Қасым—Жомарт Тоқаевтың баспасөз хатшысы Руслан Желдібай әулетінің басынан өткен қиындықты айтты. Тіптен ол ертеректе тегін де өзгерткісі келген, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық агенттігі.
Айтуынша өзінің ата-бабалары саяси қуғын—сүргіннің құрбаны болған.
«Мектепте оқып жүргенде тегімді өзгерткім келетін. Атамның есімі Егемберді, біздің әулетте көпшілігіміздің тегі солай. Ал менікі арғы атамның тегі. Сол себепті тегімді Егемберді деп жаздырғым келген еді.
Бірақ бір әңгіме бәрін өзгертті. Әкем арғы атамның тағдырын айтып берген. Ол кісі дәулетті, елге сыйлы болған екен. 1930 жылдары Советтік биліктің саяси қуғын-сүргініне ұшыраған. Қайда жерленгенін де нақты білмейміз, тек шамамен ғана болжаймыз. Әжемізден де хабар жоқ.
Атам сол кісінің жалғыз ұлы, тағдырдың тәлкегімен жетім қалған. Нағашы атам да сол қуғын-сүргіннің құрбаны», — деп жазды ол.
Айтуынша, жақындары Сталиндік қуғын, жазалау кезінде бір бірлерінен ажырап қалған. Ал аталары сол қалпы оралмаған.
«Апам туған сіңілісінен көз жазып қалып, екеуі арада 40 жыл өткен соң, 1972 жылы ғана бірін-бірі қайта тапқан. Екі атамды да атылғандармен, түрмеде көз жұмғандармен бірге белгісіз жерге көме салған деген хабарымыз бар.
Бұл менің ғана емес, мыңдаған қазақ отбасының тағдыры», — деді Руслан Желдібай.
Қазақты зиялылары түгелге жуық атылып, жазықсыз жандар қудалауға ұшыраған құрбандарды еске алу күні.
«Біз жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыраған мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, ғалымдар мен дәрігерлердің, сондай-ақ, олардың туыстары мен жұбайларының есімін ұмытпауымыз керек. Бірақ қандай ауыр болса да, өткен күндердің қасіреті еліміздің дамуына, өсіп-өркендеуіне кедергі болмауға тиіс.
Қазақ халқы тәуелсіз және егемен ел болу жолында сан түрлі қиындықты артқа тастап, көптеген сын-қатерді еңсерді. Сондықтан, тәуелсіздік – бәрінен қымбат қастерлі ұғым екенін санаға сіңіруіміз қажет.
Жалпыұлттық бірлігімізді көздің қарашығындай сақтап, мемлекеттігімізді нығайту маңызды. Тағы да қайталап айтамын: өткенді ұмытпай, төл тарихымызға құрметпен қарау – дұрыс, демек, біз тек алға қарай жүріп, жарқын болашаққа ұмтылуымыз керек», — деген еді Президент Тоқаев.
Біз бұны ұмытпауымыз керек. Есте сақтау парыз.
«Бірақ өкініш пен ызаға бой алдырмай, болашаққа қарап, мемлекетімізді дамыту аманат.
Себебі біз солар армандаған, бірақ жете алмаған Тәуелсіздіктің ұрпағымыз. Ендеше, оның қадірін білу біздің міндетіміз», — деп жазды Президенттің баспасөз хатшысы.