Таңғы ас ішуден уақытша тыйылу көрек. Тағамтану мамандары созылмалы сырқаты бар адамдарға осындай кеңес беріп отыр. Азанда ашығу қант диабеті , қан қысымы жоғары жандарға пайдалы. Дегенмен мұндай ем-домға диетолог-дәрігер келісімімен ғана кірісу керек. Ал таңғы асты тұрақты ішетін тұрғандар қандай тағам түрлерін тұтынып, неден бас тартуы қажет?

Таңғы ас ішкен адам күні бойы сергек жүреді. Шаршау, ұмытшақтық, зейіннің төмендігі секілді мәселелер болмайды. Сөйте тұра, кей кісілер үшін бұл әдеттен уақытша бас тартқан абзал. Дәрігерлер: «Таңғы ашығу түрлі сырқатқа ем, дертке дауа», – дейді.

Марал Алмағанбетова, жалпы тәжірибелік дәрігер, диетолог:

- Таңғы ас жемеген кезде қандағы инсулин гормоны, қандағы глюкоза төмендейді. Соған байланысты қабыну процестері де азаяды. Содан кейін иммуноглобулин жоғарылайды. Бұл дегеніміз – біздің иммунитетімізге жауапты жұмыс жасайтын, әртүрлі инфекциялардан қорғайтын ағзамыздың күзетшілері. Сол иммуноглобулиннің жұмысы жоғарлайды, себебі ағзадан жүктеме түседі.

Таңғы асқа қандай тағам түрін тұтынған дұрыс? Мамандар тамақтанудан бұрын жылы су ішуді кеңес етеді. «Ал тамаққа құрамында көмірсуы көп, белокқа бай, майсыз ас ішу керек», – дейді.

Бағай Назарбайұлы, АМУ академик Даленов атындағы ҒЗИ қызметкері:

- Таңғы асты біз қалай ішуіміз керек? Таңғы аста күрделі көмірсулар, белок, май қамтылатын тағам түрлері болуы тиіс. Көмірсуларға, мысалы, дәнектерден жасалған ботқалар, сұлы, арпа т.б. жатады. Белок үшін суға пісірілген жұмыртқа, йогурт қамтылған ас түрі болған жөн.

Ал кешкі асқа, керісінше, құнары төмен, тез қорытылатын тағам түрлерін тұтынған абзал. Алайда таңның атысынан, кештің батысына дейін үйінен қонақ арылмайтын қазақтарға кешкі дәмнің орны ерекше. Ет асып, қазан көтеру – қалыпты һәм үйреншікті іс.

Бағай Назарбайұлы, АМУ академик Даленов атындағы ҒЗИ қызметкері:

- Қазақта мақал бар: «Таңғы асты асыра же, түскі асты батыра же, кешкі асты тарта же», – деген. Енді қазақ ет жеген кезде оны қорыту үшін не істеді? Тамақ сіңірілу үшін қимыл-әрекет болған. Қозғалыс көп болған. Сонымен бірге күрделі тағамдарды жеген кезде айран, сүт, қымыз ішкен. Бұл да астың жақсы қорытылуына көмектесетін жақсы сұйықтық.

Иә, бұрынғылар жатар орынға ағарған ішкен. Себебі сол кешкі астың тез қорытылуына көмектеседі. Мұны атам қазақ білген, дәрігер де қоштап отыр. Ендеше сіз бен бізде қаперде ұстағанымыз абзал.

Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Ербол Дайров.