшілігінің өкілдері ер адамның өліміне жер сілкінісі кезінде қатты қорқыныштан туындаған жүрек жеткіліксіздігі себеп болуы мүмкін екенін мәлімдеді.